Қала мен Сала

Тұрғындар тілегі – тазалық



Көппәтерлі тұрғын үй қорын тиімді басқару мәселесі қоғамда қашан да өзекті. Осыдан екі жыл бұрын қаладағы биік баспаналардың басым бөлігі басқарудың жаңа түріне көше бастағанда пісіп-жетілмеген реформаға күмәнмен қарап, әліптің артын баққандар да болды. Солардың бірі – елордадағы «Астана су сервис» ПИК-і. Өздеріне қарасты үйлердің тазалығы мен ұқыптылығын басты ұстаным ете отырып, жұмысты жүйелі жалғастырып келе жатқан кооператив мүшелерінің белсенді іс-қимылы бүгінде көпке үлгі.

2023 жылдың 1 шілдесіне дейін еліміздегі барлық ПИК меншік иелерінің бірлестіктеріне немесе жай серіктестіктерге өтуі керек болған еді. Алайда, реформа жүзеге аспай, бүгінде пәтер иелерінің кооперативтері өз жұмыстарын бұрынғыша жүргізуде. Кейбір тұрғын үй басшылары құжаттарын қайта рәсімдеп, МИБ-ке үдере көше бастағанда, Ш.Құдайбердіұлы мен Абай көшелеріндегі 8 үйге қызмет көрсететін «Астана су сервис» ПИК-інің тұрғындары басқарудың жаңа түріне өтуге асықпады. Әдеттегі қалыптан таймай, үйреншікті жұмыстарын жалғастыруда.

Біз келгенде тұрғын үй ма­ңында жүрген жұмысшылардың бірі аула тазалап, екіншісі есік алдында өсіп тұрған гүлдерді суарумен айналысып жатыр екен. Аумақ тап-таза, ағаштар да ерекше күтімде, жайқалып тұр. Бастапқыда осы ПИК-те есепші болып жұмыс істеген Талшын Рамазанқызы соңғы үш жылдан бері тұрғындардың ұсынысымен пәтер иелері кооперативінің төрайымы қызметіне кірісті.

– Біздің ПИК қазір 488 пәтерден тұратын сегіз үйге қызмет көрсетеді. 2020 жылы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту бағдарламасы бойынша Абай көшесіндегі 101-үйде кіреберісті жөндеу жүргізіліп, 2021 жылы шатыр жабыны жөнделді. Ш.Құдайбердіұлы көшесіндегі №2, №2а үйлерде насостар ауыстырылып, 7 жылу алмастырғыш жуылды. Сол жылы Ш.Құдайбердіұлы көшесіндегі №2/4 үйде ыстық және суық судың барлық құбырлары ауыстырылса, шатыр жабынын жөндеу жұмыстары да ішінара жасалды. Қазіргі таңда сол көшедегі №2 үйде жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Аумақты көгалдандыру мақсатында өзімізге қарасты үйлердің маңына 35 шырша, 10 қайың, 15 қара ағаш отырғызылды. Жыл сайын 400-ге жуық түп гүл егеміз. Алдағы уақытта аудан әкімдігінің көмегімен балалар алаңын абаттандырып, футбол ойнайтын алаңқай салу жоспарланып отыр, – деді Талшын Рамазанқызы.

Кооперативте өз ісін жетік білетін мамандар жетерлік. Атап айтсақ, инженер ­Қианбек Саденов, электрик Газез ­Тапеев, сантехниктер Мұрат Қапасов және Ислям ­Ахметбаев, аула сыпырушы Беркiмбай ­Құсайынов тұрғын үйлерге күтім жасауда уақытпен санаспайды. Құбырларды ағымдағы жөндеу, жарықтандыру, шамдарды ауыс­тыру және басқа да шаруаларды мінсіз атқарып келеді.

– ПИК шығындары пәтер иелерінің жиналысында бекітіледі, сол себепті үй тұрғыны ай сайын­ғы мақсатты алым не үшін алынатынын және ПИК қандай жұмыстарды орындайтынын білу үшін жиналысқа қатысуы тиіс. Қыс бойы біздің мамандар қар шығару, жүргінші жолдарындағы қоқыстарды жоюмен, жаз шыға гүлзарларды тазалап, арамшөптерді жұлумен айналысады. Бұл ретте «сенің жұмысың» немесе «менің жұмысым» деген түсінік жоқ. Басты ұранымыз – тазалық пен ұқыптылық. Қандай жұмысты болсын тұрғындармен кеңесіп атқаруға тырысамыз, – деді Талшын Рамазанқызы.

Жалпы, ПИК-те туындаған күрделі мәселе жоқтың қасы. Бұл, әрине жұмысты дұрыс үйлестірудің нәтижесі болса керек. Қазір тұрғындар пәтерінде жарықтың сөнбеуін, судың тәулік бойы тоқтаусыз ағып тұруын, үй маңының қоқыстан арылып, ғимараттың қасбеті мен айналасының санитарлық нормаларға сәйкес болуын, аумақтың заман талабына сай  көгалдандырылуын, тіпті балаларының алысқа бармай-ақ есік алдында алаңсыз ойнағанын қалайды. Бұл мәселе «Астана су сервис» ПИК-інде бұрыннан-ақ шешіліп қойған. Елордалықтардың жайлы әрі қауіпсіз ортада өмір сүруіне аталмыш ПИК өкілдері қолдан келгенше жағдай жасап келеді.

Әрбір тұрғын өздері өмір сүріп жатқан ортақ мүлікке – тұрғын үйге бұл тек коммуналдық қызметтердің жұмысы деп қарамай, жан-жақты қамқорлық жасауы керек.


Тағыда

Гүлбаршын Өкешқызы

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button