Басты ақпаратЕлорда тынысы

Қаланың кітапханалары

Жолым түсіп, елордадағы Шәкәрім Құдайбердіұлы көшесіндегі кітапханаға бас сұқтым. Кіреберістегі апай жылы шыраймен қарсы алды. Неше түрлі кітаптар дәлізде де самсап тұр. Көздің жауын алады. Еріксіз кідіріп, әр кітап­қа үңілесің. Көп бөгелмей «Орталықтандырылған кітапханалар жүйесі» мемлекеттік мекемесінің директоры Гүлбадан Мәдібаеваның жұмыс бөлмесіне беттедім. «Ұлық болсаң, кішік бол» дегендей, кітапхана басшысы ерекше ілтипатпен қарсы алды. Одан әрі кітапхананың әдемі залына өтіп, жарқын жүзді кітапханашылармен ой бөлістік.

Жаз – кітап оқитын мезгіл

Иә, жазда күн ұзақ. Кітап оқуға уақыт көп. Тек өзің қалаған жақсы кітапты таба алсаң болғаны. «Жазда оқырмандарды кітапханаға тарту қиындау екені рас. Жұрт еңбек демалысына шығып, қыдыру мен демалуға кетеді. Жұмыстан қолы босаған жандар бау-бақшада күнін өткізеді. Ал кітапханаға негізінен егде жастағы зейнет­керлер келеді» деп әңгімесін бастады Гүлбадан Сақтапқызы. «Бірақ, балаларын ертіп келетін ата-аналар да бар. Өзіңіз жаңа ғана баласын ертіп кірген бір-екі адамды көрдіңіз. Әртүрлі қызықты кітаптарды өздері оқып, балаларын кітап оқуға баулитын осындай адамдар. Кейбір ата-аналар үйдегі интернетті өшіріп, тегін Wi-fi-ды қосқызбай, кітап оқу мәдениетін санасына сіңіреді. Өткенде бір қыз бала: «Менің анам бір кітапты оқуды бастаса, басын көтермей оқиды, бәрін ұмытады, тіпті тамақ та ішпейді» деп күліп әңгімелеп отыр. Көп жағдайда әуелі өздері кітапханадан кітап алып оқып, соны көрсетуге ата-аналарын ертіп әкелетін балалар да бар. Өзінің артынан ерген інісі мен сіңлісін кітапханаға ертіп келетін бозбала, бойжеткендер де кездеседі. Негізінен алғанда, балалар кітапқа көп қызығады. Соны үлкендер дер кезінде байқап, қолынан келгенше көмектессе, жетіп жатыр» деді ол.

87 мың оқырманға – 760 мың кітап

Алдағы жылы 50 жылдығын атап өтетін Астана қаласы әкімдігінің «Орталықтандырылған кітапханалар жүйесі» мекемесі елордадағы 18 кітап­хананы (көпшілік, балалар) біріктіреді. Осы кітап­ханалардың кітап қорында 760 000-нан астам кітап бар дегенді естігенде таң қалғаным рас. Алайда, сол кітаптардың 160 000 данасы мемлекеттік тілде екен. Басым бөлігі орыс тілінде деген сөз. Ресми дерек бойынша, әлгі 760 000 кітапты оқитын 87 000 оқырман бар. Халқының саны 1,5 млн-ға жуықтаған қалаға 87 мың оқырман деген әрине, аздау. Бұл – кітап­ханашылардың кінәсі емес. Олар күн сайын қос білегін сыбанып алып, оқырманға кітап оқуды насихаттап-ақ жүр. Цифрлық технологиялар өмірімізге дендеп енген сайын, интернет-кітаптар санамызды жаулап барады.

Ақпарат ғасырында қағаздағы газет пен кітап былай қалып, жаңалықты да, көркем шығарманы да смартфон, планшеттен оқитын болдық. Жыл сайын интернет пайдаланушылардың саны өте жылдам өсіп барады. Мысалы, 2021 жылы әлем халқының саны 7,83 млрд адам болғанда, соның ішінде 5,22 млрд ұялы телефон ұстаған. Биыл әлем халқының саны 8 млрд-тан асты, ал интернетті пайдаланушылар саны 6 млрд. адамға жетті. Мобильді телефондар бірінші «экранымызға» айналған заманда жұртты кітап оқуға қызықтыру оңай шаруа емес. Бұл жерде кітапханалар әлеуметтік желілердің мүмкіндігін осыған пайдалануы тиіс. Қазір олар жаңа кітаптар қорға қосылған күні кітапхананың әлеуметтік желідегі парақшалары арқылы оқырманды тез құлақтандырады. Тіпті, WhatsApp арқылы оқырманның қалауы бойынша жаңа кітаптың мұқабасын, алғашқы беттерін суретке түсіріп жібере қояды екен.

