Басты ақпаратҚоғам

«Тірі тауар» бизнесі қызып тұр



Жыл сайын 30 шілдеде әлемнің барлық елі Бүкілдүниежүзілік адам саудасымен күрес күнін (World Day against Trafficking in Persons) атап өтеді. Бұл күн 2013 жылы желтоқсан айында БҰҰ Бас Ассамблея­сының резолюциясымен бекітілді. 30 шілденің таңдалған себебі, 2010 жылы 30 шілдеде адам саудасымен күрес жөніндегі жаһандық іс-қимылдар жоспары қабылданды. Қазақстан 2008 жылы адам саудасымен күрес бойын­ша алғашқы маңыз­ды халықаралық құжат – 1926 жылы қабылданған «Құлдық туралы конвенцияны» ратификациялады. Осы тақырыпқа қысқаша сараптама жасап, еліміздегі адам саудасымен күрес бағытындағы жаңалықтарға үңіліп көруді жөн санадық.

Аптасына 1 млн теңге табыс тапқан

Жуырда астаналық полицейлер 6 адамнан құралған ұйым­дасқан қылмыс­тық топтың мүшелерін қолға түсірді. Топ мүшелері бір жыл бойы притон ашып, ерікті-­еріксіз әйелдерді жезөкшелік пен жеңгетайлыққа жұмылдырған. Олар елорданың элиталық тұрғын үйлерінің бірінен үш үлкен пәтерді жалға алып, қылмыстық жолмен жүйелі түрде табыс тауыпты. Кейіннен анықталғанындай, ұйымдасқан қылмыстық топ мүшелері өздерінің қызметін жан баласына білдірмей, астыртын әрекет еткен. Ол үшін тұрғын үй кешенінің күзетшілерімен «жақын» қарым-қатынас орнатып, сұраған ақысын төлепті. Ал күзетшілер полиция қандай да бір рейд жүргізгенде, топ мүшелеріне жедел хабарлағандықтан, олар жалға алған пәтерлерінен дер кезінде қашып кетіп отырған.

Ал сырттан келетін тұтынушылар пәтерлерге тек әкімшіге қоңырау соғып, соның рұқсатымен кірген. Сексуалдық қызмет көрсететін қыздар мен әйелдерді интернетке «массаж жасайтын жұмыс береміз» деген жарнамалық хабарландыру арқылы тартып, әңгімелесу барысында жезөкшеліктен түсетін табыс­ты 50/50 бөліп алуға келіскен. Өзара келісім жасалған соң, притон үзіліссіз жұмыс істеп, тәулік бойы табыс әкелуі үшін тәнін саудалаушыларға күндізгі және түнгі жұмыс кестесін бекіткен. Ұйымдасқан қылмыстық топ мүшелері «батпанқұйрық» бизнестен орташа алғанда апта сайын 1 млн теңгеге дейін табыс тапқан. Полицейлер жасырын жұмыс істеген притонды әшкерелегенде, сексуалдық қызмет көрсететін 11 адам ұсталды. Ал пәтерлерден 20 мың АҚШ доллары, 156 мың ресей рублі және 720 еуро көлемінде ақша тәркіленді. Бір алаңдатарлығы, мұндай қылмыс қанатын кеңге жаюда.

Үш күнде – 47 қылмыс

Бүгінгі таңда халықаралық еңбек нарығына етене еніп кеткен Қазақстанда адам саудасы көбейіп келеді. Бір ғана нақты мысал, биыл маусым айында жүргізілген «STOP-трафик» атты қылмыстың жедел алдын алу іс-шаралары аясында полицейлер адам саудасына қатыс­ты 47 қылмысты анықтаған. Соның ішінде: 3-еуі – адамның еңбегін қанау арқылы заңсыз еркінен айыруға, 10 факті адам саудалауға, соның ішінде 5-еуі – кәмелет жасына толмағандарға қатысты дерек, 7 факті әйелдерді жезөкшелікке тартуға; соның ішінде 3-еуі – кәмелетке толмағандарға қатысты дерек, 27 факті жеңгетайлыққа және жезөкшелікке жегетін притондар ұстауға жатады.

