Жаңалықтар

«Бақытты» бұзу оңай болмады

Елордадағы Қорғалжын тас жолы бойында орналасқан «Бақыт» жанар-жағармай құю стансасын мәжбүрлі түрде бұзу үшін сот орындаушыларына және басқа коммуналдық қызмет мекемелері қызметкерлеріне бірнеше сағат бойына әуреленуге тура келді.

Бірден айтайық, аталмыш саланың қызметкерлеріне жанар-жағар май стансасында ешкім қолына күрек-сайман алып қарсы шыққан жоқ. Бірақ, стансадағылар өздерінің 25 наурыз күні сағат 11.00-де мәжбүрлі түрде бұзылатынынан мүлдем хабарсыз болып шықты.
«Шынымен де шатысып келдік пе екен» деген күмәнға біз де бой алдыра бастап едік, сөйткенше болған жоқ, үлкен өрт сөндіретін машина, оның ізін ала күрегі бар алып трактор, «Астана РЭК» мамандары мінген автокөлік станса жанына жан-жағынан келіп тоқтай бастады. Бұл кезде тағы бірнеше теле­арнаның операторлары да келіп, зыр жүгіріп түсіріп жүрген. Сонда барып стансадағылар мұның бәрі әзіл еместігін ептеп ұқты-ау, жүздері сұрланып сала берді. Станса әкімгері дереу директорына қоңырау шалып жатты.

Жан-жақтан суыт келгендердің ішінде Астана қаласы мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасы бастығының орынбасары Дәулет Досқұлов та бар екен. Ол журналистерді жинап алып жанар-жағармай құю стансасы неліктен мәжбүрлі түрде бұзылатыны жөнінде түсінік берді.
Дәулет Досқұловтың айтуынша, Мамандандырылған ауданаралық сот шешіміне сәйкес 2015 жылдың 14 желтоқсанында «SKS-Bilding Kompani» ЖШС ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 426-бабы, 3-бөлімі бойынша жауапкершілікке тартылып, 200 АЕК көлемінде айыппұл төлеу және ЖШС қызметін бір ай мерзімге тоқтату жөнінде тағы бір жазаға кесілген. Бұл жаза басқарманың бұрынғы талаптарын орындамағаны үшін қолданылған. Құзырлы органдардың тілімен айтсақ, бұдан кейін де кәсіпорын басшылығына барлық жағдайды ретке келтіруге, заңдастыруға жеткілікті уақыт берілген. Алайда, ешқандай нәтиже болмаған. Мүмкін, стансаны бұза алмайды деп ойлаған шығар…
Сол күні «Бақыт» жанар-жағармай құю стансасы алдымен электр желісінен ажыратылды, одан соң құны әжептәуір ақшаны құрайтын жарнама тақтасын трактормен түйіп тастады. Ал жанар май колонкаларын трактор күрегімен түю қауіпті еді. Үлкен жарылыс туындап, айналасындағы өзге нысандарға, адамдарға зақым келтіруі мүмкін. Сондықтан арнайы мамандар ол колонкаларды бөлшектеп бұзуға кірісті.

Меңдолла НҰРЫМҰЛЫ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button