ЖаңалықтарМәдениет

ӘЛЕМГЕ ӘЙГІЛІ МЮЗИКЛДЕР

«Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйымы жанындағы «Astana Musical» театры көрермендеріне екінші премьерасын ұсынды. Өздерінің алғашқы «Достар серті» мюзиклінен кейін бұл өнер ұжымы Жаңа жыл қарсаңында «Мюзикл әлеміне саяхат» атты бағдарламасын қойды.

erm_7229

«Қазақстан» орталық концерт залында өткен премьерада Бродвей мен Уэст-Эндтің атақты мюзиклдері, паң Париж бен Ресейдің осы музыкалық жанрға жататын туындылары және қазақтың классикаға айналған киноларында шырқалатын әндер әуеледі.
«Кабаре» мюзиклінің Бродвейдегі премьерасы осыдан тура елу жыл бұрын өтіпті. Ал атақты жазушы-драматург Бернард Шоудың «Пигмалион» пьесасының негізінде қойылған «Менің әсем ледиім» туындысының сахнаға жол тартқанына, тіпті, алпыс жыл толыпты. Бұл қатарға өткен ғасырдың елуінші жылдарының соңында қойылған «Музыка дыбыстарын», Уэст-Энд көрермендері осыдан отыз жыл бұрын бірінші рет тамашалаған, іле-шала Бродвейге жеткен «Опера елесін» қосуға болады.
Тоқсаныншы жылдардың басында Уолт Диснейдің белгілі мультфильмі желісімен «Алладин» мюзиклі дүниеге келді. Бұдан біраз ерте «Мысықтар», ал кейінірек «Богема», шытырманға толы «Сұлу мен құбыжық» көрермендерін тапты. Махаббат дастандары деуге тұрарлық «Ромео мен Джульетта», «Нотр-Дам де Пари» мюзиклдерінен өнерсүйер қауым мол әсер алады. Ал әлемге әйгілі «ABBA» тобының әнде­рінен түзілген «Мамма мия» туындысы көңілді көтеретін көріністерге толы.
«Юнона и Авось» – кеңес заманында қойылған атақты рок-операның бірі. Белгілі ақын Андрей Вознесенский, композитор Алексей Рыбников, режиссер Марк Захаров үштігі тудырған трагедияда кезінде тамаша әртіс Николай Караченцов жарқырап көрінген еді.
«Он екі орындық» фильмі дегенде, көзіміздің алдына өмірден ерте өткен дарынды актер Андрей Миронов келеді. Ал бүгінгі көрермен «Стиляги» фильмін тамашалау арқылы өткен ғасырдың орта шеніндегі Мәскеуге барып қайта алады.
«Мюзикл әлеміне саяхат» бағдар­ламасында, міне, осындай әлемге әйгілі мюзиклдердегі әндер орындалды. Сондай-ақ, «Тақиялы періште» фильміндегі «Қайда барасың, Одиссей?», «Біздің сүйікті дәрігердегі» – «Төбемде көк аспан», «Қыз-Жібек­тегі» – «Гәкку», «Менің атым Қожадағы» – «Туған ел» әндері шыр­қалғанда баршамыз аяулы кейіп­кер­лер мен сүйікті әртістермен қайта қауышқандай болдық.
Мюзикл әлеміне саяхатқа «Astana Musical» театрының солистері Ерзат Рамазанов, Саят Мақұлбаев, Ақжол Өмірзақов, Бауыржан Нұрымбетов,
Алтынбек Аманқұлов, Айна Әбді­кәрімова, Жарқынай Шалқарова, Гүлнәр Кө­шенова, Сәнді Қаршалова және өзге де жас актерлер шақырды. Олардың өнерінен жастық жалынды байқадық. Сондай-ақ, сәнді декорация мен көз жауын алатын костюмдер көрермен көңілінен шықты. Биылғы жылды осылай көңілді нотада аяқтаған ұжымнан келесі жылы бұдан зор жаңалықтарды күтеміз. «ЭКСПО» көрмесі өтетін уақытқа бұл ұжым аянып қалмас деп ойлаймыз.

  Аманғали  ҚАЛЖАНОВ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button