Әлемде құлдыққа тыйым салынғанына қарамастан, қазіргі кезде 50 млн-нан астам адам өзінің еркінен тыс өмір сүреді. БҰҰ мамандарының мәліметі бойынша, жыл ­сайын адам сатудан түсетін табыстың көлемі 150 млрд. АҚШ долларын құрайды. Осыдан 10 жыл бұрын, «тірі тауар» бизнесінен түсетін табыс әлемде 5-7 млрд. АҚШ долларын құраса, «батпанқұйрық» бизнес­тің бірнеше есеге өскенін көреміз

Үш күнде құқық қорғау органдарының қызметкерлері жезөкшелікпен айналысқан адамдарға бөлме беруге қатысты 30 әкімшілік құқық бұзушылықты, қоғамдық орындарда адамдарға ақылы жыныстық қызмет ұсынуға қатысты 453 оқиғаны тіркеген. Жоғарыда айтылған 47 қылмыстың ішінде көпшілігі адам еңбегін қанау, сәбилерді сату, адам ағзасының бөліктерін сату, сексуалдық қызметке мәжбүрлеу көп кездеседі. Нақты мысалдар келтірейік. Осыдан екі жыл бұрын Алматы облысының тұрғындарын елең еткізген оқиға болды. 39 жастағы әйел бала сүйе алмай жүрген ерлі-зайыптыларға жаңа туған нәрестесін 500 000 теңгеге сатқан. Әлбетте, нәрестені сатып алуға жай киіммен полицейлердің барғанын ол білген жоқ. Безбүйрек әйел өзінің қолымен жасаған қылмысы үшін заң алдында жауап береді.

Биыл Қостанай облысының қалаларының бірінде тұратын, колледжде оқитын өрімдей қыз ұшты-күйлі жоғалып кетті. Сөйтсе, 38 жастағы бір әйел әлгі қызды алдап-арбап, бопсалау арқылы жезөкшелікке тартыпты. Өзі бірнеше қалада жалға алған пәтерлеріне «тұтынушыларын» шақырып, жас қыздың тәнін саудалап, табысқа кенелген. Интернеттегі жарнамада бір шикілік барын сезген полицейлер жалға берілген пәтерден жеңгетай әйелді де, жас қызды да қолға түсірді. Алаяқ әйелден зардап шеккен қыз туыстарына қайтарылды. ҚР Қылмыстық кодексінің 134-бабы бойынша («Кәмелетке толмағандарды жезөкшелікке тарту») қылмыс­тық іс қозғалды.

Қарағанды облысында бір шаруа қожалығының жетекшісі көп жылдар бойы 30 және 52 жастағы екі ер адамды қорқытып-үркітіп, құлдықта ұстаған. Еңбегі қаналған бейбақтар шаруа қожалығындағы барлық жұмысты (шаруашылық жүргізу, техниканы жөндеу, мал бағу, мал ұстайтын жерлерді күту мен тазалау) тегін атқарған. Олар бірнеше рет қашуға әрекет еткенімен, қожайын қуып жетіп, ұрып-соғып, қожалыққа қайтып әкеліп отырған. Шаруа қожалығы сол маңдағы автокөлік жолынан 65 шақырым жерде болғандықтан, құлдықтан қашып құтылу оңайға соқпаған. Кейінірек, шаруа қожалығына сырттан барған адамның көмегімен құлдықтағы адамдар бостандыққа шықты. Құзырлы органдар адамның еңбегін қанау үшін заңсыз еркінен айырған азаматқа қатысты тергеу жүргізіп, істің ақ-қарасын анықтауда.

Бір жылда 100 адам құлдыққа тап болады

Мұндай адам шошытарлық деректі құқық қорғау органдарының өкілдері Мәжілісте «Адам саудасына қарсы іс-әрекет туралы» заң жобасының таныстырылымында жұртқа жария етті. Заң жобасын депутаттарға таныс­тырған Ішкі істер министрінің орынбасары Ержан Сәденов кез келген адамның мұндай қылмыс­тың құрбаны болуы мүмкін екенін ашық айтты. Ол адам саудасының әртүрлі формалары бар екенін, соның ішінде негізінен сексуал­дық тұрғыдан қанау, еркінен айырып, еңбегін қанау, қайыр сұрауға мәжбүрлеу, асырап алуға жаңа туған сәбилерді сату, адам ағзасының бөлшектерін саудалау сияқты түрлері көп кездесетінін мысалға келтірді.

