Қала мен Сала

«Е-ҚЫЗМЕТ» ЕНГІЗГЕНМЕН…

Астанадағы 63 мемлекеттік мекеме «Е-қызмет» ақпараттық жүйесін пайдалануда. Бұл туралы  кеше аталмыш қызметті қолданысқа ендіру жөнінде Есіл ауданы әкімінің аппаратында өткен семинар-кеңесте ҚР Мемлекеттік қызмет істері министрлігінің Астана қаласы бойынша департамент басшысы Тілеген Қаскин мәлімдеді.

Алайда қағазбастылықты жойып, мемлекеттік персоналды оңтайлы басқаруға негізделген жобаны толыққанды жүзеге асыруда бірқатар қиындықтар кедергі келтіретіні белгілі болды. Семинар барысында елордалық кадр қызметкерлері «Е-қызмет» жүйесіндегі қателер мен өңдеуді талап ететін мәселелерді қозғады. Мәселен, іссапар, еңбек және декреттік демалыс секілді түрлі бұйрықтарды жүйеге көшіру үшін ұзақ уақыт кетеді, кейде ақпараттық жүйеде ақаулар шығып, қызметкердің электронды нұсқаға көшірген жеке құжаттары сақталмай, қайта енгізуге тура келеді деді жиналғандар. Сондай-ақ, жедел сұрақтар бойынша «Е-қызмет» операторларымен байланысқа шығу мүмкіндігі сыналды. Орфографиялық қателерді жөндеуге өтініш білдірілді. «Е-қызмет» техникалық қолдау бөлімінің бастығы Ғани Зияшевтің айтуынша, ақпараттардың жүйеге ұзақ жүктелуіне бірнеше факторлар әсер етеді. «Мәселен, байланыстың жиі үзілу себебі – мемлекеттік органдардың бірыңғай көлік желісінің әлсіздігінен болуы ықтимал. Бүгінде «Kazsatnet» Ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамымен бірлесіп, бұл мәселелердің түпкі себептерін зерттеудеміз. Мемлекеттік органдардың бірыңғай көлік желісі жылдамдығын ескере отырып, байланыс желілерін кеңейту жұмыстарын қарастырып жатырмыз» деді ол. Жиын соңында аталған түсініспеушіліктерге байланысты әрбір мекемеге жақын арада «Е-қызмет» жүйесінің мамандары келіп, бағдарламаның қыр-сырын үйрететін болып ұйғарылды.

М. ЖАҚЫП, astana-akshamy.kz

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button