Басты ақпаратБілім

«Сана» – жаңа оқушылар сарайы

Астана қаласы мәслихатының депутаттары жаңадан салынған «Сана» оқушылар сарайын аралап көрді. Оқушылар сарайында 50-ден астам үйірме жұмыс істейді. Орталық жобалық қуаты бойынша бір мезгілде сағатына 700 оқушыны қабылдай алады.

«Сана» жаңа ұрпақ орталығы – мектеп оқушыларына қосымша білім беруге, өнерге баулуға арналған нысан. Биік әрі сәнді ғимарат заманауи технологиялармен, сапалы құрылыс материалдарымен бой көтеріп, барлық қажетті құрал-жабдықпен жасақталған.

– Құрылысы аяқталуға таяу орталықтың ресми ашылуы 1 қыркүйекте болмақ. Бес қабатты ғимарат 7 айда салынып бітті. Соңғы 2 айда жөндеу жұмыстары жүргізілді. Бюджеті 5 млрд теңгені құрады. Көлемі – 7 500 шаршы метр. Жобалық қуаты бойынша бір мезгілде сағатына 700 оқушыны қабылдай алады. Бұл – мемлекеттік мекеме емес, жекеменшік мекеме, – деді «Сана» жаңа ұрпақ орталығының директоры Жансерік Саттар.

Орталық жыл бойы қызмет көрсететін болады. Дегенмен, өз жұмысын мектептердің оқу кестесімен байланыста жүргізетіндіктен, орталықтың жұмысы туралы жарнамалар тарату, курстар мен үйірмелерге қабылдау жұмыстары әзірге басталған жоқ. Орталықтың әкімшілік директоры Әсел Біләлованың айтуынша, мұндағы қосымша сабақтар ақылы. Мысалы, оқушы бассейнде жаттықтырушымен бірге айына 8 рет сабаққа қатысатын болса, оның құны 20 мың теңге болуы мүмкін.

Оқушылар сарайын­да 56 бағыт ­бойынша 50-ден астам үйірме қызмет көрсетпек. Негізгі бағыттар – әлеуметтік ғылымдар, қолөнер, бейнелеу, музыка және би өнері

Оқушылар сарайында 56 бағыт бойынша 50-ден астам үйірме қызмет көрсетпек. Негізгі бағыттар – әлеуметтік ғылымдар, қолөнер, бейнелеу, музыка және би өнері. Сабақ уақыттары әртүрлі. 50, 60, 80 минут болуы мүмкін.

– Орталықта дәріс беретін мұғалімдердің 99 пайызы жинақталды. 1 қыркүйектен бастап толық құрам жұмыс істейтін болады. Үйірме жұмыстары баланың қабілетіне қарай ұйымдастырылады. Бір бала бағдарлама жасау­ға бейім болуы мүмкін, бір бала құрастыруға икемді болуы мүмкін, мұның бәрі ескеріледі. Оқушы өзі бейімделіп жатқан сала бойынша жас ерекшелігіне қарай ең төменгі деңгейден жоғары деңгейге дейін шыңдала бермек. Мысалы, технологиялар курсында бала әуелі техниканың құрылысымен танысады, бірте-бірте роботпен жұмыс істеуге дейін жаттығады. Әлеуметтік ғылымдар бағыты, тіл, бизнестің әліппесіне үйретуден бастап едік, кейін ата-аналар сұранысы бойынша математиканы да қостық. Мұнда сондай-ақ замануи журналистика дағдыларына үйрету курсы да бар, – дейді орталықтың білім және тәрбие бөлімінің жетекшісі Қазбек Елубайұлы.

Оның айтуынша, тамыз айында осы орталықта халықаралық олимпиада өткізу жоспарланып жатыр. Балаларға жеңіл тамақтануға мүмкіндік жасалған, ал ата-аналар үшін баласын күтіп отыратын орын жасақталған, тіпті олардың кішкентай бүлдіршіндеріне моторикаларын дамытатын бөлме де ойластырылған.

Осыған орай орталықтағы үйірмелерді аралап, олардың жұмысымен танысқан депутаттардың пікірін де білген едік.

– Мұндай орталықты Астанада бірінші рет көріп тұрмын. Жақсы жоба. Балалар осындай орындардан қосымша білім алатын болса, болашақта өндіріс­те, энергетикада, авиацияда жетіспей жатқан мамандардың қатарын толықтырар еді. Болашақ білікті маман үшін өз ісінің әліппесін осы жерден бастап үйренуге толық жағдай жасалған. Бәрі бар, тек ынта болса болғаны. Кеңес кезінде өндірістік оқу комбинатына қатысқан болатынбыз. Онда жүргізуші, сылақшы, металл жонушы сияқты қосымша мамандықтарды оқып шыққанбыз. Сөйтіп, мектептен қосымша мамандыққа икемделетін. Бұл жастардың өміріне де, мекемеге де керек болады, – деді мәслихат депутаты Ғабит Тәжімұратов.

– Бүгін кәсіпкер, меценат Абзал Сағымбаев мынадай үлкен ғимарат ашып жатыр. Балаларға арналған өте әдемі, сапалы салынған екен. Осындай ғимараттар көбейе бергені дұрыс деп ойлаймын. Өйткені миллион жарымға жақын тұрғыны бар елорда үшін мұндай орталықтар әлі де керек, – деді Астана қалалық мәслихаты төрағасының міндетін атқарушы Асқар Смағұлов.

Тағыда

Гүлшат Сапарқызы

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі, ақпарат саласының үздігі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button