Әрбір кітапхана – мәдени орталық

– Қалалық көпшілік кітапханалар – өз шағын ауданының мәдени-ағартушылық мекемелер. Көпшілік және балалар кітапханалары халықтың ең қалың ортасына кітаппен қызмет көрсетуге, ғылыми-танымдық және көркем әдебиетті насихаттауға, өскелең ұрпақты тәрбиелеуге, тұлғаның жан-жақты дамуына ықпал етуге бағытталған. Кітапханалар халықтың барлық санатына қызмет көрсетеді, қоғамдық-мәдени орталық рөлін атқарады, жеке тұлғаны әлеуметтендіруге және өзін-өзі дамытуға ықпал етеді, – деп жалғады сөзін Г.Мәдібаева.

Бұрын біз кітапханаға кітап, газет-журналдарды оқуға, үйге кітап алуға баратынбыз. Бүгін кітапханаға кітаптың тұсаукесеріне, шығармашылық кештерге, қоғамдағы адамдармен қарым-қатынас жасауға, яғни, кездесуге барамыз. Бұл қадам кітапхананың жұмыс форматын өзгертіп, толығымен көп қызмет түрін ұсына алатын мәдени, білім орталығына айналғанының дәлелі. Біз оны заманауи түрде «коворкинг-орталықтар» деп атап жүрміз. Болашақта қоғамның тұтқасын ұстайтын нағыз интеллектуал­дар кітапханадағы әртүрлі кездесулерден дүниетанымын кеңейткен, жалынды жастардан шығады. Елордадағы бірқатар кітапханаларда болғанымда, осыған менің де көзім жетті. Қалалық кітапханаларда алуан түрлі бағыттағы 14 үйірме мен 5 клубтың жұмыс істеуі – осының айқын дәлелі.

Ашық аспан астындағы кітапхана

Бұл бірегей жоба індет кезінде жүзеге асырылды. Жаздың алғашқы күнінен бастап оқыр­манды қызықтыруға таптыр­майтын тәсіл. Жобаны Байқоңыр ауданының әкімдігі, Астана қаласы орталықтандырылған кітапханалар жүйесі және Жазушылар одағының елордадағы филиалы бірлесе дамытып келеді.

Абай даңғылындағы Қаламгерлер аллеясында Kitap Qala атты ашық аспан астындағы кітапхана барын астаналықтар жақсы біледі. Аллеяда тынығып отырған жандардың кітап оқуға құштарлығы артатыны анық. Мұндайда алдымен психологиялық, мотивациялық, тарихи кітаптар сұранысқа ие. Көбінесе сөреге балаларға, жасөспірімдерге арналған әдебиеттер, әйгілі жазушылардың поэмалары, шығармалары қойылады. Кітапханашылар көңілді ойындар, танымдық викториналар өткізеді. Кітаптағы кейіпкерлердің суреттерін салады. Сөзжұмбақтарды шешу үшін көрмедегі кітаптарды парақтап, дұрыс жауабын іздейді. Сондай-ақ, бұл жерде оқырмандардың қаламгерлермен кездесіп, жаңадан жарыққа шыққан кітабын қолтаңбасымен алуға мүмкіндігі мол. Жобаның өміршеңдігін білдіретін тағы бір тәсіл – осы жерде кітапханаға тұрақты оқырман ретінде жазылуға болады. Егер бұл жазғаныма сенбесеңіздер, барып көріңіздер.

Кітапханадағы театр

«Біздерде мынадай бар, мынадай бар» дегендей, елордада Орталық балалар және жасөспірімдер кітапханасында кішкентай бүлдіршіндерге арналған «Еркетай» қуыршақ театры барын бәріміз біле бермейміз. Бір қызығы, қуыршақ театрының әртістері – сол кітап­хана қызметкерлері мен оқырмандары екен! Егер қызықты кітап іздеумен қатар қуыршақ театрының қойылымын тамашалағыңыз келсе, «Еркетайға» барыңыз. Қазір елордада үш кітапханаға жаңарту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Ол – №3, №4 балалар кітапханасы және көзі көрмейтін, нашар көретін жандарға арналған кітапхана. Кітаптарды дәл бір түрмедегідей жабық ұстауға болмайды, олар кітапханадан зердеге сөзсіз көшіп отыруы тиіс депті бір данышпан. Сол айтқандай, жаздың жаймашуақ күндерін кітап оқумен өткізейік, халайық.

Тағыда

Төлен Тілеубай

«Астана ақшамы» газетінің шеф-редакторы

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button