Таным

ҰЛТТЫҚ ДӘСТҮР АЙНАСЫ



обложка

Өкініші көп өмір-ай!
Бұдан біраз уақыт бұрын қазақтың көрнекті ақыны, белгілі мемлекет және қоғам қайраткері Кәкімбек Салықов редакциямызға майдангер жазушы, марқұм Әскен Нәбиевтің «Жүрекжарды» атты кітабы туралы жылы пікірін жолдаған еді. Бірақ, көп кешікпей абзал ағамыздың өзі дүниеден өтіп кетті. «Жазмыштан озмыш жоқ» деген осы. Ақиық ақынның аманатындай­ болып қалған сол мақала мен соңынан ерген қаламдас інілерінің аза-жырын­­ оқырман назарына­ ұсынғанды жөн көрдік.

Белгілі жазушы, ар­дақ­ты ағамыз Әскен Нәбиевтің бұрынғы жазған еңбек­те­рінің Ұлы Отан соғысы кезіндегі елдің өмірінің айнасындай әсер қалдырғаны ел-жұртқа аян. Ол онжылдықты бітірісімен майданға аттанды. Қырғын соғыстың ақырғы күндеріне шейін отты шепте болып, «Рейхстагқа» ту тікпесе де, қанпезер жаудың күретамырын отап, омыртқасының күлпар­ша­сын шығарған Сталинград шайқасына қатысуының өзі де бір азаматқа ел алдындағы парызын ақтарарлық ерлік жолы емес пе! Сол «не жеңе­міз,­ не жеңілеміз» дегендей, ең сын­дар­лы тарихи шайқаста жан аямай өжет ерлікпен қатынасып жүріп жарақаттанды, елге оралды. Ұлы Отан соғысының тағдырын кеш­кен Сталинград шайқасы жайлы Әсекеңнің жазған әңгімелері мен повестері қазақ әдебиетінің алтын қорына Қасым Аманжолов, Сыр­бай Мәуленов, Жұмағали Саин сияқты арыстарымыздың жыр­ла­ры­ның қатарында кірді. Соғыс уақытындағы ауыр күндер мен жылдарда жүдеп қалған ауыл өмірін де өз көзімен көріп, бірге пісіп, біте қайнасқан Әсекең тамаша кітап­та­рын­да асқан шебер­лік­пен жазды.

«Жүрекжарды» (Астана: «Фолиант», 2013) атты жаңа кітапты көргенде асыл ағаның өзін көргендей қатты қуандым. Кітаптың мұқабасында төсі ордендер мен медальдардың қызыл-жасыл белгілеріне толы Әсекең, бәз баяғы қалпында күлімдеп қана отыр екен. Жұмсақ, жылы жүзінен инабаттылық есіп, екі көзінен мөп-мөлдір мейірімділік сезімі мөлтілдеп тұр. Жаңа жинағында сан түрлі өлеңдері топтастырылыпты, көне көз қарт солдаттың ақ жарылған тамаша лирикалық тебіреністері мен естен кетпес аталы сөзі, һәм жоталы ойтолғақтары ерекше сүйсінтті. Қазақ поэзиясының терең білгірі, дана ғалым Қаныш Имантайұлы Сәтбаев: «Лирика деген адамды қажырлы да рухы биік еңбекке бас­тайтын асыл арманының ұшқын қанаты», – депті. Әсекеңнің лирикасы сол өреде, адамның жанын сергітіп, биік рухқа бастайтыны теп-тегіс, еш міні жоқ аққудың жұмыртқасындай таза қалпында көрініп тұр.

«Шаңырақ ешқашан да шайқал­масын,

Сыйластықтан басқа із байқал­масын.

Ұрпақты жалғастырар дәл төріңде

Немере-шөберелер тайтаң­да­сын!» – дегені қандай! Кеше ғана бір шөберемнің сүндетке отырып, мұсылман болғанын тойласақ, бір шөберемнің тұсауын кесіп едік. Әсекеңнің «немере-шөберелер тайтаңдасын» дегені бізді құттық­та­ғандай көрінді. Кімге болса да немере-шөберелерінің алшаң басып, ер-азамат болғаны зор бақыт қой, ақынның лирикасы арманыңа ұшқыр қанат байлап, болашақтың биігіне жетелейді.

