Басты ақпарат

ТҰРАҚТЫ ДАМУ ТҰҒЫРЫ



ЕЛОРДАДА МАУСЫМНЫҢ 15-16-СЫ КҮНДЕРІ «ЖАҢА ЭНЕРГИЯ – ЖАҢА ЭКОНОМИКА» ДЕГЕН ТАҚЫРЫППЕН X АСТАНА ЭКОНОМИКАЛЫҚ ФОРУМЫ БОЛЫП ӨТТІ. ОҒАН 100 ЕЛДЕН КЕЛГЕН 4 МЫҢНАН АСА ДЕЛЕГАТ ҚАТЫСТЫ. ОЛАРДЫҢ АРАСЫНДА САЯСАТКЕРЛЕР, ЭКОНОМИСТЕР ЖӘНЕ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ҰЙЫМДАРДЫҢ ӨКІЛДЕРІ БАР.

Астана экономикалық форумының басты қорытындысы тұрақты өсімді қамтамасыз етуге бағытталған экономикалық саясат жүргізу жөніндегі негізгі кепілдемелерді ұсынатын құжат болды. Бұл жиында әртүрлі форматта өткізілген 40 сессияда қаралған өзекті мәселелердің мазмұндарынан түзіліп алынды.
Форумның бірінші күні қатысушылар әлемдік экономиканың цифрлық трансформациясы, «жасыл» қаржыландыру мен инвес­тициялар, жаһандық сауда драйвері және оның құрылымы, тұрақты экономикалық өсуге қол жеткізу, азық-түлік қауіпсіздігі, болашақтағы «ақылды» және тұрақты қалалар, мемлекеттердің «жасыл» экономикаға көшу жағдайындағы басымдылықтар, міндетті әлеуметтік сақтандыру мәселелері бойынша пікір алмасып, ой бөлісті. Сонымен қатар, жиын шеңберінде IV халықаралық көліктік-логис­тикалық бизнес-форумы өткізіліп, осы мәселе төңірегінде қордаланып қалған проблемалардың жайына тоқталды.
– Астана экономикалық форумы келешекте Орталық Азия елдері үшін аса маңызды болып саналатын барлық мәселелерді ашық талқылайтын үлкен алаңға айналады, – деді жиынның соңында «Бреттон-Вудс» жаңарту жөніндегі комитетінің негізін қалаушы және оның директоры Марк Узан. – Бұдан аталмыш аймақ мемлекеттері зор пайда табады. Біз енді «Жаһанданудың әлі анықталмаған белгілері» деген тақырыпта үлкен конгресс өткізгіміз келіп отыр. Себебі жаһандану мәселесі қазір саяси шешімдер қабылдаушылар арасында күн тәртібіне қойылып отыр.
Форум барысында жаһан экономикасының қазіргі ахуалы мен болашағына қатысты мәселелер жөнінде кең ауқымды пікірталастар орын алды. Ол бүгінде пайда болып отырған бірқатар кедергілер жағдайында жақын жылдарда экономиканы тұрақты дамытуға қалай қол жеткізуге болатыны жайында мәселе көтерді. Сарапшылар осы орайда дамыған және дамушы нарықтардың саудадағы, инвестиция мен өндіріс­тегі баяу өсімнің қиындықтарын бастан кешіп отырғанын атап көрсетті. Қатысушылар әлем саудасы мен тауар өндірушілерінің баяу дамуына, сондай-ақ сыбайластыққа байланысты туындап отырған кедергілерді жеңудің жолдарын талқылады.
Форумның екінші күні, негізінен, Қазақстан экономикасына қатысты мәселелерді талқылауға арналды. Ол пленарлық мәжілістер түрінде өрбіді. Бұл күнгі жиынға Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев қатысты. Кеше Мемлекет басшысы, сондай-ақ, форумға келген Нобель сыйлығының лауреаттарымен және әлемнің беделді ғалымдарымен кездесті.
Елбасы өзінің сөзінде қонақтардың Қазақстан үшін маңызды уақытта келгеніне назар аударып өтті. «Бүгін біз «ЭКСПО-2017» көрмесінің аясында осы кездесуді өткізіп отырмыз. Бұл көрмені Қазақстан ұтып алып, жақында салтанатты түрде ашты. Оған әлемнің 155 мемлекеті мен 22 халықаралық ұйым қатысып жатыр. Олар өздерінің жаңа технологияларын көрсететін болады. Тақырып – жаңа энергетика. Бұл туралы қазіргі таңда бүкіл әлем айтуда. Көрменің арқасында Қазақстан жаңа технологиялар бойынша әлемнің назарын өзіне қаратып отыр. Біз осы форумда жаңа энергия мен жаңа экономика мәселелерін талқылаймыз» деді Мемлекет басшысы.
Астана экономикалық форумы қазіргі таңда күллі әлем үшін аса маңызды болып отыр­ған экономикалық өсімді тұрақты қалыпқа жеткізу жөніндегі мәселені талқылауымен ерекше есте қалатын болады.

Серік ПІРНАЗАР




Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button