ЖаңалықтарҚоғам

БАҚЫТТЫ ҒҰМЫР

Міне, еліміздің бас қаласы – Астанаға қоныс аударғалы да жиырма жылға жуықтапты. Астана көз алдымызда өсті, көркейді, қанат жайды. Осы қалада талай-талай қазақтың нарқасқа ұл-қыздарымен танысып-білісіп, қоян-қолтық араластық. Көбісімен өте сыйлы дос, туысқандай болып кеткен жайымыз бар. Сондай асыл жандардың бірі – кешегі заңгер, бүгінгі зейнет жасындағы асыл аға Кеңес Жалмұханбетов. Кеңес аға жұбайы Алтын Мәмбетқызы екеуі Астанада 15 жылдан бері тұрып жатыр. Күні кешеге дейін Республика судьяларының ақсақалдар кеңесіне басшылық жасап келді.
Бүгін қолға қалам алғызған да осы бір асыл жұптың Астанадағы алтын тойы болатын.

6

Кеңес ағаның өткен өмір жолы өте қызғылықты.
Әкесі Жексенбек ақсақал өмір бойы қызметте болды, әртүрлі салада еңбек етті. Сондай елеулі қызметінің бірі – Балқаш бойындағы Бурылбайтал ауылдық кеңестің төрағасы болуы. Міне, осы жерде Жексенбек ұзақ уақыт тұрақтады. Ауылды көркейту ісіне қызу атсалысып, үлкен үлес қосты. Тіпті жергілікті халықтың өзі оны жатсынбай, тез бауырға тартты. Өз баласындай көріп, құрметтеді. Азаматтық асыл бейнесіне тәнті еді.
Бала Кеңестің көзімен бағалар болсақ, Жексенбек Жалмұханбетұлы – нағыз еңбек сүйгіш жан. Ол қай істі де елім үшін, халқым үшін атқарып жатырмын деп есептеген. Сондай ізгі ойдан айнымаған.
Әрине, Бурылбайтал ауылдық кеңесінің төрағасы болу – кеңседе отырып алып, басқаларға әмір айтып, бұйрық беру емес. Ол заман – басқа заман! Ұлы Отан соғысынан кейінгі ел іші. Халық әлі тойынып, ес жинап, жағдайын түзеп үлгермеген кез. Сосын да ел ішіндегі Жексенбек секілді ат үстіндегі аз ғана басшылар халық арасында жүрді. Солармен бірге қуанып, бірге қайғырды.
Кеңес аға, міне, осындай қиындығы мол өмірді көріп өсті. Елді, жерді сүюді, оны құрметтеуді алдыңғы буын ағалардан үйренді. Адалдық пен тазалықты бойына сіңірді.
Осы жерден Совет армиясы қатарына шақырылып, Ресей жеріне эшелонмен аттанып кеткен болатын.

***
50-ші жылдардың аяғына қарай Жалмұхан­бетовтер отбасында үлкен өзгеріс болды. Олар Балқаш маңынан басқа жаққа қоныс аударуға жиналды. Теміртауға. Оның басты себебін Кеңес аға былайша әңгімелейді:
– 1958 жылы «Комсомольская правда» газетінен Қазақстан Магниткасы туралы жазылған үлкен мақаланы оқып, қатты қызықтым. Солтүстік әскери округте, Петрозаводскі қаласында әскерде жүргенмін. «Теміртау жүрегінде оты бар жастарды шақырады» деген ұран мені де баурап алды. Әскер қызметіндегі мерзімім аяқтала бере, көп ойланбастан Теміртауға тарттым. Үйге хат жазып, сол жаққа көшуді өтінген өзім болатынмын. Әкем бұл ойыма қарсы болмады.
Қазақстан Магниткасын салу идеясы да сол 50-ші жылдардың орта шенінде қызу қолға алынған-ды.
1959 жылы зейнет жасына шыққан Жексенбек ақсақал отбасымен Теміртау қаласына үлкен ұлдың өтінішін орындап, біржола көшті. Ал ұлы Кеңес Магниткаға жұмысқа қабылданып үлгерген еді бұл кезде.
Кеңес аға Теміртау қаласына, Қазақстан Магниткасы құрылысына келген жылы сайдың тасындай 120 жас жігітті жинап алып, Магнитогорск қаласындағы металлургия комбинатына практикалық тәжірибе жинақтау үшін бір жылдық оқуға аттандырды. Бірақ олардың бәрі толық мамандық алуға шыдамады, тек жартысы ғана аяғына дейін төзім байқатты. Сөйтіп, бірінші домна пешін салып бітіруге тікелей араласты. Солардың бірі – Кеңес Жексенбекұлы болды. Ол 8-домна пешінде Владимир Карпенко деген зор денелі кісінің қол астында (ол мастер-горновой еді) шо­йын құюшы жұмысын атқарды. Кеңес ағаның жанында Жақсылық Жарылқапов, Есенәлі Садықов, Риф Габдуллин секілді машинист жігіттер қоян-қолтық жұмыс істеді. Осылайша оқу процесі практикалық жұмыстармен ұштасып, жастар аяғында кәсіби маман болып шықты.
Теміртау қаласына жақсы маман болып оралған Кеңес аға 1960 жылдың 3 шілдесінде Теміртауда бірінші домнадан алғашқы шойынды беруге қатысты. Бұл – еліміздегі маңызы зор тарихи оқиға! Аға горновой Б.Яговидовтың жанында Н.Назарбаев, Т.Адамюсупов, К.Жалмұханбетов, В.Скрягин, К.Терещенко, т.б. болған-ды. Бұл жағдай «Қазақстанның алғашқы шойыны» деген деректі фильмде жан-жақты көрсетілген.
Жастық жігер алға қарай жетеледі. Арман алға ұмтылдырды.
Тіпті осы қалада еңбек ете жүріп, өзінің болашақ жары – Алтын Мәмбетқызын да жолықтырған-ды.

