Қоғам

Алтынсаринмен араласқан

Әр өңір, аймақтың артында ұрпақ үлгі тұтар айшықты із қалдыр­ған белгілі тұлғалары болады. Сондай есімі Торғай, Қостанай, Ақмола өңіріне белгілі тұлға Таңат Сейдахмет ақын. «Сейдахмет ақын кім?» дегенде әлбетте алдымен тілімізге, қазақтың тұңғыш ағартушысы Ыбырай Алтынсариннің есімі оралады. Ел Ыбырай Алтынсарин мен Сейдахмет ақын жақсы араласқан, сыйлас, қадірлес дос-жаран болған деседі.

«Ыбырай Алтынсарин алғашқы хрес­томатиясына Сейдахмет ақынның «Бір нашардың әділ төреге айтқаны» атты өлеңін енгізген» дейді Ыбырай Алтынсариннің өмірбаяны жөнінде көп дерек жинаған және ағартушыны жақсы білген белгілі шәкірті – Әбдіғали Балғынбаев. Негізі Сейдахмет ақынның шығармашылығына ден қойып, алғаш ел аузынан жинақтаған революционер жазушы Сабыр Шәріпов. Ақынның ел арасынан жинақтаған өлең-жыр­ларын мемлекеттік архивке өткізген де осы Сабыр Шәріпов екен.

Сондай-ақ Сейдахмет ақын жайлы деректі ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының «Әдебиет танытқыш» атты кітабынан табамыз. Онда А.Байтұрсынұлы Сейдахмет ақынның «Мінажат» атты өлеңін талдап, арнайы тоқталады. Сол секілді белгілі ғалым, академик Қажым Жұмалиев «ХVІІІ-ХІХ ғасырдағы қазақ әдебиеті» кітабында ұлы ағартушы Ы.Алтынсариннің ықпалында болып, үлгі алған ақындардың қатарында Сейдахмет, Күдері, Ақмолда, Нұржан ақындардың аттары аталады. Сейдахмет ақынмен есімдері қатар аталған Күдері мен Ақмолда, Нұржан Наушабайұлы ХІХ ғасырда өмір сүрген қазақтың сол тұстағы ел арасында зор беделге ие болған ақындары санатына жатады.

Таңат Сейдахмет ақынның шығармашылығын түбегейлі терең зерттеп, ел аралап, тірнектеп жинақтаған белгілі қаламгер – Бөгетбай Әлмағанбетов. 1960-1980 жылдар аралығында республикалық, облыстық басылымдарда мақалалар жариялап, Сейдахмет ақынның шешендік сөздерін жарыққа шығуына үлкен тер төгіп еңбек етті. Сондай-ақ Сейдахмет ақынның өлең жырларын жинақтап «Ғибрат» атты кітабын шығаруға зор атсалысты.

Белгілі ақын-журналист Назарбек Бектемісов өзінің «Торғайдың топжарғандары» атты жинағының алғашқы беттерін Сейдахмет ақынға арнап, ақын есімін айрықша атап, Торғай ақындарының мектебін қалыптастырған ақындардың алдына шығарады. Сонымен қатар ел аузынан Сейдахмет ақынның өлең-жырларын жинақтауға қазақтың тұңғыш ақын қызы Мәриям Кәкімжанова, торғайлық ақын Омар Шипин, әйгілі Сатыбалды ишанның құран қари атанған баласы ақын Файзолла, ақын Ғазиз Әмірхамзиндер де өз үлестерін қосқандығын айта кетуіміз керек.

Жоғарыда айтып өткеніміздей, С.Шәріпов, ел аузынан Сейдахмет ақынның өлең-жыр­ларын жазып алып, архивке өткізген алғашқы Сейдахметтанушы деуімізге толық негіз бар. Жалпы Таңат Сейдахмет Бейсенұлын ел ақын, шешен деп қана емес, сонымен қатар, дүкен ұстаған зергер-ұста деп біледі. Сейдахмет ақынның өзге ақындардан және бір ерекшелігі қазақта тұңғыш қырық мысал, өлеңмен қырық хикаят жазғаны дер едік. Зерттеушілер «Сейдахмет Бейсенұлы бұқарашыл ақын» деп баға береді. Сейдахмет ақын өзінің өлеңдерінде өмір сүрген қоғам мен ортаның келеңсіз тұстарын аяусыз әшкерелеп, мінеп, шенеп отырған. Мысалға Сейдахмет ақынның елден садақа, зекет жинап, зорлық көрсеткен Нағызхан атты қожаға:

Жоқ парыз бұрын да жоқ бізге салсаң,

Малым жоқ беретұғын сөзге нансаң.

Ішкен-жеген тамағым сайда жатыр,

Қырық нәжістен бір нәжіс зекет алсаң, – дейді.

Сондай-ақ Сейдахмет ақын жұмбақ өлең де жазған. Мәселен, мына жұмбақ өлеңін Алтыбас Бекентай деген кісіге:

Құдайым мұндай өнер берген оған,

Маңайын мекен еткен лайлаған.

Бөрі мініп, ешкі ертіп, бір сағым зат,

Келеді есек өңгеріп, түйе айдаған, – деген жұмбақ өлеңін шеше алмағанда жауабын өзі былайша береді.

Қоянның құлағы еді мысалы есек,

Ернін түйе ерніне қылдым есеп.

Төрт аяғы бөрінің аяғындай,

Құйрығын ұялмаймыз ешкі десек.

Әлбетте, бұл мақалада біз Сейдахмет ақынның шығармашылығына толық тоқталып, баға беруді мұрат тұтып отырған жоқпыз. Біздің мақсатымыз – Сейдахмет ақының тұлғалық сипатын ашу. Бұл тұрғыдан келгенде, Таңат Сейдахмет Торғай өңірінен шыққан біртуар тұлға екенін көреміз. Алтын мен күмістен түйін түйген зергерлігі, қиыннан қиыстырар сөз тапқан шешендігі мен ақындығы, әнші-жыршылығы ел аузында жүрген сан қырлы қасиетке ие талант иесі екендігіне де көз жеткіземіз.

Торғай елі:

Сөйлесе сөздің шешені,

Бастаса елдің көсемі.

Сейдахмет ақынды,

Әулие адам деседі, – деп құрмет тұтады.

Сейдахмет ақын Ыбыраймен достығын пайдаланып, Қараторғай өңірінде алғаш мектеп ашуға ықпал еткен. Қайсы бір дерек Сейдахмет ақын Қараторғай болысының жарлықпен бекітілген молдасы болған дейді.

Тоқсан ауыз сөзімізді тобықтай түйін­дей келе айтарымыз, Таңат Сейдахмет – Торғай топырағынан шыққан өз заманы, өз дәуірінің артында айшықты із қалдырған ірі қайраткер тұлғасы. Кеңес кезінде елеусіз, тасада қалып, тәуелсіздік алған жылдары есімі қайыра жаңғырған ақын-шешен, зергер-ұста Сейдахмет Бейсенұлы тарихи тұлға ретінде танылуға әбден лайық.

Мүсіркеп СЕЙДАХМЕТ,

ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, «Қазақстанның құрметті журналисі»

Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button