Қала мен Сала

Тұрғындарға жайлы аулалар



Әр қаланың, әр үйдің ажарын кіргізетін жер – аула. Астана қаласындағы барлық бес аудан аумағындағы аулалар күн сайын көркейіп келеді. Мәселен, Алматы ауданының аумағындағы негізгі жұмыстар аулалар мен қоғамдық кеңістіктерді абаттандыруға бағытталған. Жалпы бұл аудан аумағында 36 сквер, 7 саябақ, 2 бульвар және 465 аула бар, оның 155-і жөндеуді қажет етеді.

Тұрғындардың бос уақытында тынығатын, се­йіл-серуен құратын осы аулалар соңғы жылдары «Халық қатысатын бюджет» жобасы арқылы абаттандырылуда. 2019 жылдан бері жүзеге асып келе жатқан жоба аясында аталмыш ауданда заман талабына сай барлық қажетті құралдармен жабдықталған аулалардағы әртүрлі жастағы балаларға арналған ойын алаңдары мен түрлі түсті қондырғылар, әткеншектер мен асфальтталған жаяу жүргіншілер жолдары – бәрі-бәрі тұрғындарға лайықталған. Мұнда немерелерін ойнатуға шыққан ата-әжелер үшін де әңгімелесіп, дидарласуға арналған жайлы орындықтар мен қоқыс жәшіктері, тіпті спортпен айналысамын дегендердің шынығуы үшін де барлық жағдай жасалған.

Алматы ауданының әкімі Мақсат Саматұлының айтуынша, бүгінгі таңда аудан аумағында барлығы 465 орамішілік аула аумағы мен 7 саябақ, 37 гүлзар орналасқан. Ағымдағы жылы аудан әкімінің аппаратымен 60 аулада абаттандыру жұмысы жоспарланып отыр. Бүгінде олардың үштен бір бөлігі орындалды. Мәселен, Ш.Құдайбердіұлы даңғылындағы №25/1, 29/1, Б.Момышұлы даңғылындағы №18, 18/1 үйлер мен Манас көшесіндегі №23/1 үйлердің ауласы «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасы шеңберінде абаттандырылуда. Мұнда балалар мен көпфункционалды спорт алаңдары, құмсалғыштар, әткеншектер пайда болды, футбол мен стритбол алаңдары, шамдар орнатылды, көшеттер отырғызылды.

Аулаларды жөндеу жұмысы осы жылдың маусым айында басталды. Жобаны талқылауға барлық үй тұрғындары қатысып, іске асыру барысында әрқайсысының пікірі ескерілді. Сондай-ақ К.Әзірбаев көшесі, 8 мекенжайындағы аулада аумақты абаттандыру жұмысы жүріп жатыр. Жалпы аумағы 2 мың шаршы метр жерге жұмысшылар тротуар төсеп, спорт және балалар ойын алаңдарын, орындықтар, урналар, шағын сәулет нысандарын орнатуда.

Биыл «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасын жүзеге асыру аясында ауданда 100-ден астам тұрғын үй кешенінің аумағын абаттандыру қарастырылған. Барлық жұмыс қазан айына дейін аяқталады.

Алдағы жылы Абылай хан даңғылы бойынша, сондай-ақ Сарайшық шағын ауданындағы аулаларды абаттандыру жалғасады. Бүгінгі таңда аудандағы барлық аула сол аумақ тұрғындарының ұсынысы мен өтініш-тілегі негізінде дамып, ажарлана түсуде.

