Басты ақпаратМәдениет

«Жастар» театрының тынысы

Кеше Астана қаласының коммуникациялар қызметі алаңында қала әкімдігінің «Жастар» театры директорының орынбасары Ерболат Елубай өнер ошағының қызметі туралы баспасөз мәслихатын өткізді.

– «Жастар» театры – сан қырлылығы және жаңашылдығымен қазақ театры өнерінде өзінің орнын айшықты түрде белгілеген, жас та болса, жасампаз өнер ордаларының бірі. Театр сахнасында көрерменге ұсынылар қойылымдар жоғары көркемдік деңгейімен, әлемдік театр өнері жетістіктерін игерумен ерекшеленеді. Соңғы уақытта «Жастар» театры мюзикл жанрына ауысқан болатын. Оның ерекшелігі – оқиға желісін әрекетке, қимылға салып ықшамдап жеткізу. Жаттанды сөзді шұбатып тұрғаннан гөрі әрекет арқылы түсіндіру көпшіліктің назарын аудартып, қабылдауына жеңіл болады, – деді спикер.

Оның айтуынша, аталмыш театр 2007 жылдың 5 шілдесінде Шыңғыс Айтматов пен Әбіш Кекілбайұлының «Шыңғысхан» спектаклімен (инсценировка авторы – Жаныш Құлмамбетов, қоюшы режиссері – Нұрқанат Жақыпбай) ашылды. 16 жылдық тарихында халықаралық және республикалық байқаулардан 14 бас жүлдені иеленді. Бүгінде репертуарында 55-ге тарта спектакль бар. Театр актерлерінің 99 пайызы – Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының түлектері, театрдың негізін қалаушы Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Абай атындағы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Нұрқанат Жақыпбайдың шәкірттері.

Өнер ұжымы Оңтүстік Корея мемлекетінде Азия елдері бойынша ең ірі ХІІ халықаралық мюзикл фес­тиваліне Ғ.Мүсіреповтің «Жібек» мюзиклімен қатысты. Мюзикл жанры дамыған Франция, Ресей, Ұлыбритания, Чехия, Қытай, Корея, Тайвань сынды ірі мемлекеттермен қатар, өнер көрсету жас ұжым үшін үлкен мәртебе әрі баға жетпес тәжірибе болды.

Астананың мәдениетін дамытып, шетелдерде бас қаланы асқақтатқаны үшін өнер ордасы «Елорда жұлдызы» сыйлығын иеленген.

Биылғы жарты жыл ішінде театр 77 спектакль қойып, 144-тен астам іс-шара өткізді. Соның ішінде 105-тен астамы қойылым болса, бірлескен шаралар саны 39-дан асады. Өнер ордасының қойылымдарын 32 мыңнан астам көрермен, ал қайырымдылық шаралары аясында 2500 көрермен тамашалады.

«Жастар» театры жанында «Қанаттылар» инклюзивті театры ашылған. Бұл өнер ордасы екі жылдай бұрын көрнекті ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Гүлнар Салықбайдың «Қанаттылар» музыкалық-поэтикалық қойылымымен шымылдығын түрді. Содан бері де арада бірнеше спектакль ұсынды. Соның ішінде көрнекті жазушы-драматург, Абай атындағы Мемлекеттік сыйлықтың иегері Роза Мұқанованың шығармасы желісімен сахналанған «Қызжылаған» спектаклі көрерменнің ыстық ықыласына бөленді. Жалпы инклюзивті театр физиологиялық ерекшеліктері бар адамдардың талантын ашуға зор мүмкіндік тудырып отыр.

Алдағы жаңа маусымда қазақ әдебиетінің көзі тірі классигі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Қазақстанның Еңбек Ері Әкім Таразидің 90 жас мерейтойына орай аталмыш театрда қаламгердің «Жолы болғыш жігіт» драмасын режиссер Нұрфат Вахитов сахналамақ. Нұрқанат Жақыпбай «Дон Кихот» қойылымын қояды.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button