Қала тіршілігіМәдениет

ҰЛТ ТАРИХЫН ТАНЫТЫП ҰРПАҒЫНА



IMG_5233

Қаламыздағы қазіргі заманғы өнер мұражайында «Астана – Бәйтерек» және «Томирис» іскер әйелдер клубтарының қолдауымен «Amina Jewels» – еліміздегі тұңғыш балалар зергерлігі брендінің ұйымдастыруымен өскелең өрендеріміздің ой-өрісін кеңейтіп, өресін биіктететін екі бірдей көрме өтті. Олардың ашылу салтанатына келушілер сапында халқымыздың сан ғасырлық тарихына қызығушылық танытатын зиялы қауым өкілдері де көп болды.

 

IMG_5160

Екі-үш күн бойы елордадағы мектеп оқушылары осында келіп әлемге танымал талантты реставратор Қырым Алтынбековтың еңбектерімен танысып, республикамыздың түкпір-түкпірінен іріктеліп шақырылған қолөнершілердің ғажайып туынды­ла­рын тамашалады. Сондай-ақ, өзде­рі­нің де өнерлерін ортаға салып, соған лайықты сый-сияпаттарын алды. Мамандықтарын жете меңгер­ген­ майталман зергерлердің шеберлік дәрістеріне қатысты.

 

Қырымның «Алтын адамы» мен асыл жабулы арғымағы…

Баяғыда біздің бабаларымыз бақуатты тұрған. Басындағы үйі, бауырындағы қазан-ошағы, ас ішер ыдыс-аяғы, күнделікті тұрмыста тұтынған басқа да бұйымдары көз сүрінер көркемдікпен көмкерілген. Тіпті, тірісі түгіл, өлісіне дейін алтынмен апталып, күміспен күп­­тел­­генін археологиялық экспо­нат­тар айғақтайды. Есіктің ескі қорған­да­ры­нан табылған сақ жауынгерінің сән-салтанаты, Берелдің белінде беделді бек иесімен бірге көмілген арғымақтың жайнаған жабуы, молаға мумияланып көмілген әйелдердің әртүрлі әшекей-үшекейлері арғы ата­ла­ры­мыздың аса жоғары талғамын аң­ғар­тады. Академик Оразақ Смағұ­лов­тың антропологиялық зерттеу нәти­же­лері аяулы ата-мекеніміздің жеті ықы­лым­нан­ бергі заңды иесі қазақтар екенін айғақтайды. Ендеше,­ ел аумағындағы мұндай тари­хи мұра­лар­ды жан-жағы­мыз­ға жал­тақ­та­май батыл иемденуге толық қақылымыз.

Кемінде екі мың жылдай топырақ астында тот басып жатқан құнды жәді­гер­лердің кейде жер бетіне қазір музейлерде көріп жүргеніміздей жарқы­ра­ған қалпында шыға келгендей әсерге бөлейтіні бар.

Ойлап қарасақ, олай емес екен. Оның қыр-сырын Қырым Алтын­бе­ков­тың өз аузынан естідік.

– Археологиялық артефакты­лар­ды қайта қалпына келтіру жұмыс­тары­мен айналысқаныма отыз жылдан асты. Бүлінгенді бүтіндеу –инемен­ құдық қазғандай қиын шаруа. Біздің дәуірімізге дейінгі дүниелерді жаң­ғыр­туға өте көп уақыт кетеді. Төзім таусылып, талай жүйке талшығы өледі. Бұ­ған мемлекеттен қаржы бөлін­бейді. Ақшаның жоқтығын алға тартып қарап отыруға тағы болмайды. Көне көмбелер аршылған кезде архе­о­логтарға көмек көрсетеміз. Дереу консервация жасалмаса, іріп-шіріген  қазылып алынған ағаш, сүйек, металл материалдар жел тиіп, күн сүйген соң күлге айналып кетеді. Сондықтан «Қырым аралы» атты өзімнің шеберханамда дайындалып, патенттелген химиялық қоспаларды қолдану арқылы бүгінде бүкіл әлем білетін «Алтын адамды», анау «Берел» жылқысының әдемі әбзелдерін, басқа да байырғы мүлік-мүкәмалдарды ұлт­тық­ қазыналарымыздың қатарына қосуға қал-қадірімше үлес қостым. Қасымда әйелім, екі қызым бастаған сенімді серіктерім еңбек етеді. Дүние жүзінің АҚШ, Ұлыбритания, Франция секілді ірі мемлекеттерінде Ана­жұр­ты­мыздың мерейін өсіріп, мәр­тебесін асырар айтулы көрмелер өткіздік.

Бұл жолы астаналық ағайын назарын негізінен ақпараттық сипат­та­ғы айшықты суреттер мен аз-кем анық­та­малық көрнекіліктерге аудармақпыз. Желкілдеп өскен жас құрақтай жет­кін­шек­тері­мізге бағзыдан бергі бабалар мұра­сын­ таныстырудың танымдық һәм тәр­биелік мәні зор, – деді ол ойын тұжырып.

Ұлтының ұлы мұраттарына қызмет етіп жүрген есті азаматтың еңбегіне тек сәттілік тілейміз.

 

Қолөнершілер қосыны

Мұражайдың басқа бір залында бас қосқан қолөнершілер көрмеге келушілерге небір өтімді өнімдерін ұсынды. Әсіресе, әйелдер жағы әсте риза. Жүз құбылған жүзіктер, сан зерлі сақиналар, бірегей білезіктер, айнадай алқалар, сәнді сәукелелер… Несін айтасыз, не кере­мет­тің бәрі бар. Көздің құрты емес пе, кейбір қыз-келіншектер сұлулық тұнып тұрған сөрелерді төңі­рек­теп кетер емес. Саудаласып жатқан жең­ге­леріміз де жетерлік.

Астаналық атақты зергер Берік Әлібай осындай көрмелерді жиірек ұйым­дас­тыру қажеттігін айтты. Өйт­кені, кейінгі толқын өкілдері туған жерінің тарихын неғұрлым тереңірек білсе, соғұрлым елжанды болып өседі. Отансүйгіштік сезімі оянып, салт-дәстүрлерімізден сабақ алады.

Аймақтардан арнайы шақырылған Икрам Рафиков, Сержан Баширов, Илья Казаков және басқа зергерлер барын салып жасаған бұйымдарының көпшілік көзайымына айналғанына  қуанып қана қоймай, кішкентай әріп­тес­теріне кәделі кәсіптің әдістерін үйретті.

Жоғарыдағы жобаның авторы Әмина Шоқпарова балаларды бабалар құндылығын бағалауға баулитын бұл бастама келешекте өз өрісін кеңейте беретінін жеткізді.

Талғат БАТЫРХАН

 


Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button