Адамның зор қызығы да үлкен бақыты жан жары ғой. Әсекеңнің үйіндегі Фарида жеңгеміз туралы сөз етерде ағылшынның әзілқой жазушысы Джеромның: «Ақылды әйелдің жігітті мойнынан қапсыра құшақтай алған екі қолы, аспаннан тағдыр бере салған сақтап қалғыш шеңбер», – деген сөзі есіме еріксіз оралды. Сонда Әсекеңнің: «Күйеуіңмен қосқанда, он екі бірдей баланы өзің бақтың!» – дегені әрі мадақ, әрі қуаныш, зор бақыт емес пе! «Қартайғанда шал да бала» дегендей, өзінің де бәйбішесінің жанкешті ақылшысы болғанын өте әдемі жеткізіпті. «Айтылмаса сөздің атасы өледі» дегендей, Максим Горькийдің де айтқаны қызық: «Кейде әйел өзінің күйеуіне де ғашық болады», – депті. Ішінде бір бүктемесі бар бұл сөз де Фарида жеңгеміздің Әскен аға дегенде үздігіп тұратынын әдемілеп айтқандай сезіндім.

«Атандың дер кезінде Батыр Ана,

Өсірдің тәрбиелеп он бір бала.

Осы үйдің шаруасын істеп бақтың,

Шалыңды қисық болса «тістеп» бақтың», – деп өзінің де, жан жары Фариданың да кім екенін аңғартса, «Батыр Ананың» күйеуі де «Батыр жігіт» емес пе?! Он бір баланың дүниеге келуінде зор еңбегі бар «жігіттің сұлтаны» деп білемін. Шір­кін, ақыннан адал жан бар ма!­ «Қойғыздың ішіп жүрген ара­ғым­ды» деп те талайдың басынан өткен шындықты торға түскен торғайдай шырылдатады. Ал, осының өзі жұбайы­на деген шынайы алғысы ғой,­ соғыстан қайтқан солдаттар ішсе де, артық емес еді-ау! Тас­қын­дап тұрған жанартаудың от-жалы­ны­нан аман қалған Әсекең ақын жүрегімен өмір сырын тайға таңба басқандай ашық суреттеп отыр.

Қазақтың тағы бір асыл дәстүрі бойынша «құдасын құдайындай» сыйлайды. Ол да – таңғажайып өмірдің адамгершілік пен парасат­тықты, мейірбандық пен бауыр­лас­тықты сақтайтын ұлттық міне­зіміз. Орыс халқы қайны енесін қатты сөздерге қиып, айтпайтынды өлеңдетіп те, қара сөзбен де қас­қай­тып, шімірікпей айта береді. Ал қазақ­та жан жарыңның анасы өз анаң, ол да сені өз баласынан ар­тық­ көр­месе, кем көрмейді. Әскен ағаның:

«Көптен біздер құдамыз сыйласатын,

Сыйластықпен өмірде қыр асатын.

Басымызға қиындық туған шақта,

Өзара шын жүректен сыр ашатын», – деген сөздерін оқығанда құдадан артық жақының жоқ дегім келді. Әшірбек атты інім дүниеден озғалы он жыл өтті, ал оның құдасы Марат Нұриевті көргенде, мен өз інімді көргендей қуанамын. Олар өте қатты дос еді, құдалық екеуін үлкен туыстыққа жеткізіп, өзім де құданы інімдей сыйлап жүрмін. «Мың өліп, мың тірілген» көшпелі қазақтың туыстық, ағайындық сыйластықтары да – өзге көп халықтарда кездесе бермейтін, жұрағатты сақтайтын парасатты мінез. Міне, соны Әскен аға ұлағаттай білді.

Біздің тағы да бір киелі де қасиетті дәстүріміз – үлкенді сыйлау. «Атажан өз қолыңда өсіп едім, Бейне бір ағып жатқан Есіл едің», – деп Әсекең әкесіне «Атажан» деген өз сөзіне жазылған әдемі ән шығарса, атаның мейірбан мінезін сарқылмай ағып, бүкіл Сарыарқаны қуантып жатқан Есілге теңейді. Шынында да атаңның ақылмандығы, кеңпейіл ыстықтығы, тәрбиелік тағылымдары жыл – он екі ай сарқылмай ағып жатқан дариядай ғой.

