Мәдениет

Ұлы Абай жапонша жырлады



Жапонияда Абай атамыздың айтулы мерейтойы аясында ақынның жапон тіліне аударылған алғашқы шығармалар жинағының таныстырылымы болды.

ҚР Сыртқы істер министрлігінің мәліметінше, аталған шараның бас қонағы Жапония Парламентінің жоғарғы палатасының Спикері Акико Санто болып, ол кісі ұлы ойшылдың философиясы адамзаттың қазіргі кезеңдегі барлық қиыншылықтарды, соның ішінде коронавирус пандемиясын еңсеру үшін даналық пен батылдыққа үйрететіндігін айтқан.
Қазақстанның Жапониядағы елшісі Ерлан Баударбек-Қожатаев Абайдың 175 жылдық мерейтойы аясында бүкіл әлем бойынша өткізіліп жатқан іс-шаралар еліміздің мәдени дипломатиясының дамуына ерекше үлес қосқанын жеткізді. Жапония Мәдениет жөніндегі агенттігінің төрағасы Рёхэй Мията өз сөзінде Абай поэзиясы мен «Манъешю» жапон өлеңдерінің көне жинағының жалпы мазмұны ұқсас болғанына тәнті болып, екі ел ежелден Жібек жолы арқылы байланысқанын баяндапты.
Кітаптың таныстырылымын күн шығыс елінде заманауи жапон поэзиясының «қозғаушы күші» деп аталып жүрген ақын және сыншы Кивао Номура жасады. Көрермендер әнші Ранканың Абайдың «Көзімнің қарасы» әнін жапон тілінде орындауына тәнті болды.
Айта кетейік, аталған кітапты ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысымен Қазақстанның Жапониядағы елшілігінің қолдауымен «Ұлттық аударма бюросы» қоғамдық қоры жүзеге асырды. Мәтіндердің әдеби аудармасын Токио шет тілдер университетінің профессоры Хироки Сакаи, қазақ әдебиетін зерттеуші Микия Нишимура, жапон-қазақ сөздігінің аудармашысы және құрастырушысы Шигенобу Масуджима жасаған.




Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button