Денсаулық

Тұзды қанша тұтыну керек?



Күніне қанша мөлшерде тұз қолданасыз? Оны санап көрдіңіз бе? Әрине, тұз – ағзаның дұрыс және толассыз қызмет етіп отыруына қажет натрий хлориді. Тұз ағзадағы сұйықтықтың тепе-теңдігін, бұлшық еттің жиырылуы мен босаңсуын, жүйке жүйесіндегі импульсті реттеу сияқты маңызды қызметтерді атқарады. Алайда оны шамадан тыс пайдаланатын болсақ, ол созылмалы жұқпалы емес аурулардың пайда болу қаупін тудырады.

ДДҰ ұсынысы бойынша ересек адамдар күніне 5 грамнан артық тұз пайдаланбауы керек. 5 грамм дегеніміз – бұл 1 шәй қасық. Балалар тамағында тәулігіне тек 2 грамм ғана тұз болуы қажет. Ал соңғы рет 2017 жылы ДДҰ мен Қазақ тағамтану академия­сы бірлесіп жүргізген зерттеулер бойынша Қазақстанда орташа есеппен әрбір азамат тәулігіне 17,8 грамм тұз пайдаланатыны анықталды. Бұл жоғарыда айтылған шамадан 4 есе көп. Тұзды бұлай артық мөлшерде пайдалану артериялық қан қысымы, жүрек қан  тамырлары, ас қорыту жүйелерінің ауруларына әкелуі мүмкін. Мұндай аурулар кезінде науқастың тамағынан тұз азайтылады.

Тұздың өзін тіке салып жемесек те, жасырын түрде құрамында тұз көп болатын тамақтар болады. Олар фабрикаларда дайындалған шұжықтарда, консервіленген тағамдарда көп кездеседі. Сондықтан консервіленген тағамдарды пайдаланғанда ішіндегі суын төгіп, өнімін жуып барып тұтынғанымыз жөн. Сонымен қатар балалар жақсы көретін чипсы сияқты тағамдар құрамында да тұз көп болады. Күнделікті біздің ағзамызға артығымен түсетін тұздың 70 пайызы осы дайын өнімдерден келеді.

Тұздың мөлшерін күнделікті тағамдар құрамынан қалай азайтуға болады? Негізі табиғи өнімдер құрамында онсыз да тұз болғандықтан, тамаққа тұз қоспай жеуге болады. Бірақ адамдар оған үйренбеген, сондықтан оның орнын түрлі дәмдеуіштер арқылы алмастырған жөн. Салатқа да тұздың орнына сірке суы, лимон шырыны, сарымсақ сияқты дәмдеуіштер қосқан абзал. Дүкендерден тұз сатып аларда «йодталған» деген логотипі барын алу керек. Сондай-ақ тұздың орамасын ашқаннан кейін әр пайдаланған сайын бетін жауып қойып отыру қажет, себебі ашық тұрса, бойындағы йод ұшып кетеді де, оның түк пайдасы болмайды. Тұзды беті жабық, әйнек ыдыста күн түспейтін жерде сақтаған жөн.

 Салтанат  НАЗАРОВА,

Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығының басқарушы

директоры

 


Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button