Саясат

АҚШ Иранға соққы бере ала ма?

Қыркүйектің 14-і күні түнде Сауд Арабиясының әлемде өндіріс көлемі жағынан екінші орын алатын мұнай инфрақұрылымына әуеден соққы берілді. Сол кезде 10 ұшқышсыз ұшу аппаратының Saudi Aramco мемлекеттік мұнай компаниясының Хураис мұнай кеніші мен Абаик кен орнындағы бастапқы мұнай тазарту кәсіпорнына шабуыл жасалғаны баяндалды. Артынша мұны Йемендегі көтерілісші хуситтердің «Ансар Алла» ұйымы өз мойнына алды. Бірақ АҚШ бұған қарамастан, шабуылды ұйымдастырған Иран деп отыр. Ал Тегеран мұны бірден жоққа шығарды.

Иранның дрондар шабуылына қатысы барын Саудия Арабиясының сыртқы істер министрлігі өзінше дәлелдеген болды. Оның Йемендегі коалициясының өкілі, офицер Турки әл-Малики 18 қыркүйекте ұшқышсыз ұшақтар сынықтары олардың Йеменнен емес, Ираннан ұшып шыққанын айғақтайтынын баяндады. Болған оқиғаның салдарынан Саудия мұнай өндіруін екі есеге азайтып алды, бұл мұнай бағасының күрт көтеріліп кетуіне апарып соқтырды.
Дәл сол күні АҚШ президенті Дональд Трамп өзінің қаржы министріне Иранға қарсы санкцияны күшейте түсуді тапсырып, оның орындалуы үшін 48 сағат уақыт мұрсат берді. Жалпы, АҚШ пен Иран арасындағы шиеленіс Тегеранның биылғы жазда ядролық келісім шарттарын орындаудан бас тартып, Парсы шығанағына бірнеше мұнай танкерін апарып қойғанынан кейін бұрынғыдан да күшейіп кеткен еді. Мына оқиға бір жағы онсыз да ілік іздеп отырған Вашингтонның қолтығына дем бүркіген сияқты.
Бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерімен АҚШ президенті осы әрекеті үшін Иранның 15 нысанына соққы беруге өзінің дайын екенін, бірақ бұған әзір асықпайтынын мәлімдеді. Мұны ол журналистердің сұрақтарына жауап беру кезінде айтты. «Ең оңайы – сіздер (журналистер) осы жерде отырғанда менің «жігіттер, қане, бастаңдар» деуім, – деді Дональд Трамп. – Бұл Иран үшін өте жаман күн болар еді… Ең оңайы, менің ендігі қолымнан келетіні – «Қане, Иранның 15 үлкен нысанын ұрып түсіріңдер» деу. Мен мұны жасай аламын, бізде бәрі дайын тұр. Бірақ мен мұны әзір жасағым келіп отырған жоқ». «Мен мұны бір минуттың ішінде, тура осы жерде жасай алар едім, ал ол сіздерге кеңейтіп тұрып жазатын үлкен оқиға болып шығады, – деді ол сосын. – Біз соғысқа ешқашан дәл қазіргідей дайын болған емеспіз».
Трамптың айтуынша, Иранға соққы беруге асықпау АҚШ-тың әскери қуатының әлсіздігін емес, керісінше күштілігін көрсетеді. Сондықтан мұның бір аптадан кейін, не екі, үш аптадан кейін жасалуы әбден мүмкін.
Екі күннен кейін президент пәрменінің мерзімі біткен бойда қаржы ведомствосы қарсы қатқыл шаралардың бірінші бөлігі – Иран «Мелли банкіне», яғни ұлттық банкіне санкция салынғанын жариялады. «Бұл – Иранға бұрын-соңды салынған санкциялардың ішіндегі деңгейі жағынан ең жоғарысы» деп мәлімдеді Трамп 20 қыркүйекте журналистермен өткен баспасөз мәслихатында.
