Қоғам

Жұртты жақсылыққа жұмылдырды

Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Қазақстан халқына Жолдауында білім мен ғылым саласына баса мән берілді. Бұл орта білім мен жоғары оқу орындарында білім сапасын жақсарту мәселесі. Осыған орай Жолдауда орынды сындар айтылған. Әрине, ол мектеп қабырғасынан оқушылардың сапалы білім алмауы болып табылады. Бұған білікті педагогтардың тапшылығы, әсіресе ауылды жерлерде білімін толықтыратын оқулықтардың жетіспеушілігі немесе ондағы кездескен олқылықтардың болуы да тікелей әсер етеді. Соңғы кездерде әлеуметтік желілерде мектепте оқытылатын оқулықтарда кездескен кемшіліктер көпшіліктің қызу талқысына алынып, түрлі қоғамдық пікірлер туындағаны белгілі. Осыған орай, Жолдаудағы орта білім сапасын көтеруде кәсіби бағыт-бағдар беру саясатына көшу, сапалы оқулықтармен қамтамасыз ету және білім беру деңгейінде дербес қаржыландыру тәртібін енгізу сияқты міндеттерді жүзеге асыруды жүктеуі аса маңызды. Жолдаудағы ауыл балаларына ерекше көңіл бөліп, дарынды балаларды отандық және шетелдік оқу орындарына даярлауда жол картасын әзірлеуді тапсыруы да өте орынды.
Президентіміз көрсеткендей, оқуға түсе алмай қалған жастардың арнайы мамандықтарының жоқтығынан жұмыссыздар қатарына қосылып, түрлі қылмыстық істерге баруы жиілеуде. Сонымен қатар оқу орнын бітіріп, бірақ мамандығымен жұмысқа орналаса алмаған жастардың қатары көбейді. Ол үшін аса қажетті, тапшы мамандар даярлауды қолға алған маңызды.
Еліміздің экономикасын, мәдениетін көтеруге қажетті білімді, білікті мамандар даярлауда жоғары оқу орындарындағы білім сапасын арттыруға да көңіл бөлініп, талап күшейтілсе, соңғы кездерде жіберіліп жатқан кемшіліктер жойылар еді. Жолдаудағы көңілге аса қонымды қойылған міндеттердің арасында әлеуметтік жағдайды күшейту, яғни отбасы, бала тәрбиесі, зорлық-зомбылықты тыю, халық денсаулығын жақсарту мәселелері де халықтың ойынан шығып, осы істе қолдау көрсетіп, бір кісідей жұмылады деп ойлаймын.

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button