Атасын сыйлау қазақ халқының шаңырағына ғана біткен салты емес, ол – ұлтына деген тағзымы, жанашырлығы. Атамекен, Ата­жұрт деген қасиетті ұғымдардың арқа­сында «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұламаны» көріп өскен қаза­ғым кең-байтақ жерін сойылымен қорғап, келер ұрпақтарға аманат еткен ата-бабасына дән разы, мәңгі борышты. Отаным, атамекенім, ана тілім деген ұғымдардың негізгі маңызы біреу, ол – біз тәуелсіз қазақпыз деген сөз. Мәңгілік қазақ елі болуды армандасақ, ата-баба­ла­ры­мыздың ежелгі армандарын орын­дауға ұмтылғанымыз деп білемін. Әскен ағаның «Атажан» деуінің өзі де бауырмалдықтың асыл жемісіндей жүрекке жылы тиіп тұр ғой.

«Жүрекжарды» деп аталған кітапта жүрек лүпілін жиілететін өлеңдер де баршылық. Соның бірі «Сағыныш сазы» атты әні бар өлеңінде:

«Бір кезде ағын судай ағындадым,

Жастықтың желігімен жалындадым.

Өсіп ек егіз туған қозыдай боп,

Бірақ сен сағынбадың, сағын­бадың», – деп жүрегіне батқан беріш­ті жібітеді, сарғайтқан сағыныштың дертін басады. Бұл өлеңге де Қаныш Сәтбаев ағамыздың: «Музыка күй­зел­ген көңілді байырғы қалпына келтіреді», – деген тамаша сөзі үйлесіп жатыр. Әскен ағамыз да сұлу сазбен іштегі күйік-шерін тарқатады. Шынтуайтқа келсек, бұл тек қана ақынның өз басынан өткен өмірдің бір жүрекжарды көрінісі емес, ақиық ақын Мұқағалидың «Бала ғашық» деп талайлардың жүрегін гүл сепкендей балқытқан өлеңі де осы «Сағыныш сазының» бір бұтақтағы жапырағы емес пе?! Бұл өлең соқпай өтпес пенде аз ғой, сағыныш шыдатпаған ғашық наз ғой деп те ойлаймын.

Шағын ғана жинақта арнаулар да аз емес. Былтырғы бір «Қазақ әдебиеті» газетінде атақты ақын, інім Жүрсін Ерманов арнаулар жинағын шығарып, бұл біздің әдебиетте бірінші жинақ деп еді. Жоқ одан әлдеқайда бұрын, 2001 жылы арнаулар жинағымды «Жанымның жақсы көрген адамдары» деген атпен Алматыда жарыққа шығарып едім. Ол жинақта 200-ден астам сыйлас, қимас жандардың аттары аталыпты. Бірақ, бұл жинағым Жүрсіннің қолына тимеген ғой. Өзінің кітабы жайлы айта келе, осы тақырыпты сөз еткенде ақ жүректен шынын айтып, арнауларға деген тым оғаш сындарлы көзқарас бар екенін сөз етіп еді, ол шындық, онысы бұрын­ғы заман үшін дұрыс сөз. Ал қазіргі тәуелсіздік берген еркіндік үшін арнау жазба деп еш адам қарсы болмайды. Мен үшін арнау болсын, қандай ғана тақырыптағы өлең болса да поэзияның оты сөнбесін. Әскен Нәбиевтің арнаулары маған жүрегі кең, жаны таза, көңілі пәк ақынның бүкіл айналасына деген ақ тілегі болып көрінді. Кейде қуаныш, кейде реніш ретінде жазылса, бәрі де – адамды бейжай қалдырмайтын туындылар. Өзінің «Алтын тойын» жырласа, ағасы Мұқанның 90 жасқа келгеніне құттықтау арнаса, балаларына, немерелеріне, шөберелеріне деген аталық қуанышын білдіріп, той шашуын жасаса бәрі де орынды. Ұлы Маратқа арнау жырында:

«Аса берсін беделің мен дәулетің,

Көрі­ніп тұрсын бұл өмірде сәулетің.