***
Алтын арманшыл қыз еді. Өнерлі еді. Қара­ғанды топырағында туып, арман қанаты­на мініп, 1956 жылы Алматыға сапар шеккен-ді.
Сол жылдың ортасында опера және балет театры өңкей өнерлі жастарды жинап, ішінен ең таланттыларын шұғыл іріктеп жатты. Театрға жаңа толқын, жас әншілер керек болған-ды. Республиканың түкпір-түкпірінен келген өнерпаздарды тыңдап, таңдап алу ісіне атақты әнші Күләш Байсейітованың өзі басшылық жасады.
Арман арқалаған жауқазын қыздардың арасына әлі буыны бекімеген Алтын Мәмбетқызы да келіп қосылды.
Ол ең алғаш рет Күләш апасының алдына шығып, ән шырқағанда ерекше толқыған. Тіпті әннің қайырмасынан қателіктер де жіберіп алған. Сосын да «өте алмаспын» деп ойлап еді.
Байқау қорытындысы шығатын күні Күләш Байсейітова Алтынды іздегенін естіді.
– Даусың ашық, өзгеге ұқсамайды, – деп, әуелден-ақ Күләш Алтынды мақтапты. – Тек бір ғана кемшілігің – ән айтқанда өз даусыңды өзің жоғалтып ала бересің.
Содан не керек, Күләш апасының ұнатуымен сол жылы опера және балет театры жанындағы студияға тыңдаушы әрі әнші болып қабылданды. Қуанышы қойнына сыймады.
«Мен оқуға қабылдандым, енді опера және балет театрының әншісімін» деп, өзінің күнделік дәптеріне сөз кестелеген сәтте кеудесін қуаныш кернеп кетті.
Арман деген өте ғажайып сезім ғой!
Алтын Көпбаевамен қатар, сынақтан сүрінбей өткен талантты жастар арасын­да З.Қойшыбаева, Г.Хамзина, С.Мұқа­нова, К.Сейсенбаева, М.Жақанова, Қ.Тілеу­қабылова, М.Маңғытаев, Б.Жұманиязов, Қ.Сыдықов, т.б. бар еді. Бәрі де студия тыңдаушысы атанған. Бәрі де арманшыл жас!
24 жасында КСРО халық әртісі атанған халық қалаулысы Күләш Байсейітова оқуға қабылданған талантты қыз Алтынды өз қамқорлығына ала бастаған-ды. Алтын да әйгілі әнші апайына бауыр басып, ылғи да ол кісімен ақылдасып-пікірлескенді қалап тұратын.
1958 жылы Мәскеуде өткен қазақ өнерінің онкүндігіне әншілер З.Қойшыбаева, К.Сейсембаева, С.Мұқанова, М.Жақанова, В.Кармысова, Қ.Тілеуқабылова, т.б. бірге Алтын Көпбаева да барды. Олар Мәскеуде қазақ әні мен биін орындап, көрерменді тәнті етті.

***
Бір күні театр маңдайшасына ілінген ерекше хабарландыруды оқыды.
– Теміртауда Қазақстан Магниткасы ашылып жатыр, онда жер-жерден жүрегінде оты бар жастар жиналуда. Келем деген өнерлі жастарға есігіміз айқара ашық!
Алтын Мәмбетқызы бір түн ойланды. «Қарағанды түбіндегі қала ғой, өз елім, өз ауы­лым! Ендеше, неге сонда барып, бар талант-жігерімді игілікті іске жұмсамаймын!..» Ертеңіне жүрек шешімін қабылдады. Бір ойға табан тіреді.
«Теміртауға барып, қазақ ұл-қыздарын жинап, хор құрамын! Ұлт өнерін еңбек ұжымы арасында насихаттауымыз керек, оны біз қолға алмасақ, кім істемек?»
Міне, осы арман оны Теміртауға алып-ұшты…
Теміртау қаласында өнердегі арманын да, өмірдегі арманын да жолықтырарын, әрине, жас қыз ол кезде білген жоқ-ты.

