Денсаулық

Ұжымдық иммунитет – дертке тоқтам

Қазіргі таңда коронавирус инфекциясын жұқтырудың қаупі неге жоғары? Ғалымдардың зерттеуінше, індеттің ауыр түріне шалдығып, содан жазылған адамның бойында 3-5 айдан кейін осы дертке қарсы антидене жойылады. Қазақстанда Covid-19 маусым-шілде айында жаппай таралды. Демек, шамамен содан үш айдан кейінгі уақыт – қараша мен желтоқсанда ауруды өткерген науқастардың да антиденесі бәсеңдейді. Осылайша оларда вирусты қайта жұқтыру қаупі артады. Бірақ әзірге індетке адамдардың қайтадан шалдығу оқиғалары елімізде анықталмады. Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой ғалымдардың осындай тұжырымын жеткізіп, бүгінде тұрғындар арасында ұжымдық иммунитетті қалыптастыру маңызды мәселе екенін айтты. Ол Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының бас директоры Тедрос Гебрейесустың сөзін алға тартып, адамдар арасында жаппай екпе негізінде тұрғындардың көп бөлігінде иммунитет болса, аурудың таралуы тоқтайды. Осылайша вакцина басқаратын иммунитет инфекцияны жоя алады. Вакцина әзірленгенге дейін карантин шараларын орындау керек деп тұжырымдады.

ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙ ТАҒЫ ДА ЕНГІЗІЛЕ МЕ?

Министр Алексей Цойдың айтуынша, Қазақстанда төтенше жағдай режимін қайта енгізу немесе енгізбеу мәселесі елдегі эпидемиология­лық жағдайға байланысты. «Егер жағдай мұны қажет етсе, ол енгізіледі. Бірақ біз қазір Қазақстандағы тұрақтылықты сақтаймыз деп үміттенеміз, өйткені әрбір азамат көпшілік шаралар ұйымдастыр­мау, қашықтықты сақтау, маска тағу арқылы ғана өзін және айналасын қорғауға бірлесіп атсалысады. Егер соның бәрі жасалса, онда алдағы ауыр кезеңнен карантинсіз шығуымыз мүмкін» деді ол.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының төтенше жағдайлар жөніндегі өңірлік директоры Дорит Ницанның мәлімдеуінше, коронавирустың түрлері мен формалары COVID-19 пандемиясының екінші толқыны жоқ екенін көрсеткен. Оның айтуынша, қазіргі таңда коронавируспен ауыратындар саны өсіп келе жатқан елдер мен науқастар саны азайып келе жатқан мемлекеттер де бар. «Біз бұл жағдайды күнде бақылап отырамыз, ауру жұқтырғандар саны төмен елдердегі жағдайды зерттейміз. Көптеген адамдар коронавирустың өте қауіпті ауру екенін түсінбейді. Себебі әлемдегі халықтың тек 5 пайызы ауыр халде» дейді ол. ДДҰ мәліметіне сәйкес, әлемде коронавирус жұқтырғандар саны 37 миллионнан асты. Індеттен 1 070 355 науқас көз жұмды.

КАРАНТИН ТАЛАПТАРЫ ЖИІ БҰЗЫЛАДЫ

14 қазаннан бастап бас мемлекеттік санитарлық дәрігер Жанна Пірәлиеваның Нұр-Сұлтан қаласында шектеу және карантин шараларын қатаңдату туралы қау­лысы жариялан­ды. Осы орайда елорданың басты назарға алынуына не себеп болды? Қазір ауру жұқтыру қаупі ұлғайды. Сол себепті қала деңгейінде нақты шараларды қабылдау туралы шешім қабылданды. Біз бұл шектеу шараларын қолдаймыз. Жағдайды теңестіру керек. Әлбетте, жағдай үрейлі деуге келмейді. Алайда індет жұқтырған азаматтардың саны артып кетпеу үшін алдын алу шараларын жасау керек» деді Алексей Цой.
Елорданың «қызыл аймаққа» енуі карантин талаптарының жиі бұзылуынан да көрініс табуда. Денсаулық сақтау вице-министрінің орынбасары Ерлан Қиясовтың айтуынша, мобильді мониторинг тобы карантин шараларының сақталуын тұрақты тексеруде. Соңғы үш аптада елордада ереже жиі бұзылғанын тілге тиек етті. Биыл 18 қыркүйек пен 12 қазан аралығында 5224 нысанда карантин талабы бұзылған. Тексерілген нысандардың 62 пайызы санитарлық-эпидемиологиялық және санитарлық-профилактикалық шаралар мен карантин талаптарын сақтамай жұмыс істеген.

ПТР ТЕСТ АРЗАНДАЙДЫ

Мемлекет басшысы ­Қасым-Жомарт Тоқаев індеттің екінші кезеңіне дайындық жөніндегі кеңесте әлемде зертханалар желісінің кеңейгеніне, тестілеу бағасының төмендегеніне қарамастан елімізде оның құны жоғары болып отырғанын сынға алған еді. Мәселен, біздегі ПТР тест сынағынан өту бағасы 10 мың мен 18 мың теңгенің аралығында. Бұл баға тұрғындардың басым көпшілігі үшін қолжетімді емес. Осыған орай құзырлы министрлік өкілдері Қазақстанда коронавирусты анықтайтын ПТР тесттен өту ақысы арзандайтынын жеткізді.
Олардың айтуынша, мамандарды даярлау арқылы отандық зертханалардың қуатын тәулігіне 63 мың зерттеуге дейін жеткізу көзделген. «Шығын материалдары бағасының нарықта арзандауына байланысты Денсаулық сақтау министрлігі ПТР-тест тарифін 22 пайызға дейін арзандату бойынша ұсыныс әзірледі. Сонымен қатар жеке қорғаныс құралдары мен тест-жүйе арзандады. Ұсыныс мақұлданса, осы айдың соңына дейін тариф бекітіледі» деді Алексей Цой.

