ЖаңалықтарҚоғам

Тауық жылы, төрге шық!



Мешін төрін босатып, Тауық жылына тағын ұсынды. «Отқа оранған» Тауық осылайша келер жылдың иесі болмақ. Шығыс күнтізбесі бойынша 2017 жыл – Тауық жылы. Мүшел есебінің оныншы жылын қызыл немесе отты қораз жылы деп те атап отыр. Биылғы «оттай лаулаған» жылдың нендей қасиеті бар деген сұраққа жауап ізделік.

1

Шығыс болжамдары бойынша тауық ерте оянады, тәртіпті қадағалап, бақылайды. Сол себепті алдағы жылы қоғамдық өмірімізде өз жолымыздан жаңылмай, жаңашылдыққа талпынып, барлығын бақылауда ұстауға тырысқан жөн. Сонда ғана сәттілік үнемі біздің жағымызда болады.
Тауық әрекетсіз отыруға төзбейді, сол себепті барлық істе ұқыптылық пен тәртіп қажет. Тіпті, әрекет те ғана емес ойымызды да ретке келтіріп, алға қойған мақсатыңызға нақты жоспар құрыңыз. Тағы бір болжау бойынша, келер жылдың иесін – көшбасшы, өзіне сенімді, мақсатқа ұмтылғыш деп мақтап жатады. Ол кез келген күрделі жобаны оңай басқарып кете алады және қызметіне жан-тәнімен беріліп, өзіне де, өзгеге де талап қоя біледі деп мақтап жатады.
Содан да болар, Тауық жылында іскер жандар көптің алдына шығады. Егер сіз өз ісіңіздің шебері болсаңыз, барлық қасиетіңізді жайып салып, игілікті шаруаның басынан табылыңыз. Бұл жыл – Сіздің жылыңыз. Жұлдыз жорамал бойынша тауық жылы адамдарға кейбір міндеттемелерді қабылдай отырып, жауапкершілікті сезінуге үндейді. Оны да ескермей, немқұрайлылық танытуға болмас!
Барша жұлдыздардың ішінде 2017 жыл беймаза жыл болады деп те айтатындар жоқ емес. Жыл бойына еріншектік, өтірікші, малшашпақ әдеттерден ада болып, шаруаңызға бекем болуды қажет етеді. Осы жылы өз өмірімізде өзгерістер көп болуы мүмкін. Қашанда жақсылыққа деп жоритын әдетімізбен, мұндай өзгерістерге де дайын болыңыз дейді. Тауық жылы тәуекел жылы деп те айтады. Алайда, көзсіз тәуекелділік жарға жығатын себепті, әр қадамыңызды аңдап басып, жұмысыңызды жоспарлай білсеңіз, онда айдарыңыздан жел есіп, жақсылыққа бір табан жақындайтыныңыз екі бастан. Тауық жылының тағы бір тамаша қасиеті – достарыңыздың көптігі болар. Оған себеп әрқайсымыздың көңіліміз ашық болып, жан-жағымызда жүрген жақсы адамдармен шұрқырап кездесуге мүмкіндік бар. Тіпті, осы жылы жақсы дос тауып, өмір бойына сыйласып, тілеуқор жанның қадірін біліп өтесіз. Бұл да жылдың жақсылығы.

Айгүл УАЙСОВА




Тағыда

Айгүл Уайсова

Ақпарат саласының үздігі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button