Мәдениет

Төлегеннің «Толғауы»



Елордада шертпе күй шебері, Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қызметкері Төлеген Момбековтің «Толғау» атты күйлер жинағының таныстырылымы өтті. Жинақты құрастырушы – белгілі күйші, Қазақ ұлттық өнер университетінің профессоры Жанғали Жүзбай.

Төлеген Момбековтің шəкірті Рымхан Əбілханұлының айтуынша, Төлегеннің мұрасы 100 шақты күйден тұрады. Ал жинаққа Төлеген тартқан күйлер мен күйшінің төл туындыларын қосқанда 33 күй енген. Кітаптың тағы бір құндылығы – барлық күйлердің шығу тарихы берілген.
«Кітапқа күйлермен қатар бір хат-өлең мен дастан енгізілген. Бұл жағдай Төлегеннің күйші-композитор ғана емес, жыршы, жырау болғанын әйгілейді. Кітаптағы ерекше күйлердің бірі «250 жыл» аталады. Бұл күй Қазақстанның Ресейге қосылғанына 250 жыл толуына арналған. Бірақ осы күйді тыңдап көрсеңіздер, онда қуаныштың жоғын байқайсыздар. Керісінше, шығарманың өне бойы тұнған бір мұң. Сол сияқты, жинаққа Төлеген Момбековтің «Оңтүстік жайлауы» секілді сирек тартылатын немесе осы күндерге дейін белгісіз болып келген күйлерін енгізуге тырыстық. Тың күйлер жеке адамдардың фонотекасынан табылды» дейді Ж.Жүзбай.
Жинақтың басылуына бірнеше адам атсалысты. Соның бірі – жазушы Есқара Тоқтасынұлы Төлеген Момбековтің талай күйлері әлі жарыққа шықпай жатқанын айта келіп, оның «Қосбасар» күйі қазір ұстазы Сүгір Әліұлына телініп жүргенін, Төлегеннің «Қосбасары» мен Сүгірдің «Қосбасары» екі бөлек дүние екенін жеткізді.
Таныстырылымға арнайы келіп қатысқан Төлеген Момбековтің екінші қызы Қызжан жинақты дайындаған адамдарға әулет атынан алғыс айтты. «Қазақтану» ғылыми-зерттеу орталығының директоры Бақтыбай Жұмаділдин бірде Төлегеннің күйлерін әйгілі музыкант Юрий Башметке тыңдатқанын, сонда ол таңғалып, осыншама әуезді әуен бір аспаптан шығып жатқанына сенбегенін айта кетті.
Екі сағатқа созылған кеште Төлегеннің «Салтанат», «Бозінгеннің бүлкілі», «Қанағат» секілді бірнеше күйі тартылып, жиналған қауымды әдемі әсерге бөледі.




Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button