ӘРЕКЕТСІЗДІККЕ ЖОЛ БЕРМЕУ КЕРЕК

Президент жанындағы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі ­Марат Шибұтов қазір коронавирустың бұрын өршіген кезіндегі жіберілген қателіктерден сабақ алуымыз қажеттігін айтады. «Бірінші толқын кезінде індетті бәрі дайындық­сыз қарсы алды. Дағдарыс кезінде еліміздегі кейбір құрылым жоқ болып кетті. Бәрі қалыпқа келген кезде ғана олар көзге көрініп, баспасөз хабарламасын тарата бастады. Ал халыққа керек кезде көзден таса болды.
Алдағы уақытта мұндай қателікке жол бермеуіміз керек. Қателіктен сабақ алып, жүйедегі кейбір құрылымның әрекетсіз отыруына жол бермеуіміз қажет. Мысалы, не үшін жемқорлыққа қарсы күрес қызметі басқа жаққа тасымас үшін немесе ешкім ұрлап кетпес үшін гуманитарлық көмекті қадағалауға мәжбүр болды? Бұл нені білдіреді? Бұл ауру өршіп тұрған кезде «СК-Фармация» дұрыс жұмыс істемегенін, қоғамның оған сенімі болмағанын білдіреді» деді ол.

ЖҰҚТЫРУ ҚАУПІН ҚАЙТСЕК АЗАЙТАМЫЗ?

Медицина саласындағы мамандар коронавирус инфекциясын жұқтыру қаупін қалай азайтуға болатынын айтты. Ол үшін көпшілік іс-шараларға, соның ішінде отбасылық, естелік, салтанатты тойлар, мерейтойлар, ас, еске алу, ойын-сауық, кинотеатрлар, көрермендердің қатысуымен спорттық т.б.шараларға, үйде өткізілетін іс-шараларға қатысты тыйым керек. Сонымен қатар күн сайын ойын-сауық орындарының және арнайы тамақтану нысандарының, ал жексенбі күндері азық-түлік сататын және сатпайтын жабық базарлардың жұмысына тыйым салу қажет.
Меншік нысанына қарамастан, қалалық нысандардың жұмыс берушілері қызметкерлердің көп бөлігін, бірінші кезекте 50 жастан асқан қызметкерлерін қашықтан жұмыс істеуге көшіріп, мектептер мен мектепке дейінгі балалар мекемелерінде кезекші топтардың жұмысын жалғастыра отырып, білім беру мекемелерінің қашықтан жұмыс істеу режимін сақтау керек.
Көп пәтерлі үйлердің кіреберістері мен балалар алаңдарын аптасына 3 рет профилактикалық дезинфекциялауды қайта бастау, қоғамдық көлікте, қоғамдық тамақтану нысандарында және демалыс орындарында әлеуметтік қашықтық пен маска режимін сақтау, оларды бақылау жөніндегі мониторингтік топтардың жұмысын қайта бастау қажет.
Қоғамдық орындарда, адамдар көп өтетін көшелерде, оның ішінде қоғамдық көлікте бетперде кию вирустың ауамен таралуына жол бермейді. Барлық адамдардың беттұмша қолдануы қоғамда дерттің жұқтыру қаупін 90 пайызға азайтады. Қоғамдық көлікпен жүрген кезде міндетті түрде маска кию, көзді, ауыз және мұрынды ұстамау, қолды өңдеу үшін антисептик қолдану, лық толған қоғамдық көлікке отырмау керек.
Мектептердегі кезекші сыныптарға баратын балалардың ата-аналарына арналған ұсынымдар қоғамдық орындардағы іс-әрекеттерге ұқсас. Бірақ ата-аналар мен мектеп басшылығы тарапынан, сондай-ақ міндетті күнделікті фильтрмен бақылау керек, егер бала сырқаттанып қалса немесе ЖРВИ белгілері анықталған жағдайда оны нақты диагноз қойылғанға және сауыққанға дейін шеттету қажет.
Тұрғындарға індеттің жаңа толқынының басталуына байланыс­ты стандартты сақтық шараларына бей-жай қарамауға, қонақ шақырып, жаппай отбасылық іс-шаралар өткізбеуге, адамдар көп жиналатын жерлерге барудан аулақ болуға, қатты қажеттілік туындамаса, қоғамдық көліктермен жүруден және шетелдерге ұшудан аулақ болуға, кішкентай, орта және жасы егде тартқан отбасы мүшелерін қорғауға кеңес беріледі. ЖРВИ белгілері пайда болған жағдайда өзін-өзі емдеумен айналыспау керек, отбасының басқа мүшелерінен оқшауланыңыз және дәрігерді үйге шақырып, медициналық көмекке жүгініңіз.

Тағыда

Райхан Рахметова

«Астана ақшамы» газетінің шолушысы

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button