Басты ақпаратСұхбат

Ұлы ұстаз туған өңір туристік нысанға айналды



Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ­«Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты халыққа Жолдауында туризмді, әсіресе, экотуризм мен этнотуризмді дамытуға экономиканың маңызды саласы ретінде баса мән беру қажеттігін қадап айтты. Туризмді дамыту үшін қажетті инфрақұрылым жүргізуді, соның ішінде жол салып, білікті мамандар дайындауды қамтамасыз етуге ең алдымен көңіл бөлуді тапсырды.

Еліміздегі этнотуризм мен мәдени-рухани туризмді дамытуда Түркістан облысындағы Отырар ауданының әлеуеті өте зор. Бір ғана Арыстан баб кесенесіне жыл сайын мыңдаған турист ағылып келіп, зия­рат етеді. Жуырда Арыстан баб кесенесіне жолым түсіп, сол сапарда Түркістан облысындағы Отырар ауданының әкімі Әбдіғали ЖҮНІСОВКЕ жолығып, сұхбаттасқан едік. Екеуара әңгімемізге Арыстан баб кесенесінің кешегі және бүгінгі хал-күйі, Отырар қала жұртының тағдыры, Әбу Насыр әл-Фараби бабамыздың туған қаласын жаңғырту, өңірдің туристік тартымдылығын арттыру сияқты мәселелер өзек болды.

Заманауи инфрақұрылым жүргізілуде

– Әбдіғали Айтжанұлы, Отырар ауданының аумағындағы туристік тартымдылығы жоғары нысандардың бірі – Арыстан баб кесенесі. Оның қазіргі хал-күйі, туристік тартымдылығы қандай? Әңгімемізді осыдан бастасақ.
– Кеңес заманында атеизм деген ұстаным болған. Сол кезеңде Арыстан баб кесенесінің қараусыз қалғаны рас. Алайда еліміз тәуелсіздік алған соң осы нысанмен қатар Отырар ауданындағы тарихи орындардың қайта жаңғыру дәуірі басталды. Ең алдымен, Арыстан баб кесенесін Мәдениет және спорт министрлігі өзінің теңгеріміне алып, арнайы қорық-музей құрылды. 2000 жылдардың басында жерас­ты суларының жоғары болуынан кесененің төменгі тұсы тұзданған. Мәселені шешу үшін қаржы бөлініп, кесененің айналасына көлденең дренаж жүйесі салынды. Соның нәтижесінде мәселе оң шешілді. Осыдан 2 жыл бұрын туристік тартымдылықты арттыру мақсатында сол кездегі аудан әкімі Ерлан Айтахановтың бастамасымен, қолдауымен ірі жоба жасалды. Сол жобада абаттандыру, көгалдандыру жұмыстарымен қатар заманауи инфрақұрылымдық нысандар, атап айтқанда, әжетхана, жаяу жүргіншілер жолы, полиция қызметкерінің бөлмесі, гидтер отыратын орын, туристер демалатын арнайы орындар салу жоспарланған. Бұл жоба қазір іске асырылуда. Сондай-ақ кесене аумағына шағын сәулеттік формалар қойылуда.
– Бұл жерде шешімін таппай отырған қандай да бір мәселелер бар ма?
– Жоқ. Қазір шешімін тауып жатқан мәселелер көп. Мысалы, Отырар қала жұртында да дәл осындай жұмыстар атқарылуда. Облыс бюджетінен қаржы бөлініп, көне қаланың қаңқасы жасалуда. Барлық жұмыстар аяқталған соң, министрліктің құзырына тапсырамыз. Арыстан баб кесенесі мен Отырар қалашығының арасы 1,7 шақырымды құрайды. Осы аралықты абаттандыруға жобалық-сметалық құжаттама жасалуда. Өйткені зиярат етуге келген адамдар көне Отырар қалашығы жөнінде мағлұмат алады. Ол жерге үш тілде жазу жазылады. Кесенеден қалашыққа бара жатқан жолдың бойынан шағын этноқалашық салуды ұйғардық. Этноқалашықта аяқжол, көне қолөнер шеберлерінің бұйымдарын жасайтын цехтер, оларды сататын орындар болады. Облыс әкімі Өмірзақ Шүкеев ауданымыз­ға арнайы іссапармен келгенде, осы жобаларды таныстырдық. Әкім мақұлдап, келер жылдың бюджетінен қаржы бөлетінін жеткізді. Тағы бір мәселе, кесененің айналасында бос жерлер бар. Сол жер зиярат етушілерге, туристерге қолайлы болуы үшін су ішетін, демалатын орындар салуды жоспарлап, жобаны облыс бюджетіне ұсындық. Маусым айында мен Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлованың қабылдауында болдым. Министр қолдап, келісімін берді.


