Руханият

«Үркердің» сыйлығын үркердей топ алды

Елордадағы «Қазмедиа» орталығында Байланыс және ақпарат қызметкерлері күні мерекесінде осымен екінші рет өтіп отырған «Үркер» сыйлығының жеңімпаздарын марапаттауға арналған салтанатты кеш өтті.

Биылғы байқау өткен ғасыр басында сайын даланың үні мен құлағы болған «Қазақ» газетінің 105 жылдығына арналды. Осы жылы конкурсқа қатысқан үміткерлер саны да мол болған. Олар он төрт аталым бойынша сынға түсті. Онда БАҚ-тың барлық саласы қамтылды. Келген материалдарды сараптан өткізген қазылар құрамы да елге белгілі азаматтардан жасақталған.
Енді кезекті жүйріктерге бере­йік. «Үздік фотосурет» аталымында Тұрар Қазанғапов (Tengrinews.kz), «Үздік репортаж» аталымында Илья Астахов (Today.kz), «Үздік сұхбат» аталымында Гүлзина Бектасова («Айқын»), «Қазақстан туралы үздік танымдық материал» аталымында Яков Федоров (Yvision.kz), «Үздік аймақтық баспасөз басылымы» аталымында «Жетісу» газеті, «Үздік республикалық баспасөз басылымы» аталымында «Егемен Қазақстан» газеті топ жарды. «Үздік халықаралық сараптамалық материал» номинация­сында Сәуле Исабаева (ЦентралАзияМонитор), «Үздік сараптамалық материал» аталымында Әсел Мұқанова («Казахстанская правда») жеңіске жетті. «Үздік журналистік зерттеу» аталымын Асқар Джалдинов (Time.kz) алды.
«Үздік аймақтық радиостанция» аталымында «Жұлдыз FM» радиостансасы, ал «Үздік қазақстандық радиостанция» аталымында «Шалқар» радиосы иеленді. «Үздік интернет БАҚ» аталымында «Informburo.kz» сайты озып шықты. «Үздік вайн» номинациясын Нұрлан Батыров алды. «Астананың 20 жылдығына арналған материал» аталымында белгілі журналист, кезінде «Астана ақшамы» газеті бас редакторының орынбасары болған Ғалым Омарханның асығы алшысынан түсті. Барлық жеңімпаздар қомақты қаржылай жүлдемен марапатталды.

 

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button