Жаңалықтар

ТОЙДЫҢ КӨРКІН ҚЫЗДЫРДЫ



Тіршілік атаулыға жылылық әкелетін молшылық мерекесі – Наурыз мейрамын Алматы ауданының тұрғындары да кең ауқымда атап өтті. 

Жаңа күннің жаршысындай болған дүбірлі мереке наурыздың 21-і мен 22-сі аралығында «Студенттік», «Жерұйық» саябақтарымен бірге аудан аумағындағы Промышленный және Интернациональный тұрғын алаптарында тойланды. Әсіресе, «Студенттік» саябағындағы орталық алаңға халық көп жиналды. Аудан әкімінің орынбасары Қасымхан Сенғазыев оларды Ұлыстың Ұлы күнімен шын жүректен құттықтап, мерекелік шараға қатысқан ағайынға ақжарма тілегін жеткізді. Аудан ардагерлері мен қадірлі қонақтар да осы мерекенің куәсі болып, ақ баталарын берді.

Саябақтың орталық алаңына тігілген ақшаңқан киіз үйлер алыстан менмұндалап көз тартады. Оның айналасындағы ұлттық киім киген қыз-келіншектер тойдың көркін қыздырды. Тәуелсіз елдің тарихындағы орны ерекше мереке – Наурыз мейрамында аудан тұрғындары да ұйымшылдықтың үлгісін танытты. Бұл ретте осындағы барлық мекемелер мен кәсіпорындардың қызметкерлері мерекеге қатысушылар назарына ұлттық нақыштағы мол мұраларымыздың көрмесін ұсынса, жеке кәсіпкерлер сауда жәрмеңкесін ұйымдастыруға белсене атсалысты.

Бірлігіміз бен татулығымыздың, жаңаруымыз бен жарасымды ынтымағымыздың дамуына себепші ұлы мерекеде ән мен биден шашу шашылып, білім беру ұжымдарының ұйымдастыруымен ұлттық салт-дәстүр­лерден к өріністер көрсетілді. Осылайша, мереке барысында халқымыздың дархан мінезін танытар ұлттық болмысымыз ерекше көрініс тапты.

Спорт десе ішкен асын жерге қоятын халқымыз үшін дүбірлі доданың бірі – балуандар сайысы. Қарапайым көрермендердің делебесін қоздырған бәсекеге әртүрлі салмақтағы балуандар қатысып, күш сынасты. Боз кілем үстінде белдескен балуандарымыз бар шеберліктерін сынға салып, жеңісті қолдан бермеуге тырысып бақты. Жеңімпаздардың бір тобы аудан әкімінің ақшалай жүлдесін қанжығаларына байлады.

Гүлбаршын Өкешқызы




Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button