Басты ақпаратЕлорда тынысы

Елорда болашақта қандай болады?

Астана тұрғындары елорданың келбеті көрікті ғана емес, адамдардың өмір сүруіне өте қолайлы әрі жайлы болғанын қалайды. Елорданы дамыту мәселелері жөніндегі кеңесте айтылған Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қаланы тұрғындары үшін жаңа тартымды мекенге айналдыру жөніндегі тапсырмасы аясында жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатыр. Осы ретте қалалық Урбанистика орталығы тиімді жобаларды жүзеге асырып келеді.

Астана тұрғындары елорданың келбеті көрікті ғана емес, адамдардың өмір сүруіне өте қолайлы әрі жайлы болғанын қалайды. Елорданы дамыту мәселелері жөніндегі кеңесте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қаланы тұрғындары үшін жаңа тартымды мекенге айналдыру жөніндегі тапсырмасы аясында жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатыр. Осы ретте қалалық Урбанистика орталығы тиімді жобаларды жүзеге асырып келеді.

Ескі қала жанданады

Қазіргі кезде Есіл өзенінің жағалауы – қала тұрғындары көп жиналатын басты демалыс орны. Дәл осы жерде серуендейтін адамдар қатары өте көп.

– Есіл өзенінің жағалауы қаланың ескі және жаңа орталығын біріктіретін жер болғандықтан, біз оған іргелес барлық көшелерді біртұтас классикалық стильде қайта жөндеу керек деген шешім қабылдадық. Мәселен, Бейбітшілік көшесіндегі жаяу жүргіншілер жолында жөндеу жұмыстары аяқталды. Бұрын сол жағында ені 1,5 метр болатын тар тротуар және үлкен жол болатын. Біз жолды бір жолаққа дейін қысқарттық. Жаңа ағаштар отырғызылып, әрқайсысына суару жүйесі жүргізілді. Қала алаңынан жағалауға дейінгі жол енді теп-тегіс, тұрғындар дән риза, – деді Урбанистика орталығының жетекшісі Елнар Базыкен.

Биыл сонымен бірге Желтоқсан, Мәмбетов, Ағыбай батыр, Ғұмар Қараш және Бұхарбай батыр көшелері қайта жаңартылады.

– Көпшілік жағалауға Рес­публика даңғылынан Ағыбай батыр мен Ғұмар Қараш көшелері арқылы келеді. Бірақ көліктер жиі өтетіндіктен, бұған дейін бұл көшелермен жүру ыңғайсыз болатын. Жаяу жүргіншілер жолын кеңейтіп, жерде жатқан плиткаларды ауыстырамыз, жаңа ағаш орындықтар орнатып, жарықтандырамыз, қоқыс жәшіктерін орнатамыз. Бәрі классикалық стильде, дәл Бейбітшілік көшесіндегідей болады, – дейді орталық жетекшісі.

Биылғы жылы Урбанистика орталығының ұсынысы бойынша Ақбұлақ өзенінің жағалауы да қайта жаңартылды. «Алатау» спорт кешенінің жанындағы автотұрақ жаяу жүргіншілер жолына айналды. Амман мен Абылай хан көпірлерінің астында жаяу жүргіншілерге арналған тақтайшалар қойылды. Енді тұрғындар бағдаршамда тұрып уақыт жоғалтпайды, өйткені төте жол пайда болды.

Болашақта елордада жаңа жаяу жүргіншілер көпірлері пайда болады. Урбанистика орталығында Ақбұлақ арнасында жаяу жүргіншілерге арналған бір шағын көпір, сондай-ақ Тұңғыш Президент саябағы мен «Қалалық романс» тұрғын үй кешені жанындағы Есіл өзенінің бойындағы саябақ арасындағы көпір салу жоспарлануда. Болашақ көпір екі үлкен саябақты біріктіретін болады.

– Біздің мақсатымыз – Есіл өзенінің бойындағы саябақ кластерлерін біріктіру. Біз өзен бойындағы барлық саябақтар, алаңдар мен қоғамдық кеңістіктер адамның қаңқасы сияқты бір-бірімен тығыз байланысқанын қалаймыз. Адамдар жаяу немесе велосипедпен ешқайда бұрылмай жүруі үшін жаңа жаяу көпірлер салу керек, – деді орталық жетекшісі.

«Еуразия» ауданы өзгереді

Қалаға ерекше көрік беріп тұрған көшелердің бірі – ­«Еуразия» сауда үйі орналасқан аудан. Урбанистика орталығы жетекшісінің мәлімдеуінше, алдағы уақытта бұл ауданды дамытуға да ерекше назар ­аударылады.

– Биыл бұл аудандағы Қажымұқан көшесінен Петров көшесіне дейінгі учаскеде Сәтбаев деген ұзын көше абаттандырылды. Мұнда бәрі экостильде жасалды. Ағаш орындықтар мен айналаға жарық беретін түнгі шамдар, ойын алаңдары, көлеңкелі шатырлар, веложолдар – бәрі тұрғындар игілігіне қызмет етеді. Келесі жылы Момышұлы көшесіне дейінгі учаскені қайта жаңарту жоспарланып отыр, – деді орталық жетекшісі.

Ағымдағы жылы Урбанистика орталығы оң жағалаудағы негізгі аулалар мен қоғамдық кеңістіктерді жөндесе, келесі жылы жобалардың көпшілігі сол жағалауда жүзеге асырылады.

– Биыл біз «Нұржол» бульварын көгалдандыру жұмыстарын жүргіздік: көпжылдық бұталарды, гүлдер мен ағаштарды отырғыз­дық. Сондай-ақ «Бәйтерек» аумағын көгалдандырамыз. Бұл Ақорда мен Хан-Шатырды байланыстыратын бірыңғай жасыл белдеу болады, – деді Е.Базыкен.

Қалалық Урбанистика орталығы аудандық әкімдіктермен бірлесіп биыл Астанада 1 миллион ағаш отырғызуды, ал келесі жылдары оны жылына 1,2 миллион ағашқа дейін ұлғайтуды жоспарлап отыр. Осылайша, үш жыл ішінде елордада 4 миллионға дейін жаңа ағаш пайда болады. Демек, Астана келешекте жасыл желегі жайқалған әсем қалаға айналмақ.

Тағыда

Гүлбаршын Өкешқызы

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button