Археологтар Отырарды әлі қазып жатыр

– Отырар қала жұртын Тұрфан, Помпей сияқты әлемге танымал туризм орталығына айналдыруға мүмкіндіктердің бар екені жиі айтылады. Отандық археологтардың ақсақалы Карл Байпақовтың айтуынша, Отырар төбені 2-3 жылда қазып, топырақтан аршып алуға болады. Ал сол аршып алған жердегі, топырақтың астындағы құнды дүниелерді сақтау мәселесін қалай шешеміз? Жазда жаңбырдың суынан, қыста қардан қалай қорғаймыз? Климаттың әсерінен жердің астынан қазып алынған нәрселер тез бұзылады. Қазір археологтарымыз осы мәселені шешудің алуан түрлі жолдарын қарастыруда. Археолог-мамандар осы мәселені шешудің жолдарын тапты ма?
– Қазіргі сенатор Әлімжан Құртаев 2005-2009 жылдары аудан әкімі қызметін атқарып, Үкіметтің «Көне Отырарды қалпына келтіру» атты қаулы шығаруына ұйытқы болды. Сол кезеңде, сіз айт­қандай, Отырар қалашығын ашық аспан астындағы музей ретінде ашу жобасы жасалды. Жобаның құны 34 млн теңгені құрады. Бірақ экономикалық және басқа да жағдайлардың салдарынан ол тоқтап қалды. Меніңше, сол жобаларды қайта қолға алатын уақыт жетті. Бұл іске Елбасы жариялаған «Рухани жаңғыру», «Ұлы даланың жеті қыры» атты бағдарламалары оң әсерін тигізері сөзсіз. Көп ұзамай Отырар қалашығын мемлекеттік деңгейде қамқорлыққа алып, тарихын терең ашып, туристердің назарына ұсынатын күн туады. Шындығын айт­сақ, біз Отырардың тарихын толық білдік, зерттедік дей алмаймыз. Себебі археологтар мен тарихшыларымыз дәлелді заттармен елге паш етпесе, құр сөзге ешкім сенбейді. Рухани құндылықтарды өз деңгейінде қас­терлеп, тарихымызға, мәдениетімізге қатысты мәліметтер көбейген сайын Отырар өркениетіне қызығушылардың да саны артатыны анық. Расында да, біздің климатта (жауын-шашын, күннен және желден қорғау) қазып алған қалашықты сол күйінде сақтау қиынға соғады. Қазір қалашықта қазба жұмыстары жалғасуда. Айта кетейін, Отырарды қазба жұмыстары кеңес заманында, 1920 жылдары басталған еді. Бұл жердегі мәселелер әуелі саясатқа, қаражатқа келіп тіреледі. Келер жылы Отырар шайқасының 800 жылдығы деген тарихи дата бар. Қазір құзырлы министрлікпен бірлесіп, сол датаны атап өтуді ойластырып жатырмыз.

