Жаңалықтар

Ұлытау ұлағаты



Ұлытау – халқымыздың ерекше қастерлейтін мекені, ұлтымыздың ежелгі ұясы. Елімізді бірлікке, ынтымаққа ұйыстырудағы Ұлытау ұлағатының алар орны зор. Терең тамырлы тарихымыз осы қасиетті өңірмен өзектес. Ұлытаудың терең тарихы мен тағылымына Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев та талай мәрте кеңінен тоқталғаны белгілі.

«Мына өзіміз келіп отырған Ұлытау – өте қасиетті жер. Ұлытау деп аталуының өзінің тарихи мәні бар. Қазақтың ен даласының қай шетіне барсаң да, осындай қасиетті жерлер табылады…
Дегенмен, Ұлытаудың орны бір басқа».
Нұрсұлтан Назарбаев

Иә, тарихи тамыры тереңге кететін қазақ халқының көне ордасы Ұлытау жайлы тебіренбей сөз қозғау мүмкін емес. Қазақ мемлекеттігінің алғашқы қалыптасу кезеңі де осы өңірмен тығыз ұштасып жатыр. Барлық қазақ хандарының түпкі аталарының бірі Жошы хан да ұлысын осы аймақта құрғаны белгілі. Тарихшылардың айтуынша, Ақ Орданың орталығы да Ұлытауда болған көрінеді. Соның көрінісіндей, Кеңгір өзенінің жағасында осыдан 8 ғасыр бұрын бой көтеріп, барлық кескін-келбетін сақтаған Жошыхан кесенесі асқақтайды. Жанында көне орталық Ордабазар қаласының орны жатыр. Керей мен Жәнібектің Жошыдан тарайтын Орыс ханның ұрпақтары екенін еске алар бол­сақ, Қазақ хандығының қаз тұрып, қалыптасуын да Алтын орда мен Ақ орда заманынан жеке-дара алып қарау қисынсыз болар. Керей мен Жәнібектің талай жыл Дешті қыпшақты билеген Әбілқайыр ұлысынан жеке шығып, қайта орда құруы қазақ
пен өзбектің айрылған кезеңі деп бағалайтын тарихшылар да бар. Қалай дегенмен, қазақ атаулы ел оған дейін де болғаны анық. «Ноғайлы» атанған заман да өткен. Сондықтан да мың жылдыққа бастайтын Ұлытау тарихы тым тереңде. Ең қуаныштысы, бүгінде қасиетті өңірдің өткенін саралап, шежіресін салмақтауға жаңаша бетбұрыстар жасалып жатыр.
Ұлытау – ұлтымыздың ұраны, бірлігіміздің – түп қазығы. Өйткені Алаштың ханы – Алашадан бастап, ең соңғы дала ханы Кенесарыға дейінгі қазақ хандарының көбісі осында ұлықталып, ордасын осы өңірде тіккен. Баба таудың баурайынан елін ұйытар сөз айтып, осы арадан жауға аттанған. Бүкіл қазақ халқын біріктіру арқылы ұлан-ғайыр әскери күшке ие болған Әз Жәнібектің тоғыз ұлының бірі Қасым ханның 1510 жылы Ұлытауды қыс­тап шығып, Шайбаниға қатты соққы бергені тарихтан белгілі. Мәшһүр Жүсіп өзінің шежіре қолжазбасында: «Ол тақты Сарайшықтан көшіріп, Ұлытауға орнатыпты. Қазақты ел қатарына қосып кеткен осы – Қасым хан. Қазақтың ішінде «Қасым ханның қасқа жолы» деген сөз үлгі-өсиет болып қалды» деп жазғаны бар. Қазақтың ұлы ханы Абылай да ордасын Ұлытауда тіккен кезең болған. Қазақтың кең даласын ат тұяғымен дүбірлеткен бабаларымыз айналшақтап Бабатау­ға ат басын қайта-қайта тіреп, елдік іске бел байлауы да тегін емес қой.
Жоңғар шапқыншылығы кезінде үш жүздің беткеұстар билері – Төле, Қаздауысты Қазыбек және Әйтеке билер қазақтың басын біріктіре отырып, осы өңірдегі Арғанаты баурайындағы Балбұлақтың басындағы келелі кеңесте ел тағдырын шешкені де айтылып жүр. Қазақтың Бөгенбай, Қабанбай бастаған батырлары мен үш жүзден құ­ралған жауынгерлері 1727 жы­лы Бұланты-Білеуті өзенде­рінің бойындағы Қарасиыр деген жер­де жоңғарларды күйрете жеңіп, халқымыздың болашағын сақтап қалғаны да тарихымыздың айшықты беттерінің біріне айналған. Халқымыздың бірлікке, елдікке пәтуаласқан қасиетті мекені бұл. Әз Тәукеден бастап қазақ хандарын ақ киізге салып ұлықтаған ұлағатты ордамыз да осы жер. Сол заманның куәсіндей «Хан ордасы» ескерткіші қасиетті өңірде қасқайып тұр.
Еліміз Тәуелсіздікке қолы жеткен соң ежелгі мекен, ескі жұрттың сыр-сипаты бұрынғыдан да айқын ашыла түсті. Толғамды тарихи шығармалар жазыла бастады. Қасиетті өңірді аңсап, іздеп келушілер көбейді. Әлі есімде, 1992 жылдың қоңыр күзінде Дүниежүзі қазақтарының алғашқы құрылтайына қатысуға келген қандастарымыздың бір тобы арнайы Ұлытауға ат басын бұрып, бабалар ізі қалған жерді ағыл-
