Басты ақпарат

Тәуелсіз елдің туын биік ұстайық!



Биыл тәу етер киеміз – тәуелсіздігімізге 28 жыл толады. Тәңірдің өзі тарту еткен еркіндік әр қазаққа қандай бақыт әперді? Тәуелсіздігімізді баянды ету үшін не істеу керек? Осындай сауалдарды көп жылдар шетелдерде қызмет атқарған танымал дипломат, Сыртқы істер министрлігінің ерекше тапсырмалар жөніндегі елшісі Қайрат Лама Шарифке қойдық.Кеудемізді шаттық кернейтін күн

– Қайрат Қайырбекұлы, ­Қазақ елі биыл азаттығының 28 жылдығын атап өтеді. Сіздіңше, Тәуелсіздік күні қандай мереке? Шаттанатын күн бе, аза тұтатын күн бе, әлде жай ресми мереке ме?
– Бұл – кеудені шаттық сезімі кернейтін күн! 28 жыл бұрын қолымыз жеткен тәуелсіздік әр қазақтың басына қонған бақыт дер едім. Мәселен, егемендік маған не берді дегенге келейік. Тәуелсіздікке дейін өзімді тек арабтанушы маман болып өмір бойы жұмыс істеймін деп ойладым. Кеңес дәуірінде дипломат боламын деген ой үш ұйықтасам түсіме кірмепті. Ол кезде бұл арман ғана болатын. 90-жылдардың басында еліміз еркіндік алып, елшіліктер ашыла бастады. 28 жыл ішінде дипломатиялық қыз­метімде 3-інші хатшыдан елші дәрежесіне дейін өз еңбегіммен көтерілдім. Қазақстан өзін әлемге бейбітсүйгіш, достық қарым-қатынасты жоғары бағалайтын ел ретінде мойындатты. Сол себептен Тәуелсіздік күні мерекесін асыға күтемін. Мен әр жыл сайын Тәуелсіздік күніне дейін елімізді қалай көркейтеміз деп еңбек етіп жүрген ұлтжанды азаматтың бірімін.
– Неге біз 28 жылда саяси тәуелсіздік алсақ та, рухани тәуелсіздік ала алмай отырмыз? Әлі күнге дейін кеңестік санадан тәуелсіз санаға өте алмай келуіміздің себебі неде? Мемлекетшілдік, тәуелсіздік деген ұғымдарды санамызға сіңіре алмадық. Қазақстанда сананы отарсыздандыру процесі қашан жүргізіледі?
– Өз басым «Біз рухани жағынан кенжелеп қалдық» деген пікірмен келіспеймін. Адамның рухани жан дүниесі заңдармен, талаптармен шектелмейді. Рухани дамуымызға ештеңе кедергі бола алмайды. Ал екі қазақтың бірі екіншісіне орысша шүлдірлеп сөйлеп отырса, тә­уелсіздік жылдары мемлекеттік тілді үйренуге немқұрайлық танытса, ол – рухани таяздығының көрінісі. Рухани азықты әр адам өзі іздеп табады. Біреу Құраннан, екінші біреу батырлар жырынан, үшінші біреу Абайдың өлеңдері мен қара сөздерінен іздейді. Рух та, иман да әр адамның жүрегінде.
Тәуелсіздік таңы атқаннан Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жаңа буын ұрпақты рухани жетілдіру үшін «Мәдени мұра», «Рухани жаңғыру», «Ұлы дала елі» секілді көптеген игі бастамалар көтерді. Рухани қазық дегеніміз осы.
– Қазақстанда Ленин атындағы 352 көше бар. Кеңестен қалған атау, таңбадан тазалау­ды өзге ұлттардан неге үйренбейміз? Мысалы, Украинадағы Ленин ескерткіштерінің барлығы құлатылды. Ал біздегі компартия, қызыл әскер құрметіне қойылған елді мекен атаулары әлі сол қалпында тұр. Осы мәселені шешетін кез келді емес пе?
– Бұл мәселе егемендік алған күннен бастап тұрақты түрде шешімін тауып келеді. Мәселен, өзім туып-өскен Ертіс ауылында Ленин атындағы көшеге – Астана, Карл Маркс атындағы көшеге – Бөгенбай батыр, Герцен көшесіне – Желтоқсан, Калинин көшесіне Иса Байзақов есімдері берілді. Бұл үрдіс тәуелсіз Қазақстанның түкпір-түкпірінде өріс алуда.

