Әлеумет

Малды да маман емдесін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» Жолдауында «Ветеринария саласын жетілдіру қажет. Мал басының амандығы және өнімділігі жергілікті ветеринарлардың тиімді жұмысына байланысты. Бұл, түптеп келгенде, ауылдағы ағайынның әл-ауқатына тікелей әсер етеді. Ветеринария қызметі қазіргі заман талабына сай болмаса, ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспортын арттыру мүмкін емес» деп атап көрсеткен еді. Ендеше, Президенттің осы пәрменімен бірлестіре отырып, мал басының амандығын қадағалайтын мал дәрігерлерінің біліктілігі қандай, ауылдарда мал дәрігерлері жеткілікті ме? деген сұрауларға жауап іздеп көрейік.

Ауруын анықтамай дәрі береді

Ауылға барсам, көршіміздің жалғыз биесі аласатып ауырып тұр екен. «Таңертең сап-сау еді, аяқ астынан бұған не боп қалды?» деп иесі де әңкі-тәңкі күйде. «Шершеу емес пе?» деп едім, ол сөзімді елеген жоқ, телефон шалып, мал дәрігерін шақырды. Ол келіп аунақшып жатқан биені бір айналды да, бір бет қағазға укол-дәрі жазып беріп, «Ауданда жоқ, қаладан алдырасыңдар» деп өз жайына кетті. Ақы адал малын қарап тұрып өлтіретін емес, екінші ауылдағы мал дәрігерді шақырып еді, одан да қайыр болған жоқ. ол да 2 бет қағазды шимайлап жазып берді. «Сонда не ауру?» десем, «кім біледі..» дегендей иықтарын қисаңдатты. «Не ауру екенін білмесеңдер қалай дәрі-­укол жазып жатырсыңдар?» десем, «онда сен емдеп жазып алмайсың ба?» деп шарқ ете түсті. Жылқы көз алдымызда өлуге айналды. Сөйтіп тұрғанда Моңғолиядан көшіп келген бір азамат келе қалды да, атынан секіріп түсіп өлгелі жатқан жылқының танауын ашып көріп, «Шершеу екен, тез өткір кездік, ине, жіп әкеліңдер» деді де, білегін сыбанып іске кірісті. Жылқының танауын аздап тілді де, ісініп кеткен ақ шершеуді жіппен іліп тартып тұрды да жартылай кесіп алып тастады. «Жә, енді 15 минуттан кейін сілкініп орнынан тұрады» деді жайбарақат. Көрші-қолаңның бәрі сенер-сенбесін білмей аңтарылып қарап тұр еді, айтқанындай бие 10 минут сұлқ жатты да, аздан соң сілкініп орнынан тұрып, әлгі жігітке қарап «рақмет» дегендей оқыранып жіберді. «Енді жарты сағат кешіксе, бие өлетін еді. Шершеу – (малдың танауына шеміршек өсіп кететін ауру. Ж.Бабалықұлы, «Мал ауруларының қазақша атаулары», Алматы, Қайнар, 1986 ж.) қазақ ежелден осылай емдеген» деді ол қолын жуып жатып. «Сіз мал дәрігерісіз бе?» деп сұрадым мен. «Ой, жоға, малшының баласымыз ғой, жастайымыздан көргеніміз бар, соған сүйеніп малымыз ауырса, өзіміз емдеп аламыз. Ал мыналарға сенсең малың арам өледі, қан алып, вакцина салғаннан басқа ештеңе білмейді» деп қасымызда қарап тұрған дәрігердің бетіне айтты да кете берді.

Байқаймын, бағанағыдай емес, мал дәрігерінің де арыны басылып, жуасып қалған сияқты. Бізге бір, ауруынан айығып жайылып тұрған жылқыға бір қарап, жапақ-жапақ етеді.

– Сіздің жазып берген дәріңізді әкеліп емдейміз десек, расымен де мына жылқы арам өлетін еді. Сіз дәрігер болған 10 шақты жылдан бері осындай халықтық әдістерді үйренбедіңіз бе? – деп сөзге тартып едім, «шынымды айтсам, мұндай емдеу әдісін бірінші рет көріп тұрмын» деп ақталды.

– Бабадан жалғасқан осы өнерді қазіргі заман мал дәрігерлігімен ұштастыра білсеңдер қандай керемет болар еді, – деп өз ойымды айтып едім, анау құлықсыздық танытты.

Жалпы Қазақстанға келгелі мал дәрігерлерінің малдың ауруын дәп басып тауып емдегенін көргеміз жоқ. Келіп тексерген-сымақ болады да, «мал болмайды, сойып алыңдар» деген ақылдан әрі аспайды. Қаншама сиырдың бұзауы теріс келіп, туа алмай өлді, оған да ешқандай әдіс-амал қолдана алмайтынын байқап, біліп жүрміз. Мал дәрігерлігімен айналысатын мамандардың дені малдан қан алу, вакцина салудан басқаны білмейді. Малдан қатерлі жұқпалы ауру байқалмаса болды, күн өткізіп жүре береді.

Мамандыққа мән берілмейді

Президенттің тапсырмасынан кейін Ауыл шаруашылығын дамыту үшін үкімет тарапынан мал дәрігері мамандарына қолдау көрсету мәселесіне мән беріле бастады. Себебі мал ауырса, ауыл шаруашылығы саласы шығынға батып қана қалмай, ауру адамға жұғып, халық өміріне қауіп төнуі әбден мүмкін. Бірақ қалай айтсақ та, қанша қаржы бөлінсе де, ветеринарлар әртүрлі аурудың алдын алу үшін екпе салу, малдан алынған ет, сүт, т.б. өнімдерінің жарамды-жарамсызын анықтаудан аса алмай отыр. Малдың ауруын бір көріп білетін білікті дәрігерлер жоқтың қасы.

