#Жаңа Қазақстан

Өз ақшасына да өсім төлейді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына Жолдауында «Отбасы банктің» қызметін қайта қарау керегін баса айтып, басты назарды облыс орталықтарына емес, аудандарға, моноқалаларға және ауылдарға аударуды талап етті.

Жалпы бұл жолы ғана емес, Президент әр Жолдауында халық тұрмысына қажетті өзекті түйіндерді ешқашан назардан қағыс қалдырған емес. Әсіресе баспана мәселесін оңтайлы шешу туралы бірнеше рет айтқан Президент бұл жолғы Жолдауында «Отбасы банктің» қызметін қайта қарау керек деген мәселені текке қозғап отырған жоқ деп ойлаймыз.

Әлеуметтік даму қарқынының үдеуі мен өмір сүру деңгейінің біртіндеп жоғарылауына сай, тұрғын үй мәселесі де маңызды мәселеге айналатыны белгілі. Өйткені тұрғын үй мәселесі тұрғындардың өмір сапасымен байланысты болып қана қоймай, бір елдің экономикалық дамуымен, әлеуметтік тұрақтылығымен де тығыз байланысты. Сондықтан баспана мәселесін шешіп, тұрғын үй саласын дамытудың мақсаты да халықтың өмір сүру деңгейін арттыру, тұрғын үй нарығында сұраныс пен ұсыныс арасындағы тепе-теңдікке қол жеткізу, сондай-ақ ұлттық экономиканың дамуына дем беру.

Қазақстанның тұрғын үй саласы 30 жылға жуық уақыт дамыды. Қала, аудандарда көптеген тұрғын үй кешені салынып, Үкімет жұрттың қажетін қанағаттандыруға тырысқанмен, баспана мәселесі – Қазақстанда әлі де өзекті тақырып. Ел тұрғындарының тұтыну өресімен салыстырғанда, үй бағасының қымбаттығы, табысы төмен және орташа отбасылардың көптігі, жастардың баспана сатып алуға экономикалық қуатының жетпеуі, банк өсімінің жоғары болуы бұл мәселенің ойдағыдай шешілуіне көлеңкесін түсіріп тұрғаны да көпке мәлім. Қатысты деректерге сүйенсек, бүгінгі таңда елімізде 621 мың адам үй кезегінде тұр, оның ішінде 402 мыңы – әлеуметтік осал топтағы жандар. Енді бұған үй кезегіне де тұра алмай, жыл – он екі ай үй жалдап, қиналып жүрген отандастарымызды қоссақ, бұл көрсеткіш бірнеше еселеніп кетеді, тіпті қазақстандықтардың тең жартысы баспанаға зәру.

«Отбасы банк» АҚ – елімізде тұрғын үй сатып алуға ыңғайлы жалғыз банк. Әрине, басқа банктер арқылы да үй алуға болады, алайда олардың несие өсімі өте жоғары болғандықтан, көп адамның қалтасы көтере бермейді. Сондықтан да үй алуға құлшынған азаматтардың көбі алдымен «Отбасы банкті» жағалайды. Алайда бұл банк арқылы үй алудың да өзіндік шарттары бар. Қарапайым тілмен айтқанда, бұл банк арқылы үй алу үшін алдымен осы банктен шот ашып, 3 жыл бойы қаржы жи­науың тиіс. Банк белгілеген тәртіп бо­йынша тұрғын үй жинаған балға сәйкес бөлінеді. Балдар депозитті толықтыру жүйелігінен және «Отбасы банктегі» депозит мерзімінен құралатындықтан, салымшының депозит ашқан уақыты ұзақ әрі жинаған қаржысы молайған сайын, соған сәйкес, балы да жоғарылайды. Бірақ бас қаладан үй алу үшін Астанада тіркеуде тұрғаныңа 2 жыл, депозит ашқаныңа 3 жыл толуы әрі алатын үйдің жалпы бағасының жарты ақшасы толық жиналған болуы шарт. Ең қызығы, депозит ашқаныңа 3 жыл толса да, үй алуға 2-3 миллион ақшаң жетпей тұрса да, сөзсіз, үй бағасының жартысын несиемен алуың керек. Егер депозит ашқанына 3 жыл толмаса, онда қазақстандықтар 3 жыл толғанша қарыз алған ақшасына 8 пайыз өлшем бойынша өсім төлеп қана қоймай, шотындағы өзі жинақтаған ақшасына да 8 пайызбен өсім төлейді. Мәселен, «Отбасы банктен» шот ашқанына 2 жыл толған азаматтар 10 миллион теңгеге үй алу үшін аталған банктен 5 миллион теңге қарыз алса, оған өзі жинақтаған 5 миллион теңгені қосып, 10 миллион теңгеге ай сайын 17 пайыз мөлшермен бір жыл бойы өсім төлейді. Қазақстандағы үй алғанға ең қолайлы банктің өзі осындай. Бұл, әрине, банкке тиімді, ал халыққа тиімсіз. Мүмкін Президент «Отбасы банктің» қызметін қайта қарау керек» дегенде банктің қарыз берудегі осындай келеңсіз жағын да меңзеген болса керек деп санаймыз. Ең бастысы, «Отбасы банк» депозит ашқан жыл мерзімін желеу етіп, азаматтарға өз ақшасының үстіне үстеме өсім төлететін қитұрқы амалын тоқтатуы керек.

 

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button