Жаңалықтар

Ұлы ақынның ұлағаты



Биыл орыстың ұлы ақыны Александр Пушкиннің туғанына 220 жыл толып отыр. Соған орай елордадағы ақын ескерткіші алдында Ресей ғылым және мәдениет орталығының ұйытқы болуымен көрнекті тұлғаның мерейтойына арналған поэзия оқулары мен флешмоб ұйымдас­тырылды.

 

Бұл шараға М.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің Қазақстан филиалында оқитын студенттер, мектеп оқушылары, суреткер шығармашылығын сүйіп оқитын қала тұрғындары қатысып, ақын өлеңдерін оқыды.
Қазір Пушкин мұрасын зерттеу әлемдік деңгейге көтерілген. Қазақ қаламгері, белгілі ғалым Сауытбек Абдрахманов «Біздің Пушкин» атты еңбегінде: «Ақын мұрасының мұқият зерттелгені сондай, егер қазір Пушкиннің академиялық басылымдарындағы бір сөзді түзетіп жазудың қажеттігін дәлелдеген бір мақала жариялана қалса, ол әдебиеттану әлемінде ашық күнгі найзағайдай оқиға болар еді» деп жазады. Жалпы, ақынның тойы бас қалада ғана емес, басқа да шаһарларда басталды. Осы күні «Пушкин Қазақстанды шарлайды» деген акция ұйымдастырылды.
«Біз бұл шараны жастар үшін қызықты өткізіп отыр­мыз. Өйткені ақынның туған күні басқа елдердегі шараларға ұқсамаса деп ойладық. Бүгін Алматы, Көкшетау, Степногорск қаласында да осындай кештер өтіп, тұрғындарға ақын мұрасы кеңірек насихатталды» деді Ресей ғылым және мәдени орталығы мәдени бағдарламаларының үйлестірушісі Ольга Скальчук.




Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button