2012 жылдан бастап ветеринария саласының мамандары да «Дипломмен – ауылға» бағдарламасына енген-ді. Дегенмен одан бері де жағдайдың жақсарып, оңалып кеткені шамалы. Ресми мәліметтер отандық ветеринария саласындағы жұмыс орындарының                13 пайызы бос тұр деседі.

Кеңес Одағы кезінде мал дәрігерлігі саласы едәуір дамығанымен, тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында мал басы күрт кеміп, кезінде түкірігі жерге түспейтін мал дәрігерлерінің нарық заманы келгенде күні нашарлап, оның орнын  заңгер, экономист, кеденші сияқты мамандықтар басты да, мал дәрігерлігі көп ешкім оқымайтын, қызықпайтын мамандыққа айналды. Оның үстіне бұл мамандықтың табысынан жапасы басым болғандықтан, жастардың көбі мал дәрігері мамандығын оқысы келмейді. Атап айтқанда, жалақысы төмен, жұмысы көп, қысы-жазы малмен алысып қорада жүргенде алатын айлығы 100 мың теңгенің әр жақ, бер жағында. Зат бағасы қымбаттап, мұғалімдердің, орманшылардың жалақысы өсіп жатқанда, бұл сала мамандарының еңбекақысы 2013 жылдан кейін көтерілмеген. Жоғары оқу орындарында және колледждерде мал дәрігері мамандығын оқытқанымен, олар да теориялық білім беруден ары аса алмай отыр. Мамандық бойынша практикадан өткізіп, кәсіби біліктілігін шыңдау жағына мән берілмеді. Бөлінген грантты игеру үшін ғана оқытып жатқандай әсер қалдырады. Сосын да шығар, еліміздегі оқу орындарынан мал дәрігері мамандығын оқыған жастардың көбі оқу тауысқан соң, басқа кәсіптен нәпақа табуға көшеді. Соның әсерінен еліміздің 3000-ға жуық ауылында, яғни еліміздегі ауылдардың 44 пайызында ветеринар мамандары жоқ. 2013 жылы мал дәрігерлеріне берілген қызметтік «НИВА» автокөліктері де, малмен жұмыс істеуге қажет аспаптардың да тозығы жеткен.

Дәрігердің де дәті бар

Аспандияр Төреханұлы – 40 жыл мал дәрігерлігімен айналысқан маман. Сонау Моңғолия елінде осы мамандықты оқып, қызмет істей жүріп малды емдеу­дің қыр-сырын әбден меңгерген ол атажұртқа оралғаннан кейін де мал дәрігері болып жұмыс істеп келеді.

– Қазақстанда мал дәрігерлеріне мүлдем мән бермей отыр, – деп сөз бастаған ол 2000 жылдың басында өзара тәжірибе алмасу, мал дәрігерлерінің біліктілігін арттыру мақсатында семинарлар өтіп тұратынын айта келіп, – соңғы 10 жылда бірде-бір семинар өткен жоқ. Дәрігерлер өздігінен үйренейін десе, оқу құралдары да жетіспейді. Біздің қазір қорада, малдың қасында болатын уақытымыздан компьютердің алдында отыратын уақытымыз көп, мал шаруашылығын цифрландырамыз деп мал дәрігерлерін қағазбасты ғып қойды. Оған біз емес, басқа адам жауапты болуы керек еді, – дейді.

Аспандияр жаңадан оқу тауысып келген жас мамандардың оқу деңгейі өте төмен екенін де айтып қынжылды. «Мал дәрігерлерінің жалақысы өте төмен болғандықтан, жастардың көбі келгісі келмейді. Ал келетіндері қағылған-соғылған, оқуды дұрыс оқымағандар ма білмеймін, малдың ауруы түгілі, компьютерге қатысты қарапайым нәрселердің өзін дұрыс білмейді. Қолдау жоқ, жалақысы аз болғандықтан, олар да бірер айдан соң кетіп қалады. Тіпті жастардың дені мал дәрігері болудан қашады. Себебі күндіз демей, түн демей шақыруларға баруың керек. Оған қазіргі жастар шыдамайды» дейді Аспандияр.

– Мен қазір екі округтің малына жауаптымын, 2 округте 2000 сиыр, 4000 қой, 1000-нан астам жылқы бар. Осы малға екпе салу, оның деректерін компьютерге енгізу жұмыстарының бәрін өзім жалғыз істеуге мәжбүрмін. Сондықтан, біріншіден, Үкімет мал дәрігерлерінің жалақысын көтеріп, олардың біліктілігін арттыруға мән беруі керек. Екіншіден, жас мамандарға көңіл бөліп, маман тәрбиелейтін оқу орындарының да сапасын қадағалауы тиіс. Үшіншіден, мал дәрігерлерінің мүддесін заңдық тұрғыдан қорғау­ды күшейту қажет. Төртіншіден, басы артық жоспарды, дәлірек айтсақ, әлдекімдердің табыс көзіне айналып кеткен басы артық екпе егуді тоқтату керек. Мәселен, біз бір бұзауға бір жылда 7 рет екпе салып, 2 рет қан алып, жалпы жиыны 9 рет ине сұғамыз. Шын мәнінде, сол 7 екпенің кейбіреу­лерін егудің түк те қажеті жоқ. Бұдан дәрігерлер де, малшылар да қажыды. Нақтап айтсақ, біз қазір қан алу, екпе салу жұмысынан аса алмай жүрміз. Себебі Қазақстандағы жүйе солай.

 

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button