Иранның ұлттық банкі – 1927 жылы негізін қалаған және мемлекет бақылауында тұрған аса ірі қаржы институты. Оның активтері 2016 жылы, ядролық келісім жасалғасын бір жылдан кейін $80 млрд сомасына жетті. Банк күллі ислам әлемі мен Таяу Шығыстағы ірі қаржы орталығы болып табылады. Ал оның санкция тізіміне кіруі доллармен операция жүргізудегі мүмкіндігіне шектеу салып, Еуропа елдерімен операция жасасып тұруды қиындатады.
Бір айта кететін жайт, 2008 жылы да Иран ұлттық банкіне санкция жасалған. Негізі, ол кездегі шараның дүмпуі қазіргіден әлдеқайда күшті еді. Бұлай болатыны, ол БҰҰ-ның Қауіпсіздік кеңесі деңгейінде қабылданды. Бұған Иранның ядролық бағдарламаға демеушілік жасағаны үшін қара тізімге кіруі себеп болды. Атап айтқанда, 2007-2008 жылдары Солтүстік Кореяның Пхеньян ракета бағдарламасына тікелей қолдау көрсететін банктері мен компанияларын қаржыландырды деген айып тағылды. Бірақ БҰҰ 2015 жылы Жалпыға ортақ іс-әрекет келісімі шеңберінде бұл шектеулердің бәрін алып тастады. Ал бұдан бір жыл бұрын АҚШ Иран ислам республикасына қарсы алғашқы санкциялар пакетін енгізген кезде банктің басқарушы директоры Мохаммед Реза Хоссейнзаде аталмыш шараның мекеме іс-әрекетіне ешқандай әсері жоқ екенін, Melli Bank бөлімшелерінің бұрынғысынша жұмыс жасай беретінін мәлімдеген еді.
Қазір Ресей Таяу Шығыс институтының профессоры, сарапшы Сергей Балмасов АҚШ-тың бұл өрекпуі оның тек беделін түсіре түсетінін айтып отыр. «Трамп өте қиын жағдайда қалып отыр, – дейді ол. – Бір жағынан, Саудияның мұнай кеніштеріне жасалған шабуылға жауап қайтаруы керек, бірақ оған Конгресс рұқсат бермейді. Екінші жағынан, олай етпесе, Саудия қауіпсіздігін мойнына алған оның беделінен түк қалмайды. Бұған қоса, Американың әуе-қорғаныс күштері жүйесі Иран дорандарының шабуылына тосқауыл қоя алмай қалды. Осының өзі Штаттардың имидждік деңгейіне қатты соққы болып тиді».
Сарапшы «дрон оқиғасының» АҚШ үшін өте бір қолайсыз кезде орын алғанын тілге тиек етеді: Трамп соның алдында ғана өзінің ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңесшісі, елдегі «Иранның басты дұшпаны» Джон Болтонды отставкаға жіберіп, Иран президенті Хасан Роуханимен келіссөз жүргізілуі ықтималдылығын арттырған, ал Еуропа елдері ядролық келісімді сақтауы үшін Тегеранға $15 млрд көлемінде қаржы аударып қойған. Сөйтіп, бәрінің тігісін жатқызып келіп қалғанда, мұнай кеніштері құрылымдарына күтпеген жерден мынадай шабуыл жасалып отыр.
Трамп осылай екі оттың ортасында қалды. Енді онда шынында бір ғана жол қалған сияқты. Сондықтан Вашингтон қазіргі күндері Иранға қарсы әскери операция ұйымдастыру жайын жан-жақты талқылап жатыр. Шығыстанушы Роланд Биджамовтың айтуынша, Құрама Штаттар ең алдымен Иранның ядролық өнеркәсібі – Фордодағы уран байыту зауытын, «Бушер» АЭС-ін нысанаға алатын болады. Дегенмен, сарапшылардың көпшілігі АҚШ тізімдері қатары қалай көбейтіп жатқанына қарамастан, Пентагонның Иранға соққы беруге батылдығы жетпейтінін айтып жатыр. Осы аралықта Дональд Трамптың Таяу Шығысқа қосымша әскер жіберетіні де естіліп қалды. Ол мұны Сауд Арабиясының сұранысына сәйкес жасап жатқанға ұқсайды.

Расул АЙТҚОЖА

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button