***
Алтынның басшылығымен жұмысын жалғастырған хор 1960 жылдың аяғында-ақ атағы шығып, барынша танымал бола түсті. Ел мен жұрт теміртаулық ұл-қыздардың сыңғырлаған үніне құлақ үйретті. Тыңдауға ынтықты.
Жаңадан құрылған ансамбль ұжымы ең алғаш сазгер Бақытжан Байқадамов шығарған «Теміртау жастарының маршы» әнін екпіндете шырқады. Сөзі де ғажап! Оны сол кездегі талантты ақын Қайнекей Жармағамбетов жазған болатын.
Осы жастар маршы бірден көптің көңілінен орын тепті. Тек Теміртау жастары ғана емес, Қазақстанның барлық жастары шырқап кетті.
– Жарқырайды Теміртаудың оттары,
Күн таңырқап, көкжиекке тоқтады.
Самаладай нұрға толып жас қала,
Жас қалада қыз-бозбала топтары… – деп, шырқаған жастар үні қазақ даласын шарлап ала жөнелгені бар.
Ал әнді ең алғаш жарыққа шығарып, нәшімен орындаған – Алтын Мәмбетқызы басшылық ететін құрылысшылар ансамблі.
Бұл, енді, тарих!
Осы жылдары Алтын Мәмбетқызы өте көңілді еді. Өйткені ойлаған ойы орындалып, еңбегі жанды. Өзі басшылық жасап жүрген ұжым Теміртау халық ансамблі деген атаққа ие болған-ды.
Арада аз уақыт өткенде ансамбль Алматыға арнайы шақырту алды. Өнер ұжымын Алтын Көпбаева бастап барды. Алматылықтар бұлардың әні мен биін аса қызығушылықпен тыңдап көрді. Мерзімдік басылымдар жарыса жазды. Ансамбльдің бағы жанып, мерейі тасты.
Байқау қорытындысында Теміртау қаласының құрылысшылар ансамблі жүлделі бірінші орынды иеленіп, елге қуанышпен оралған-ды.
Теміртауда Алтынның уәдесін асыға күткен тағы бір кісі бар. Ол – Кеңес. Екеуі бас қосып, шаңырақ көтеруге уәделескен. Енді сол арманды жүзеге асыруға тиіс.
Кеңес айтқанынан қайтпай, өзінің көптен ойлаған жүрекжарды сезімін сездірді.
Міне, осылайша Теміртау қаласында жас отау шаңырақ көтерді…

***
Кеңес Жексенбекұлы ҚазМУ-дың заң факультетіне сырттай оқуға түсіп, заңгерлік мамандық алған соң, әуелі Қызылордада, одан соң республикалық көптеген облыстарында заң саласында жауапты қызметтер атқарды.
Ол Торғай, Алматы облыстарының сот төрағасы қызметтерінде болды. Абыроймен еңбек етті. Ел жүрегінен берік орын алды.
Жоғарғы Кеңестің судьясы ретінде де көптеген жауапты істерді қарап, әділ шешім қабылдауға жол ашты. 20 жылға жуық сот саласында істеп, соңғы жылдары Конституциялық сот мүшесі, Жоғарғы сот төралқасының төрағасы, Тәртіптік алқа төрағасы секілді қызметтер атқарды.
Ал жолдасы Алтын апай Кеңес ағамызға сүйікті жар болып, бір ұл, бір қыз сүйді. Ұлдары Арман – бұл күнде генерал-майор. Республиканың бірқатар облыстарында ішкі істер органында басшы болып жүр.
Айтпақшы, кейінірек Сара Алпысқызы «Бөбек» атты республикалық қайырымдылық қорын құрды. Міне, осы жұмысқа Алтын Мәмбетқызын да шақырып, кеңесші етіп тағайындады. Бұрыннан сыйлас болған қос құрбы осылайша Қазақ елі үшін өте маңызды шаруаны қолға алды.

***
Құдамыз Несіпбай мен Раушанның үйінде бас қоса қалып, Кеңес ағаны еселеп әңгімеге тар­та­тынымыз бар. Сондайда ол ағынан жарылады.
– Өмір деген өткінші екен, – дейді. – Бәрі де қас-қағым сәт. Күні кеше сияқты еді. Теміртауда шойын құйып жүруші ек. Енді, міне, 80 деген жасқа да иек артып тұрмыз… Өмірге өкпе жоқ. Ұл-қыз өсірдік, немере сүйдік, шөберені де көрдік. Осының өзі-ақ баға жетпес байлық.
Қазақта «жақсы қартая білу де – бір бақыт» деген сөз бар. Біздіңше, Кеңес аға мен Алтын апай да Астанамыздың қазыналы қариялары!

Оңалбек СӘПИҰЛЫ,
Жолтай ӘЛМАШҰЛЫ

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button