Оқсыз қалашығы – ерекше орын

– Президент Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа Жолдауында Алтын Орданың 750 жылдығын төл тарихымызға, мәдениетіміз бен табиғатымызға туристер назарын аудару тұрғысынан атап өтуді, әл-Фарабидің 1150 жылдық, Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойын атап өтуде ысырапшылдыққа жол бермей, ғұлама тұлғаларымыздың еңбектерін халық арасында дәріптеу керектігін айтты. Отырар – Ұлы даланың ұлы тұлғасы, ұлтымыздың мақтанышы – Әбу Насыр әл-Фарабидің туған жері. Осынау айтулы датаға орай Отырарда қандай іс-шаралар жүзеге асырылады?
– Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі Жолдауда әл-Фараби бабамыздың 1150 жылдық мерейтойын ел өміріндегі елеулі оқиға деп атады. Демек, бұл дата республикалық деңгейде аталып өтеді. Біз бұл мерейтойға қандай тарту жасай аламыз дегенге тоқталайын. Осы арадан (Арыстан баб кесенесі) төтесінен жүргенде 24 шақырым жерде Оқсыз деген қаланың орны бар. Тарихшылар оны Әбу Насыр әл-Фараби бабамыздың кіндік қаны тамған жер деп белгілеп отыр. Облысты Асқар Мырзахметов басқарған кезде Арыстан бабтың басынан сол Оқсыз қалашығына дейін тікелей тасжол салайық деген жоба жасадық. Бірақ оны іске асыруға көп қаражат қажет болғандықтан, тоқтап қалды. Ал Оқсызға тікесінен емес, айналма жолмен баратын болсаңыз, 70 шақырымды құрайды. Сол тасжол жөнделген. Біз Оқсыз қалашығының басын абаттандыруға арнайы жоба жасадық. Аудандық бюджеттен қаражат бөліп, жоспарлау жұмыстарын аяқтадық. Құны 300 млн теңгені құрайды. Қорық-қалашықта не салынады? Әрине, ең алдымен бүгінгі заманғы талаптарға сай қыз­мет көрсетілуі тиіс. Қазір ол жер – жай ғана дала. Сондықтан әуелі тасжол салуды ойластырып қойдық. Қалған жұмыстары одан әрі жалғаса береді. Осылайша алдағы жылы тойланатын әл-Фараби бабамыздың мерейтойына тарту жасағымыз келеді. Біздің мақсатымыз – тамыры тереңге кететін Отырар, Оқсыз қалашықтарының тарихын әлемге таныстыру арқылы туристік тартымдылықты арттыру.

Саяхатшылар саны ұлғайып келеді

– Әбдіғали Айтжанұлы, Арыс­тан баб кесенесіне, жалпы осы тарихи өңірге бір жылда қанша зиярат етушілер, туристер келеді? Қандай шетелдерден туристер көп келеді? Туристер ең алдымен қандай мәселелерге назар аударады?
– Өткен жылы Арыстан баб кесенесіне 3400-3500 адам келді. Бір қуанарлығы, биыл 7-8 айдың ішінде 2018 жылдың 12 айындағы көрсеткішке қол жеткіздік. Көңілге медет болатыны, бұл жерге тек Қазақстаннан ғана емес, шетелдерден келетін туристердің саны көбеюде. Соңғы кездері Франция, Малайзия, Канада, Ресей, Грузия сияқты елдерден туристер көп келеді. Олардың дені әуелі Самарқан, Бұхараға барып, көне Отырар қалашығы туралы ақпарат алады. Сөйтіп көне Отырарды өз көзімен көруге жолға шығады. Әрине, бұл жерде инфрақұрылым мәселесі бірінші орында тұр. Кез келген турист жол жүреді. Қай жердің жолы жақсы, қай жердікі нашар екенін жазбасында көрсетеді. Айта кетейін, Шымкент-Түркістан бағытындағы республикалық маңызы бар автокөлік жолы орташа жөндеуден өтіп, жақсарды. Қазір облыс әкімінің шешімімен Арыстан баб пен Түркістан қаласының арасындағы тасжолды 1-санаттағы жолға ауыстыру туралы жобаға байқау жарияланды. Яғни алдағы уақытта бұл жерде 4 жолақты, бір бағыттағы жол болады. Отырар ауданын дамытудың негізгі идео­логиясының екі бағыты бар. Бірі – мал шаруашылығы өнімдерінің өндірісін ұлғайту, екіншісі – туризмді өркендету. Болашақта осы жобалар сәтімен іске асырылып, бізге жүктелген мақсат-міндеттердің үдесінен толық шыға аламыз деп сендіремін!

Сұхбаттасқан
Төлен ТІЛЕУБАЙ




Тағыда

Төлен Тілеубай

«Астана ақшамы» газетінің шеф-редакторы

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button