Құзырлы министрлік өкілі 2023 жылдың басынан бастап адам саудасына жататын 65 қылмыс тіркелгенін мәлім етті. Соның ішінде, 37-сі – жеңгетайлық және притон ұстауға; 16-сы – адам сатуға (осының 12-сі – кәмелетке толмағандар); 11-і – жезөкшелікке тартуға (3-еуі – кәмелетке толмағандарды тарту); 1-еуі – еңбегін қанау мақсатымен еркінен айыруға жатады. «Жалпы алғанда, жыл сайын адам саудасына қатысты 100-ден аса қылмыс тіркеледі. 2020 жылы  – 111 факті, 2021 жылы – 103 факті, 2022 жылы – 77 факті тіркелді. Бір жылда кем дегенде 5 ұйымдасқан қылмыстық топтың заңсыз іс-қимылын әшкерелейміз. Біздің азаматтардың Бахрейн королдігіне, Оңтүстік Кореяға және өзге елдерге еңбегін қанауға жөнелту арналары жабылғанын жария еткім келеді» деді Ержан Сәденов.

Ішкі істер министрінің орынбасары адам сататындарды қылмыстық жауапкершілікке тарту және оларға қарсы күресу – бұл тек жаһандық тажалдың салдарымен ғана күресу екенін мойындады. Өйткені, үкіметтік емес ұйымдардың мәліметіне үңілсек, адам саудасынан зардап шегетіндердің саны ресми деректен бірнеше есеге көп екенін көреміз. Себебі, «батпанқұйрық» бизнестің таң қалдыратын табыстылығы, жоғары деңгейдегі құпиялығы, әлем елдерінің әлеуметтік-экономикалық қарым-қатынасының тереңдеуі осы қылмыстың тез өршуіне жол ашып отыр. Яғни, адам саудалаушылар жан қинамай тез байып кету үшін өз құрбандарына алдау мен зорлық көрсетудің алуан түрлі формаларын ойлап табады. Көбінесе аңқау адамдар құқықтық сауатының төмендігінен бума-бума ақшаға құныққан қаныпезерлердің құрығына түсіп қалады. Қатты алаңдатарлығы, бала сату да белең алуда. Көбінесе өмірі қиын жағдайға тап болған әйелдер баласын сатып, қиындықтан құтылуға ұмтылады. Қарызға белшесінен батқан бейбақтар шарасыздығынан өзінің ағза мүшелерін сатуға мәжбүр болады. Бұлардың бәрі заңнамамыздың осалдығынан, трафикке қарсы күресте күш біріктіре алмай отырғандығымыздан болып отыр.

Қазақстан қандай заң қабылдайды?

Мемлекет басшысы Қасым-­Жомарт Тоқаев VIII сайланған Қазақстан Республикасы Парламентінің бірінші сессиясында адам саудасына тосқауыл қою үшін арнайы заң қабылдау қажеттігін тапсырды. Ішкі істер министрлігі әзірлеген «Адам саудасына қарсы іс-әрекет туралы» заң жобасы шетелдердің үздік тәжірибесін ескере отырып, 50-ден аса кәсіби сарапшылардың қатысуымен жазылып шыққан. Құжатта 6 тарау, 22 бап бар. Заң жобасында тұңғыш рет «адам саудасының құрбаны», «адам саудасының ықтималды құрбаны», «адамның осал жері», «адам саудасына қарсы күресетін субъектілер» деген ұғымдар енгізілген. Ең бастысы, «адам саудасы» деген ұғым БҰҰ-ның Палермо хаттамасына сәйкес түсіндірілген.

Заң жобасын дайындаушы тараптар мынадай негізгі тәсілдерді басшылыққа алыпты: біріншіден, мемлекеттік органдар мен азаматтық сектордың кешенді жұмысына негізделген адам саудасымен күрес жүйесін қалыптастыру. Өйткені, полицейлер мемлекеттік, жергілікті атқарушы органдармен, коммерциялық емес ұйымдармен, туристік қызмет субъектілерімен және жұмыс ұсынатын жекеменшік агенттіктермен қоян-қолтық жұмыс істегенде ғана белгілі бір нәтиже болатынын біліп отыр.