тегіл сағынышпен құшып, құшақтарына ерекше тебіреніспен құшырлана басқан еді. Ел аза­маттары арасында қазақ хал­қының бірлігін айшықтайтын Ұлытауда бір белгі қою туралы орынды ой да сол жолы қозғалған болатын. «Бітер істің басына, жақсы келер қасына» дегендейін, көп кешікпей-ақ ұлт ұясы Ұлытауға Тәуелсіз Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың арнайы ат басын бұруы айтулы тарихи оқиға болды.
Елбасының 1993 жылдың 15 қыркүйегіндегі Ұлытауға алғашқы сапары Тәуелсіздігіміздің үшінші жылына қадам басқан елең-алаң кезеңмен тұспа-тұс келген еді. Арнайы сапар барысында Нұрсұлтан Әбішұлы қасиетті өңірдің тарихи орындарын аралап көрді. Ел бірлігін сақтау туралы осы жолы тебірене әңгімеледі. «Біз Тәуелсіздігімізді жарияладық. Саяси тәуелсіздігіміз бар, ал енді аяғымыздан тік тұрып нағыз Тәуелсіз мемлекет болуға бірталай жағдай керек. Біраз жылдар керек. Көп жұмыстар істелуге тиіс» дей келіп Елбасы ең алдымен өз халқымыздың бірлік пен ынтымақта болуына айрықша тоқталған-тын.
Ұлытау – халқымыздың ел болып қалыптасуының, береке-бірлігінің алтын діңгегі. Елбасының екінші сапары да осыны айғақтағандай еді. Арада 21 жыл өткен соң 2014 жылғы тамыз айында Мемлекет басшысының Ұлытауға қайта ат басын бұруы да тегін емес қой. Жезқазғанда «ғасыр жолы» аталған Жезқазған – Бейнеу және Арқалық – Шұбаркөл теміржол магистральдарының тұсауын кесіп, одан Ұлытаудың төріне келіп сұхбат беруі тек аймақ тұрғындары үшін емес, жалпы қазақ халқы үшін айтулы оқиға болды. Әулие­тау баурайындағы Әулиебұлақ басындағы Елбасының тебірене айтқан әңгімесінің мазмұны
терең, тағылымы зор болды. Ұлытау ұлағатына бүкіл ел назарын аударған осы тарихи толғаныс туралы әлі де талай толғамды ой өрбітсе артық емес.
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлытау тө­ріндегі сұхбаты» ел назарын қатпар-қатпар тарихымыздың терең тұңғиығына аударды. Кеше ғана болған ел емеспіз, тамырымыз тереңде екенін сыпайылап отырып сырт елге де ұқтырды. «Біздің елдігіміз, қазақ жұртының арғы түбі ғұндардан басталады. Ғұндардан кейін көк түріктерге жалғасады. Одан кейін Алтын орда орнығады. Сөйтіп, хандық дәуірге ұласып, кейін біртіндеп Тәуелсіздікке келіп тіреледі. Осындай үлкен тарихымыз бар. Жастарымыз мұны білуі керек» деді Елбасы.
Ұлытау сұхбатынан кейін көп кешікпей-ақ, келесі жылында Қазақ мемлекеттігінің 550 жылдығын атап өту туралы шешім жасалуы да осы тағылымды әңгіменің бір түйіні деп бағалаған жөн. Ал енді биылғы жылдың үлкен бір сілкінісі Ұлт Көшбасшысы Болашаққа бағдар етіп халқы­мыз­дың Рухани жаңғыру міндетін алға қойды. Халықтың санасына жалпыұлттық қасиет­ті орындар ұғымын сіңіру мақсатында «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жоба­сын әзірлеу қажеттігі алға тартылып, қасиетті жерлер желісі қатарында Ұлытаудың да өзіндік орны бар екендігі айрықша атап айтылды. Қазір бұл жоба бойынша біршама жұмыстар атқарылу үстінде. «Рухани жаң­­ғыру» бағдарламасы аясында визит-орталығы мен этноауыл салу жоспарға енді.
Киелі жерлер картасына енгі­зілетін тарихи ескерткіштер қатары да анықталды.
Тарих тұңғиығынан тартылған терең тамырлар біздің ойымызды тағы да үш жүздің басын қосқан ұлы орданың тәлім-тағылымына бастағандай. Ордабасы – халқымыздың ежелгі астанасы болса, Ұлытау саяси астанасы болған. Ұлытау төріндегі сұхбатында: «Керемет үлкен еменнің тамыры терең болмаса, ол дауылға шыдап тұра алмайды. Сондықтан тарихымызды әлемге таныту үшін қазір көп нәрсе жасап жатырмыз. Сондай тарихтың куәгері Ұлытау» дей келіп Ұлт Көшбасшысы: «Заман өтеді, уақыт алға жылжиды. Ұрпақтар бірінің жолын бірі жалғайды. Бірақ, ата-бабамыздың жері осылай керемет болып қала береді. Осындай әулиелі жерден қуат алған халқымыз ата-бабалар жолымен жүреді деп санаймын. Ол жол – сара жол. Мәңгілік Елдің жолы!» деп түйген еді ойын. Иә, солай! Мәңгілік Елді бетке алған Нұрлы жолда ұлт ұясы Ұлытау ұлағаты халқымызды әлі талай ұлы істерге ұйыстыра беретіндігі ақиқат.

Амандық РАХҰЛЫ,
Қазақстан Республикасы ақпарат саласының үздігі




Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button