Қоғам

Желтоқсан қаһармандары

Қазақ халқының ғасырлар бойы жүргізген ұлт-азаттық күрестерінің ішінде 1986 жылғы Желтоқсан ұлт-азаттық көтерілісінің алатын орны ерекше. Әрине, көтерілістің шығу себептері, сипаты, көтерілісшілерді жазалау, оны басқа көтерілістермен салыстыру туралы отандық ғалымдар көптеген еңбектер жазды. Олардың барлығы Желтоқсан қаһармандарының естеліктері, тергеу материалдары және мұрағат деректері негізінде жазылды.Желтоқсан көтерілісіне қатысты материалдарды Конституциялық соттың тыңдауларына дайындаған саясаткер Сабыр Қасымов ағамыздың мына пікірі ерекше құнды. Ол кісі: «Желтоқсан көтерілісі кеңес жү­йесі жағдайында алғаш рет Қазақстанның егемендігі мен тәуелсіздігіне деген халықтың қалауын білдірген болатын. Желтоқсандықтар уақыт сынына абыроймен қарсы тұра білді. Желтоқсан қаһармандары жаппай ұрып-соғу, қақаған аязда мұздай су шашу, иттерге талату, оларға қарсы әскери техника, сапер күректермен, со­йылдармен қаруланған милиция, курсанттар және арнайы әскер солдаттарының ерекше отрядын қолданғанына, жасақшылардың темір шыбықпен ұрып-соққанына, жаппай түрмеге қамағанына және т. б. қарамастан бірнеше күн бойы Қазақстанның түкпір-түкпірінде бір жерде ашық болса, бір жерде жасырын түрде халықтың ерік-жігері мен талап-тілегін білдіріп, рес­публиканың дербестігі, еркіндігі және егемендігі идеялары жолындағы жойқын күресті жалғас­тырды. Олар өздерінің денсаулығын, берекесін, тағдырын, тіпті өмірін құрбан етті!» дейді. ­Сабыр Қасымов: «Желтоқсан көтерілісі азаттықты аңсаған халықтың ұмтылысына бастау болып, жаңа тәуелсіз мемлекеттердің құрылуына, социалистік лагерьдің құлауына алып келді. Бұл өзгерістер нәтижесінде әлемдегі күштер балансы демократия пайдасына қарай өзгерді» деп жазды.
Елдің еркіндігін, Алаштың азаттығын ту еткен Желтоқсаннан біз алатын тағылым көп. Менің ойымша, Желтоқсан көтерілісі КСРО деген алып империяны тітіркентті. Бұл – бұрын-соңды болып көрмеген әрі құбылыс, әрі үлкен тарихи оқиға. Қазіргі кезде айтылып жүргеніндей, ұлт-азаттық көтеріліс бұрынғы Одақ көлеміндегі елдерге азаттық алуға жол ашып бергені рас. Сонымен қатар, Желтоқсан жаңғырығы күллі әлемді шарпыды. Соның бір дәлелі, «Варшава шартына» қатысушы мемлекеттер шынайы саяси-экономикалық және әлеуметтік реформалар жасауға кірісті. Түптеп келгенде, қазақ жеріндегі ұлт-азаттық қозғалыс әлемдік социа­листік формацияның күйреуіне ықпал етті. Меніңше, алдағы уақытта көтерілістің осындай тарихи маңызына көбірек көңіл бөлуіміз керек. Осы тақырыпқа ғылыми зерттеу жұмыс­тарын жүргізуге толық негіз бар.
Желтоқсанның жаңғырығы Еуропа елдеріне де кеңінен тараған. Мысалы, 1986-1987 жылдары Польшаның, Венгрия­ның, Болгарияның мерзімді басылымдары Алматыдағы ұлт-азаттық көтеріліс туралы ақпараттар таратыпты. Бұл туралы 2016 жылы елордада өткен «Қазақстандағы Желтоқсан көте­рілісінің тарихи және халықаралық маңызы»
атты халықаралық ғылыми-практикалық конференцияға келген поляк ғалымы, Азияны зерттеу институтының президенті Владислав Соколовский хабарлады. Елордадағы басқосуда 1987 жылы шілде айында Польшадағы «Ынтымақтастық» атты жасырын ұйым Халық қаһарманы Қайрат Рысқұлбековтің құрметіне пошта маркасын шығарғанын хабарлады. Маркадағы суретте шалқасынан түсіп құлап жатқан ер адамның бейнесінің үстіне: «Қайрат Рысқұлбековке рақымшылық жасалсын. Алматы. 18.06.1987 ж.» деп жазылған. Оның жанындағы М.Горбачевтің суретінің астында: «Ашықтық қайда?» деген сұраулы сөйлем жазылған. Міне, Желтоқсанның жаңғырығы Еуропа елдеріне де жеткеніне бұдан артық қандай дәлел керек?
Отанға, елге, жерге деген асқан сүйіспеншілік сезімін біз, бүгінгі жастар, кешегі желтоқсаншылардан үлгі етеміз. Желтоқсан – бұл ерлік пен елдіктің, бостандық пен тұтастықтың символы. Осыны әрдайым жадымызда ұстайық. Ал Қазақ елінің бостандығы мен тәуелсіздігі үшін жан аямай күрескен Желтоқсан қаһармандарын өз дәрежесінде ұлықтаймыз десек, құрбан болған қаһармандарды жалпы ұлт, мемлекет болып құрметтеуге тиіспіз. Бәлкім, бізге де шетелдердегідей жалпыұлттық құрметтеу күнін белгілеу керек шығар. Жас ұрпаққа патриоттық тәрбие беруде олардың ерлігі туралы әңгімелеп берейік. Желтоқсан көтерілісінің әлі күнге дейін мектеп оқулықтарына, орта арнаулы және жоғары оқу орындарының оқулықтарына жеке тарау болып енгізілмегені өкінішті. Алдағы уақытта осы олқылықтың орнын толтыруға тиіспіз. Желтоқсан қаһармандарына көшелердің аттарын беріп, ескерткіштер орнатып, ғылыми еңбектер шығарып, көптеп түрлі кинофильмдер түсіретін болсақ, ол да батыр ұл-қыз­дарымызды ұлықтауға жатады. Мәңгілік еліміз – кең-байтақ Қазақстанның басқа елдермен терезесі тең өркениетті мемлекетке айналуы үшін ең әуелі әрқайсымыз нағыз пат­риот болуға ұмтылайық! Ал Отанға деген шынайы патриотизмді желтоқсаншылардың өшпес ерлігінен үлгі ете аламыз.

Бектөре МАНСҰРОВ,
Жас ғалымдар қауымдастығының мүшесі

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button