Ерке Есілдің жағасында жан балам,

Ардақтай бер Нәбиевтер әуле­тін», – десе, көзінің тірісінде өрге талпынып қанат қағысының беріктігі ұнаған баласына әкелік зор сеніммен қарап, айтып кеткен бұл жалғандағы асыл арманы, ақ тілегі деп білемін. Тап осылай қай арнауын оқысаңыз да, өмірдің бір көрінісі жаңа туған айдай көз тартады.

Нәскен ағаның «төрттағандары» да, аз да болса мәз екен. Толғауы тоқ­сан ақынның болжауы да осал емес. Абай атамыз айтқандай, «Қиуа­дан шауып, қисынын тауып» жүйелі сөзбен киелі ой қозғаған тебі­ре­ніс­те­рі, ойтолғақтары терең маңызды көрінді.

«Ерке Есілдің жағасында нұр қала,

Салтанатты сәніменен тұр дара.

Нұрсұлтанның қалауымен қалан­ған,

Астананың туын тіккен бұл қала!», – деген бір ауыз өлеңде он өлең­ге татырлық салмақ бар. Аста­на­ның авторы еліміздің Тұң­ғыш Президенті, ұлтымыздың көш­бас­шысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа алғысы іспеттес көрін­се, Астананың «Салтанатты» сәнін жақсы келтіріп, Мемлекеттік Туымызды көз алдымызда желбі­ре­тіпті. Өмір бойы жағасында жар кешіп, жайлауына мал жайып, саялы самалының жұпар желін жұ­тып өскен тұлға емес пе, өзінің Құдай берген алтын тұғырын неге ұмыт­сын, «ерке Есілді» де дұрыс кел­тір­ген. «Заман-ай, тез сырғанап өтті, кетті, кәрілік қу емендей қуып жетті», – деп қоңырау қақса:

«Бір кезде құлаш ұрдық өрге қарай,

Шығуды ұнатушы ем төрге қарай.

Білдірмей өтеді екен өмір деген

Жылжытып бара жатыр көрге қарай», – деп кең толғанып, өмір мен өлімнің философиясына үңіледі. «Жылжытып» деген бір сөздің өзі өмір кемесінің жүрісін дәлме-дәл бейнелейді. Пәкиза көңіл өмір мен өлімнің өз уәзипаларынан танбай ғана мекер ажалға қарай үнемі сырғи беретінін адами сана уәжімен мұңсыз ғана түгел сөзбен терең түсіндіреді. Өзін де сөкпейді, күш-қуат барында өрге қарай ұмтыла білгендігін айтса, құдіретті өмір үшін жан аямай талпына білгенін көрсетеді. Адамгершілік жолында үнемі алға басып, талпынып өткен азамат екенін де танытады. Күпілдек мақтан жоқ, бәрі де қарапайым, адал, таза шындық пәлсапасы. Бір шумақ өлең естен кетпес ойға қалдырады. Өлмейтұғын артында сөз қалдырғаны да осы шығар.

Тәуелсіздік заманының бастапқы күндерінен бастап, кәрілікке бой бермей Әскен аға ән мен жырын, жан толқытқан сырын ақ қағазға түсіруден 90 жасқа толғанша жалық­пады. Ол өзінің қан майданда шың­далған нағыз қайраткер азамат екенін айғақтап өтті. Нәскен Нәбиев кім десең, ол – нағыз патриот. Отан үшін отқа түсе білген, ұлты үшін өмірінің әр мезетін арнап өткен көсем сөздің де, көркем сөздің де хас шебері, ұлағатты тұлға. Тоғыз ауыз сөздің тобықтай түйінін де өз сөзімен аяқтайын:

«Түйін сөзге тоқтау еткен бабалар,

Келді кезім асыл ойды саралар.

Жас ұрпаққа сыр айтамын сүйсіне,

Нұрсұлтандай «аға барда – жаға бар».

Бүкіл өмірі, еңбек жолы, қайсар майдангерлігі жас ұрпаққа үлгі-өнеге болар Нәскен аға туған елдің жүрегінде мәңгі сақталады деп сенемін. «Жүрекжарды» атты жаңа кітабына сәт тілеймін!

Кәкімбек Салықов

 

 


Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button