ӘлеуметБасты ақпарат

ТАТУЛЫҚТЫҢ ТYПҚАЗЫFЫ



fcc

Бүкіл қоғамдық жүйемен үйлесімді қарым-қатынас орнатып, ұлттық саясаттың институционалдық деңгейге көтерілуіне қол жеткізген Қазақстан халқы ассамблеясы бүгінде ел ішінде үлкен беделге ие. Оның жұмысы жылдан-жылға жанданып, қоғамнан ғана емес, халықаралық қауымдастықтардан да жоғары баға ала бастады.

1990 жылдардың басында Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың сара саясатымен тарихи тағдыры ортақ этностарды бір құрылымның астына біріктіру бүгінде ұлтаралық қатынастың қазақстандық моделінің басты өзегіне айналып отыр. Елде өзара түсіністік, татулық, береке, бірлік салтанат құрды. Міне, біздегі ауыз толтырып айтар бүгінгі оң жетістіктер осы татулықтың тұғырға нық тұруынан бастау алатыны рас. Сондықтан, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы: «Мені небір қиын күндері демеп жүретін – халықтың қолдауы, Қазақстандағы ұлттар мен ұлыстардың достығы. Біз қоғамда қалыптасқан саяси тұрақтылықты, ұлттар арасындағы ауызбіршілікті, ағайын арасындағы сыйластықты, адамдардың бір-біріне деген мейі­рімділігін көздің қарашығындай сақтауды балаларымыздың балаларына аманат етіп қалдыруға тиіспіз!» деп атап көрсеткен болатын. Әр қазақстандық үшін «татулық, достық, ұлтаралық келісім» деген сөздердің мәні мен маңызы айырықша екендігі дәлелдеуді қажет етпейтіні осыдан.

Айту керек, этносаралық қарым-қатынастар ахуалына болжам жасау мен осы саладағы кез келген келеңсіздіктердің алдын алуда Қазақстан халқы кіші ассамблеяларының қосып отырған үлесі зор. Әсіресе, олар ұлттық мәдениетті жаңғырту мен сақтаудың тарихи тәжірибесін жетілдіріп, ұлттық мәдени орталықтардың жұмысын жүйелеуде қоғамдық және мәдени өмірге етене араласып, этнобірлестік мүшелерімен тығыз қарым-қатынас орнатқан.

Осы негізде Қазақстан халқы ассамблеясы Астана қалалық филиалының нәтижелі атқарылып отырған жемісті жұмыстарын атап көрсетуге болады.

Қалалық ассамблея этномәдени бірлестіктердің жұмысына қолдау көрсетіп, олардың тілін дамытып, тарихы мен салт-дәстүрлерін, ұлттық мәдениетін өркендетуге кеңінен жол ашып келеді.

Жыл басында этносаралық татулық пен келісімді одан әрі нығайту жөніндегі іс-шаралар жос­пары бекітілді. Осы жоспарға сәйкес семинарлар мен түрлі басқосулар, «дөңгелек үстелдер» өткізіліп тұрады. Мәселен, жыл сайын ұлыстың ұлы күні «Наурыз» мейрамы мен 1 мамыр – Бірлік мерекесіне орай ұлттық бірлік пен қоғамдық келісім, этносаралық, конфессияаралық қарым-қатынастар сөз болған  басқосуға қаладағы жиырма төрт мәдени орталықтың жетекшілері қатысып, өз пікірлерін ортаға салады. Кіші ассамблея мүшелері көпшілікке ұлттық тағамдары мен салт-дәстүрлерін ұсынады. Сондай-ақ, 2008 жылы қабылданған Қазақстан Республикасы «Қазақстан халқы ассамблеясы туралы» заңының орындалуы, ассамблеяның даму стратегиясы мен Қазақстан халқы ассамблеясының он тоғыз жылдық қызметіндегі сессияларының шешімдерінен туын­дайтын міндеттер, Қазақстанның ел бірлігі доктринасы да этномәдени орталық жұмысының басты бағдары болып келеді.

БЕДЕЛСӨЗ

Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ:

Мені небір қиын күндері демеп жүретін – халықтың қолдауы, Қазақстандағы ұлттар мен ұлыстардың достығы. Біз қоғамда қалыптасқан саяси тұрақтылықты, ұлттар арасындағы ауызбіршілікті, ағайын арасындағы сыйластықты, адамдардың бір-біріне деген мейірімділігін көздің қарашығындай сақтауды балаларымыздың балаларына аманат етіп қалдыруға тиіспіз!

Жалпы алғанда, татулықтың қазақстандық үлгісінің негізінде елді ұйыстыруды көздейтін «әр алуандықтың бірлігі» қағидасы жатыр. Мәдени әр алуандықты сақтау мен дамытуға этностардың тілдері мен мәдениетін дамытуға қала әкімдігі үлкен қамқорлық жасайды. Соның бір айғағы, этносаралық қатынастар жүйесінде мемлекеттік тіл, яғни, қазақ тілі – ел бірлігін қа­лыптастырудың маңызды факторы ретінде танылуда. Сонымен бірге, бас қалада тұрып жатқан барша ұлттардың тілдерін дамытуға қажетті мүмкіндіктер туғызылып, ынталылар үшін мемлекеттік тілді оқытудың тетіктері белгіленген.

2014-2015 оқу жылында он бір жексенбілік мектептің жұмысы одан әрі жандана түсті. Ал, мемлекеттік тілді оқытуда мәдени бірлестік басшылары мен олардың мүшелеріне «Руханият» орталығы базасында 8 оқыту тобы ұйымдастырылып, оған қазір 90 тыңдаушы қатысуда.

Қалалық ассамблея жұмысының тағы бір маңызды бағыты – шека­рааралық әріптестік, яғни, мем­ле­кетімізде тұрып жатқан этностық топтардың тарихи отандары болып табылатын мемлекеттермен қарым-қатынас орнату. Бұл бағытта Кіші ассамблея Татарстан халық ассамблеясымен қарым-қатынасты тиімді дамыту үстінде болса, Қырғызстан халық ассамблеясымен қол қойылған келісім Орталық Азия аймағындағы әріптестіктің жаңа бағытын айқындап бергені де анық.

Қорыта айтқанда, қаладағы сан ұлт пен ұлыстың басын біріктіріп, оларды бір мүдде, бір мақсатқа жұмыл­дырып келе жатқан кіші ассамблея біздегі ұлтаралық татулықтың түп­қазығына айналуда.

Сағи ОРАЛ




Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button