Жаңалықтар

Толғауы тоқсан туған тіл



«Жастар» театрында Астана қаласы Тілдерді дамыту басқармасының ұйымдастыруымен ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған «Толғауы тоқсан қызыл тіл» атты этнографиялық кеш өтті.

Ежелден сөз өнерін бар өнердің басы деп санаған халқымыз тіл­дің майын тамызып сөйлеуге дағды­ланған. Тарихта өткен небір дүлдүл көсемдер мен шешендер қара қылды қақ жарып, күрмеуі қиын істерді бір ауыз сөзбен шешкен. Содан тармақталып шыққан қазақтың жыр-термелері, айтысы мен қара өлеңі, дәстүрлі әні тілге әуезділік қосады. Осы тұрғыдан алып қарағанда, музыка сөз өнерін толықтырып отырады.

Қазақ мәдениетінде күй өнерінің алатын орны да үлкен. Оның өзі іштей қобыз бен домбыра, сыбызғы күйлері болып бірнеше тармаққа бөлінеді. Басқосуда осы ұлттық құндылықтарымыз жөнінде келелі әңгіме қозғалды.

Осыдан бір жарым жылдай бұрын қазақтың домбыра күйі ЮНЕСКО-ның материалдық емес мұралар тізіміне енді. Былтыр айтыс өнері аталған әлемдік беделді ұйымның тізімін толықтырды. Ұлттық өнері­міздің қадірін әлем біліп жатқанда, өзіміздің тарапымыздан бұған деген салқын көзқарастан әлі арылмай келеміз.

Эстрадалық концерттер ұйымдас­тырылғанда жүгіреміз де, таза халықтық сипаттағы шараларды тамашалаудан қашқақтаймыз. Бала тәрбиесіндегі олқылықтар туралы жиі сөз қозғаймыз да, соның түбірін аңдамаймыз. Соның негізі қазіргі ұрпақ ұлттың уызына жарымай, өсіп келе жатқандығында. Олардың құлағына сәби кезінен қазақтың әнін, күйін, ертегілер мен жыр-термелерін құя берсек, қазіргі аянышты жағдайға жетпес едік. Философ ғалым Омар Жәлелұлы бастаған кешке қатысушылардың пікірлері осылай өрбіді. Олардың арасында жырау Алмас Алматов, белгілі күйшілер Жанғали Жүзбай мен Секен Тұрысбек, қобызшы Жаңқаш Тұраров, қазақ әнін дәріптеп жүрген әншілер Ерлан Рысқали мен Ардақ Балажанова, айтыскер ақын Еркебұлан Қайназаров болды.

Кеш атауына сай таза ұлттық сипатта өтті. Танымал өнерпаздар қазақтың әндері мен күйлерін шалқытып, көрермендерді әдемі әсерге бөледі.

А. ҚАЛЖАНОВ, astana-akshamy.kz




Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button