Елорда тынысы

Әуежай жолағы жөнделеді

Елорда әуежайындағы ұшу және қону жолақтарын күрделі жөндеу сәуір айында басталады. Жобаны іске асыру инвестордың жеке қаражаты есебінен жүргізіледі. Бұл туралы Астана халықаралық әуежайында ұшу-қону жолағы мен әуе айлағын күрделі жөндеуден өткізу шарасы бойынша өткен алғашқы жиын барысында Қазақстан Рес­публикасының Көлік вице-министрі Талғат Ластаев мәлім етті.

Жиынға Қазақстандағы азаматтық авиация саласындағы мемлекеттік органдардың басшылары, ҚР мемлекеттік күзет қызметінің және Сыртқы істер министрлігінің өкілдері, әуежайды басқаруға алған Terminals Holding, Terminals Astana Airport Management LLP басшылығы қатысты.

Вице-министрдің мәлім­деуінше, Астана әуежайындағы ұшу-қону жолағын күрделі жөндеу көктемде басталады. Жөндеу кезінде әуежай жұмысын жалғастырады, тек күндізгі уақытта ұшу және қону шектеулі болуы мүмкін.

Әуежай салынғаннан бері онда тек ағымдағы жөндеу жұмысы жүргізілді. Мұндай жөндеу соңғы рет 2023 жылдың жазында болды.

– Халық тарапынан да, Мемлекет басшысының тарапынан да Астана халық­аралық әуежайының ұшу-қону жолағына қатысты әділ сын айтылып жүр. Сондықтан біз үшін елорда әуежайының әуе айлағын толықтай күрделі жөндеуден өткізу аса маңызды. Әуе айлағы мен ұшу-қону жолағы күрделі жөндеуден өткен жағдайда Астана әуежайының транзиттік потенциалы артып, ұшу қауіпсіздігі жаңа деңгейге көтеріледі. Жүк рейстерін көбірек қабылдауға әуежайдың техникалық мүмкіндігі артады, – деді Талғат Ластаев.

Қазақстан Үкіметінің Астана халықаралық әуежайын басқаруға алған шетелдік инвесторға қойған бірден-бір маңызды міндеті – әуежайдың ұшу-қону жолағын жақын арада күрделі жөндеуден өткізу. Бұл ретте вице-министр Астана халықаралық әуежайының әуе айлағы салынғаннан бері онда тек ағымдағы жөндеу жұмысының жүргізілгенін, елорда әуежайының ұшу-қону жолағы соңғы рет былтыр шілде-тамыз айларында күрделі жөндеуден өткенін жеткізді.

Абу-Дабиден тікелей бейнеқоңырауға шыққан Terminals Holding компаниясының өкілдері әуе айлағын күрделі жөндеуден өткізуге қарқынды дайындық жүргізіп жатқанын айтты. Инвесторлар қаңтар-ақпан айларында жобалық-сметалық құжаттаманы саралап, ақпан айының соңы мен наурыздың басында мердігерді анықтауға ниетті. Алдын ала жоспар бойынша наурыздың ортасына қарай мердігер Астана қаласына барлық ресурсын жұмылдыруы керек. Инвесторлардың жоспары бойынша ауа райы қолайсыздық тудырмаса, сәуірдің басына қарай әуе айлағында күрделі жөндеу басталады.

Алдын ала жоспар бойынша күрделі жөндеу 12 айға созылады. Алайда күрделі жөндеу кезінде әуежай жұмысын жалғастырады. Ұшу және қонуға күндізгі мезгілде ғана шектеу қойылуы мүмкін.

«Инвесторлардың жос­пары бойынша ауа райы қолайсыз­дық тудырмаса, сәуір айының басында әуе айлағында күрделі жөндеу басталуы тиіс. Алдын ала жасалған жоспарға сәйкес, күрделі жөндеу жұмысы 12 айға созылады. Алайда күрделі жөндеу кезінде әуежай жұмысын жалғастырады. Ұшу мен қону күндізгі уақытта ғана шектелуі мүмкін» деді вице-министр.

Тағыда

Гүлбаршын Өкешқызы

«Астана ақшамы» газетінің тілшісі

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button