Аула аумақтары мен қоғамдық кеңістіктерді ауқымды абаттандыру жұмысы елорданың барлық ауданында жалғасып келеді. Мұның бәрі елорда тұрғындары мен қонақтарында уақытты тиімді өткізу үшін ғана емес, белсенді спорт түрлерімен айналысу үшін де жасалуда. Бұл ретте қала тұрғындарының өтініш-тілегі ескеріліп, әрбір елордалықтың талабы жауапсыз қалмайды. Мәселен, өткен жылы елордада С.Сейфуллин көшесі 9, 9/1, Бөгенбай батыр 35, Абай 63, Тархан 9, А.Пушкин көшесі 1, 3/1, А.Кравцов, Целинный шағын ауданы және т. б. бірқатар мекенжай тұрғындарының тілегі негізінде ескірген аулалар мен бұрыннан бос жатқан жерлер және батпақты учаскелер абаттандырылды. Бұл аулаларда жаңа ойын және спорт тренажерлері орнатылып, алаңдарға резеңке төсеніштер төселді. Балалар ойнайтын аулалар шарбақпен қоршалып, түрлі түсті бояумен әрленді. Аулаларда ағаш егіліп, көгалдандыру жұмысы жүзеге асты.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Астана қаласын дамыту мәселесі жөніндегі кеңесте елорданы көгалдандыру мен абаттандыруға ерекше мән беруді тапсырған болатын. Бүгінгі таңда осы бағытта жүйелі жұмыс жүргізілуде. Сол кеңестен кейін-ақ бас қала әкімі Жеңіс Қасымбек мердігер компания­ларға құрылыс сапасымен бірге қажетті инфрақұрылым – аулаларды абаттандыру және аумақты көгалдандыру міндетін жүктеді. Осылайша биыл қолданысқа берілетін тұрғын үй кешендерінің аумағын көгалдандыру жоспары қайта қаралып, жасыл желектің саны 2,5 есе артты. Нәтижесінде қала аумағында 1 миллионнан астам жасыл желек, түрлі көшет пен көпжылдық гүлдер отырғызу жоспарланды. Есіл және Ақбұлақ өзені бойындағы саябақтарға жөндеу жұмысы жүргізілді. Оған құрылыс компаниялары да үлес қосады. Биыл жеке құрылыс салушылар өздерінің тұрғын үй кешенінің аумағында 100 мыңнан астам жасыл желек отырғызады.

Шаһар басшысының айтуынша, биыл абаттандырылған аулалар мен қоғамдық кеңістіктер, атап айтсақ, сая­бақтар, гүлзарлар, желекжолдар саны 165-тен асады. Мәселен, Қ.Мұңайтпасов, Бейбітшілік бойында жаяу жүргіншілерге арналған променадтар ашылса, «Амман» және «Абылай хан» көпірлерінің астында жаяу жүргіншілер өткелі жасалып, олар Ақбұлақ өзенінің бойындағы саябақ кластерін біріктірді. Орталық жағалаудағы тарихи көшелер жаңарып, Есілдің оң жағалауын көркейту бойынша ауқымды жұмыс жүргізілді. Сарыарқа, Байқоңыр, Алматы аудандарындағы 130-ға жуық аула мен қоғамдық кеңістік абаттандырылуда. Бүгінге дейін 50-ге жуық аула мен қоғамдық кеңістік пайдалануға берілді. Мәселен, Ақбұлақ өзені жағалауының Амман көшесінен Тәуелсіздік даңғылына дейінгі бөлігі абаттандырылды. Сондай-ақ көпірлердің астында Ақбұлақ өзенінің бойындағы саябақ кластерін жалғайтын жаяу жүргіншілер өткелдері ашылды. Қ.Сәтбаев көшесіндегі жаяу жүргіншілер жолының Қ.Мұңайтпасов көшесінен А.Петров көшесіне дейінгі бірінші бөлігі ашылды.

Есіл өзенінің жағасында Шабал Бейсекова көшесінен «Көктал» елді мекеніне қарай қоғамдық кеңістікті абаттандыру жұмысы жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар қаланың ескі орталығындағы Желтоқсан, Бейбітшілік, Бұқарбай батыр, Ә.Мәмбетов сияқты тарихи көшелер көркеюде. «Агроқалашық» елді мекеніндегі Ақан сері – Фахд бен Абдул Азиз, Кенесары-Б.Бейсекбаев, Кенесары-Егемен Қазақстан, Қордай-Н.Ахметбеков көшелерінің қиылысындағы, Абылай хан даңғылынан Ш.Құдайбердіұлы даңғылына дейінгі жағалауында, К.Әзірбаев көшесі, 10, А.Храпатый көшесі және т. б. орындарда қоғамдық кеңістіктер абаттандырылды.

Бұдан бөлек, Бөгенбай батыр даңғылында Ш.Айманов көшесінен Ш.Уәлихановқа дейінгі 10 ауланы қамтитын шаршы алаңды абаттандыру жұмысы белсенді жүріп жатыр. Сондай-ақ Ш.Құдайбердіұлы даңғылы, 5, 31, 36/3; Р.Қош­қарбаев даңғылы, 26, 39; Күйші Дина көшесі, 46/1, 46/3; Ғ.Мүсірепов көшесі, 9 және т. б. бойынша жұмыс жүргізілуде. Алматы ауданында барлығы – 66, Байқоңыр ауданында – 32, Сарыарқа ауданында 30 аула мен қоғамдық кеңістік абаттандырылды. Абаттандыру кезінде көгалдандыруға ерекше көңіл бөлінді.


Тағыда

Гүлбаршын Өкешқызы

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button