Басты ақпаратЖаңалықтар

Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ: ХАЛЫҚ СІЗДЕРГЕ ЗОР СЕНІМ БІЛДІРДІ

Алтыншы шақырылымдағы Парламенттің бірінші сессиясына қатысқан Мемлекет  басшысы  Нұрсұлтан Назарбаев жаңадан сайланған депутаттарды парламентші мәртебесін алуымен құттықтады.

Мемлекет басшысы депутаттарды Мәжіліс жұмысының басталуымен құттықтап, өткен сайлаудың еліміз үшін тарихи мәні бар екенін айтты.
– Сайлаудың нәтижесі қа­зақ­стандықтардың қазіргі және болашақ біртұтас ұлт ретіндегі тұтастық деңгейі жоғары екенін нақты көрсетіп берді. Сайлау қазақстандық бірлікті нығайтқан тарихи актіге айналды. Дауыс беру Ұлт жоспарын бүкілхалықтық қолдаудың көрінісі болды. Мен Тәуелсіздіктің 25 жылдық мерейтойы жылында өткен сайлаудың тарихи нәтижесімен қазақстандықтарды тағы да құттықтаймын. Сондай-ақ, Мәжілістің жаңа құрамындағы барлық депутаттарды парла­ментші мәртебесін алуымен құттықтаймын, – деді Қазақстан Президенті.

Нұрсұлтан Назарбаев қа­зақ­­стандықтар үшін қоғам тір­­ші­лігінің бірқатар ма­ңыз­ды салаларында жаңа мүм­кін­діктерге жол ашқан Ұлт жос­­­парын жүзеге асырудың ара­лық нәтижелеріне де егжей-тег­жейлі тоқталды.

Қазақстан Президенті алтыншы шақырылымдағы Пар­ламенттің заң шығару жұмысына қатысты бірқатар маңызды міндеттерді атады.

– Біріншіден, барлық қаржы үдерістерінің жариялылығын қамтамасыз ететін бірыңғай салық және кеден кодексін қабылдау керек. Екіншіден, «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» кодексті қабылдау арқылы осы саладағы қатынастарды рет­тейтін барлық нормалар бір заңда шоғырландырылады. Үшін­шіден, қолданыстағы электр энергетикасы мәселелері жөніндегі заңнамаға өзгерістер енгізу қажет. Бұл энергия таратушы ұйымдарды ірілендіру үдерісі үшін керек. Төртіншіден, монополияға қарсы саланы ре­формалаудың екінші кезеңі аясында бәсекелестік мәселелері жөніндегі заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізген жөн. Бесіншіден, мем­лекеттік қызметтерді бәсекелі ортаға беру саласындағы заңна­маны жаңғырту керек, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Сонымен қатар Мемлекет басшысы Мәжіліс депутаттары заң шығару үдерісінде Парламент Сенатымен арадағы сындарлы өзара іс-қимыл дәстүрін жал­­ғастыратынына сенім білдірді.

– Мәжілістің жалпы өкілеттік мерзіміне арналған заңнамалық жұмыстардың перспективалық жоспарын әзірлеу маңызды міндет болып саналады. Жаңа ахуал жағдайында Парла­мент­тің және оның палата­ла­ры­ның қоғамдық саяси рөлі мен жа­уапкершілігі артып отыр­ғанын айрықша айтқым келеді. Парламентшілердің партия­аралық өзара іс-қимылын кү­шейтіп, барлық фракциялар мен депутаттық топтардың үйлесімді жұмысына қол жеткізу керек. Қазақстан депутаттарының ха­лықаралық парламентаралық қоғамдастыққа белсене қатысуы да маңызды міндет. Жаңа депутаттар жұмысқа жедел қосы­латынына, ал бұрынғы құрам депутаттары сабақтастықты қам­тамасыз етіп, «жаңа арнаға» жедел көшетініне сенімдімін, – деді Қазақстан Президенті.

Іс-шара барысында Пар­ла­менттің жаңадан сайланған депутаттары ант берді.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button