Тәуелсіз елді білімді азаматтар құрады

– Желтоқсанның тәуелсіздік үшін қандай маңызы бар? Сіз Желтоқсанға қатыстыңыз ба? Желтоқсан ұлт-азаттық көтерілісі туралы қандай да бір тың деректер, мағлұматтар келтіре аласыз ба?
– Кейбір халықтар, елдер азаттығына қол жеткізу үшін жылдар, ғасырлар бойы күреседі. Бір ғасыр бұрын Алаш арыстары азаттығымыз үшін жанын шүберекке түйіп арпалысты. Сол күресте қаншама зиялыларымыз құрбан болды. Одан беріде тәуелсіздікті армандаған ақын-жазушыларымыз да қуғын-сүргінге ұшырады. Желтоқсан ұлт-азаттық көтерілісі болған кезде мен Йеменде аудармашы болып жұмыс істеп жүргенмін. Желтоқсанның қазақ жастарына, халқымызға әкелген қасіретін естіп-біліп, қабырғамыз қайысты. Алайда ұлттық намысты ту еткен қаһармандар тоталитарлық жүйенің шынжырын быт-шыт қылып үзді. Желтоқсанның тә­уелсіздік үшін маңызы аса зор. Оның айғағы – Елбасымыз 16 желтоқсанды Тәуелсіздік күні деп жариялады. Ұлық мейрамды осы күні атап өтуіміздің өзі азаттығымызды әперген Желтоқсан екенін айғақтап тұр. Көшелерге Желтоқсан атауы берілуде, желтоқсаншыларға деген құрмет те бар. Меніңше, Желтоқсанға ла­йықты баға берілді.
– Қайрат Қайырбекұлы, жуырда ғана бар қазақ 80 жылдығын атап өткен заманымыздың заңғар жазушысы, Қазақстанның Еңбек Ері Әбіш Кекілбайұлы ағамыздың «Тә­уелсіздікке жеткенге дейін оны көксеумен өтсе, тәуелсіздіктен кейінгі ғұмыр оны баянды етуді басты мұрат етеді» деген аталы сөзі бар. Тәуелсіздікті әрқайсымыздың жүрегімізде орнықтыру үшін әр қазақ тә­уелсіздікке адал қызмет етіп, оны баянды қылу үшін не іс­теуіміз керек?
– Біздің алдымыздағы ең басты мақсат – бабадан атаға, атадан балаға, ұрпақтан-ұрпаққа жеткен ең киелі, қастерлі ұғымды ұлықтап, көк байрағымызды биік ұстау. Тәуелсіздігіміз мәңгілік болуы үшін ұлттық санамыз бен намысымыз жоғары тұруы шарт. Бұрын атеистер адамды адам еткен маймыл деген теорияны миымызға енгізумен арпалысты. Кейін оны жұмсартып: «Адамды адам еткен – еңбек» дедік. Бірақ Әбу Насыр әл-Фараби бабамыз осыдан 11 ғасыр бұрын: «Адамды адам еткен – ақыл» деген ұлағатты сөз қалдырды. Тәуелсіз болу үшін ең алдымен терең білім керек. Әр қазақ баласы көп шет тілдерін меңгергені абзал. Қазақ – көп тілді үйренуге аса қабілетті халық. Дипломат, елші ретінде жас ұрпаққа айтар кеңесім, көп тілді меңгеріңдер. Мысалы, ағылшын тілін жетік білсеңдер, айдай әлемдегі жаңалықтарды оқып отырасыңдар. Сол арқылы өзіңді, еліңді дамытасың. Біздің ұрпағымыз әлемнің жетекші тілдерінде еркін сөйлесе екен деп армандаймын! Бірақ:
«Ана тілің – арың бұл,
Ұятың боп тұр бетте.
Өзге тілдің бәрін біл,
Өз тіліңді құрметте!» деп ­Қадыр Мырза Әлі ақынымыз өсиет сөз қалдырғандай, ең әуелі ана тіліңде сөйлеп, құрмет көрсет. Елбасымыз өзі айтқандай, латынға көшуді құптап, дәріптесек, әлемдегі алдыңғы қатарлы елдердің ішінде боламыз. Тә­уелсіздігіміз тұғырлы, еліміздің ертеңі жарқын болсын!

 


Тағыда

Төлен Тілеубай

«Астана ақшамы» газетінің шеф-редакторы

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button