Екінші маңызды тәсілдің бірі – осы қылмыстың алдын алу, адамдарды құлдықтан сақтандыру мен тәуекелдерді азайту. Тәуекелдерге талдау жасамас бұрын, адам саудасына жол ашатын себептерді сараптап алған абзал. Үшінші тәсіл – адам саудасының құрбандарын қорғау. Адам саудасының құрбандарына көмек беру мен қорғау – барлық халықаралық келісімдегі міндетті нормалардың бірі.

Сондай-ақ, заңгерлер мен сарапшылар құлдыққа түсуі ықтимал азаматтарды сақтандыру мен қорғау мәселесіне де ерекше ден қойып отыр. Заң жобасында кәмелетке толмаған адам саудасының құрбандарының құқықтарын қорғауға бөлек тарау енгізілген. Ең бастысы, осы қадам арқылы ҚР Қылмыстық кодексіне адам саудасына жататын қылмыстар деген жаңа санат енгізілмек.

Зейнал ГАДЖИЕВ, БҰҰ Көші-қон жөніндегі ұйымының Қазақстан, Қырғызстан, Түркіменстан және Өзбекстандағы миссиясының жетекшісі:

«Адам саудасымен күресте түпкілікті нәтиже беретін бағдарлама әлі жоқ, демек оны жақсарту мен дамытуға мүмкіндік мол деген сөз. Қазақстанға бұл бағытта Гүржістан, Молдова және Беларусьтің тәжірибесі барынша пайдалы болады және сәйкес келеді. Адам сату жасырын қылмысқа жатады, көбінесе онда ұйымдасқан қылмыстық топтар әрекет етеді, ал құрбандарды сауықтыру мен реинтеграциялау аса маңызды. Бұл жерде мынадай тізбек бар: құқық қорғау органдары қылмысты анықтайды және жолын кеседі; әлеуметтік қызмет ұйымдары құрбандарға қажетті көмек көрсетеді; еңбек инспекциясы адам еңбегін қанауға жол бермеу үшін заңнаманың қатаң сақталуын қадағалайды; ҮЕҰ ақпараттық науқандарды жүргізеді, құрбандарды емдеп-сауықтыратын баспана ашады, құқықтарын қорғайды; БАҚ адам саудасымен күрестегі іс-шараларды бұқараға жеткізіп, құқықтық сауатын ашады. Бұл тізбекті одан әрі жалғастыруға болады. Ең бастысы, бұл бағыттағы жұмыстар жүйелі, сапалы және адал жасалуы қажет. Әрбір ұйым бөлек өз жұмысын сапалы атқаруы мүмкін. Алайда, барлығымыз күш-жігерімізді біріктірсек, одан ұтпасақ, ешқашан ұтылмайтынымыз анық».

Эльвира ӘЗІМОВА,

Конституциялық соттың төрағасы:

«Салалық заңның болмауына қарамастан, Қазақстан Қылмыстық кодексте адамның ағзасы мен клеткасын сатқаны үшін жазалайтын бап енгізген елдердің тізіміне кіреді. Азаматтық заңнамада мұндай қылмыстың алдын алатын шаралар қарастырылмаған. Тәжірибе көрсеткеніндей, адамдар екінші рет құлдыққа түсуі мүмкін. Бұл олардың әлеуметтік жағынан алғандағы осалдығын ғана емес, қайта жұмысқа тұруда көптеген қиындықпен бетпе-бет келетінімен байланысты. Біз бұл қылмыстың өршуіне дем берушілер мен оңай олжаға кенелгісі келетіндерді тәубесіне түсіру үшін, мемлекеттік саясаттың қатаңдығын көрсете отырып, кешенді және сапалы алдын-алу іс-шараларын тездетіп қабылдауға тиіспіз».


Тағыда

Төлен Тілеубай

«Астана ақшамы» газетінің шеф-редакторы

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button