ЖаңалықтарҚала тіршілігі

Ұлбике ақын көшесі

Астанада айтыс ақыны, әнші, домбырашы Ұлбике ақынның атына көше берілген. Тұран даңғылынан басталып, Айғаным көшесінде аяқталатын көшенің ұзындығы – 397,8 метр.

53858511

Бұрынғы «Комсомольский» тұрғын ала­бындағы №136 көшеге ақын есімінің берілуі тегін емес. Сыр өңірінде туылған Ұлбике Жан­келдіқызы өз заманында Ізтілеу, Серәліқожа, Майлықожа, Мәделіқожа, Таспа ақындармен айтысқан. Ал оның Күдеріқожамен айтысы есімін елге танытты.
Ұлбике ақын туралы әдемі естеліктер бар. Қазақтың әйгілі қызы жезтаңдай әнші, дәулескер домбырашы болған. Тал бойына алуан түрлі өнер дарыған ақын мінсіз сұлу да болған. Оның туа біткен ақындық дарынының ертерек ұшталуына әкесі Жанкелді мен анасы Жаңылдықтың ықпалы зор. Бұл жөнінде Ұлбикенің өзі былай дейді:
Әке сөзін жасымнан жаттап алғам, Тал бойыма жинақтап хаттап алғам. Жеке шығып бәйгеден тұлпардай боп, Өлеңімді әнімен баптап алғам. Моншағымның әр тасы бір өлең-ді, Бесігінде үйренгем мен өлеңді. Балапандай кезінде қайран шешем, Тал бойыма дарытқан күллі өлеңді.
Бар болғаны 12-13 жасында елге танымал болған ақын қыз өз ойын ұрымтал өлеңмен жеткізіп, ұтқыр сөздерімен төңірегін тәнті етіп, атақ-даңқы ауыл арасынан аймаққа жайылған.
Ұлбике оң солын енді танып, бой жете бастаған кезде Ошақтының Есмырза деген дуалы ауыз биі әулетін бастап, Әулиеата маңына көшіп келеді. Сол кезден бастап жұрт мойындаған көшелі ақындармен айтысқа түседі. Сөз қадірін білетін әйгілі Мәшһүр-Жүсіп Көпеев те оның өнеріне өлшеусіз баға береді. «Бұдан 120 жылдай бұрын жанды бетіне қаратпаған ақын болып, қазақтан Ұлбике деген қыз шығыпты» деп жазады фольклортанушы Ә.Диваев. Ал Радлов Ұлбикенің шығармаларын Петербург қаласында бастырып, кейін орыс және неміс тілдеріне аударған.
Өкініштісі, ақынның ғұмыры өте келте болды. Күйеуі Байтан өнердің бағасын білмейтін, мінезі тентек, қызғаншақ адам болған. 1849 жылы бар болғаны 24 жасында ақын қыз күйеуінің қолынан мерт болған.
Қазіргі Қаратау қаласында Ұлбике ақынға ескерткіш орнатылған.

Гүлмира Шарханқызы

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button