ӘлеуметБасты ақпарат

Ұрпақ азса – ел тозады



 Қай заманда болсын «бұл» туралы ашық айтпайтын еді. Әжелеріміздің тәлімін алған шешелеріміз қыздарын қырық үйден тыйып өсірді. Жеңгелеріміз де тек ұзатылар алдында ғана «бұл» туралы қайын сіңлісіне жұқалап жеткізіп, сыбырлап айтушы еді.Сол замандардың адам­дарының ойының тазалығынан болар, бөтен ой басқа келіп, басқаша ойлау жоқ болатын. Сананың тазалығы тәннің пәктігінің қорғаны болатын. Тіпті біріне-бірі көңілі ауып, ынтызар болған қыз бен жігіттің арасында ұят деген басып өтпес тосқауыл болатын.
«Елу жылда – ел жаңа» деген сөз рас па, білмеймін, бүгінде қазіргі жастар ғана емес, жасөспірімдер арасындағы жексұрын үрдістен түңіліп отырған жайымыз бар. Әдеп, ұят, иба, намыс, сыйластық деген ұғымдардың тамтұғы қалмағандай. Адамзаттың балиғат жасына жетіп, жасы үлкеннің батасын алып, отау құрып оңашада тататын дүниесіне құрт түсті. Осы құндылықтар жалаңашталып, «төсектің» шымылдығы түрілгенде кәрі-жастан қасиет кетті. Жартылай жалаңаш денесін жалпақ жұртқа жария еткендердің кинолары, клиптері, түрлі түсті журналдардағы суреттер интернет, теледидарды жаулап алғалы қашан?! Олардың оспадарсыз «ойы­­нына» елігіп, бұғанасы қатпаған, он екіде гүлі ашыл­маған жасөспірімдер адасуда. Оған қарап ойнақтағандардың табаны күйіп, өмірін қор етуде.
Елордалық жастар үшін түрлі орталықтар ашылғаны белгілі. Онда студент жастар үшін көптеген игі істер атқарылып жатқаны туралы естіп-білеміз. Бірақ бүгінгі белең алып келе жатқан үрдістер бұл жұмысты жоққа шығарып, тиімсіздігін көрсетіп отыр. Мүмкін, жастар орталықтарының жұмысын қайта қарап, жасөспірімдер мәселесіне де көңіл аудару керек болар. «Баланы – жастан» деген.
Әйтсе де, біздің әңгіме 7-8-сыныптың жетілмей жатып желіккендері жа­йында болып отыр. Олардың құқығы мен заң­дық кеңістігі – мектептің айналасында. Алайда оқу­­шылардың интимді жа­ғы мектептің ешқандай бағдарламасында қарас­тырылмаған. Анда-санда «саламатты өмір салты­нан» келіп не қалалық балалар гинекологтарының оқитын дәрістері аздық етіп отырғанына осы әңгімеміз дәлел.
Болашағын ойлаған елдер не тірлік жасап отыр деген сұрақпен интернетті біз де «араладық». Көңілге қонғаны, Беларусьтегі емханаларда ашыл­ған жасөспірімдер орталығы болды. Мұнда жасөспірімдер аты-жөнін айтпай дәрігерге көрініп, керек кеңесін не емін алып кетуіне болады екен (ата-­аналарынсыз).
Сонымен бірге, осы саланың білікті мамандарынан онлайн-кеңестер алуға да жол ашылған. Жасөспірімдерге қамқор орталыққа ата-аналар да хабарласып, ержетіп келе жатқан бала­сымен қалай тіл табысып, бұл тақырыпты қалай қоз­­ғау тұрғысында кеңес алуына болады.
Мүмкін, әзірге бұл тәжі­рибені бізге де қолданып көру керек шығар. Өйткені мектеп психологынан да, ет жақын туғанынан да жасыратын жасөспірімдердің құпиялары көп.

Мөлдір СЫЗДЫҚОВА, «Қасиет» психология орталығының маманы:

– Түрлі сауалнамалар толтырып, оқушылардың арасында орын алып жатқан жайлардан ха­бар алу үшін мектептерде жиі боламыз. Сонда жоғары сыныптың оқушы қыздары жанымызға келіп телефон нөмірімізді сұрап, сөйлесуге бейім тұрады. Көп ұзамай сол қыздар ұнататындары барын айтып хабарласады. Екеуі арасында болып жатқан жайттарды да жеткізеді.
Бүгінде балалардың дене бітімі тез жетіліп, толыспаған санасына жан-жақтан ақпараттар құйылып, ерте етек көтеруі үрдіске айналды. Мектептің өз психологы жоқ емес, оларға бұлар сырын ашпайды. Өйткені одан ұстазы біліп, мектеп директоры естіп дегендей, талқыға түсуден қорқады. Аналарыңмен ақылдасыңдар, одан жақын, одан артық жанашырларың жоқ десем: «Анамыз білсе ұрсады, мені түсінбейді» деп жыламсырайды. Бұдан шығатын қорытынды, ата-анасы баласын асырап-бағамын деп жүргенде, үйінде отыр деген қызы жылы сөз айтқан сыныптасының соңында жүріп, айтқанын істеп отыр. Өкініштісі, әрекеттерінің зардабын жасөспірімнің өзі түгіл, ата-анасы да елестете алмайды.
Бұл бала үшін физиологиялық жағынан да, психологиялық жағынан да соққы алғанмен бірдей. Олар қаншалықты ересектерге ұқсап баққысы келгенімен, әлі жас. Гармондары ойнап, сыртқы факторлардың әсерімен қиялға беріліп, құпия әлемнің есігін ашқысы келіп ұрынғанымен, жыныс мүшелері әлі жетілмеген. Әлі жетілмегендіктен, ересектерге белгілі жайтты бастан кешіруі мүмкін емес. Осыдан кейін өзіне-өзі сенімсіздік, бүкіл өміріне жететін жиреніш пен қорқыныш бала психологиясында мәңгіге қалады. Біздің пікірімізше, ерте гүлдегендер тез солады және бұл – әдеттегі қалыптан ауытқушылық.

 Гүлнар ӨТЕПОВА, «University Medical Center» корпоративтік қорының Ана мен бала ұлттық ғылыми орталығы экстракорпоральді ұрықтандыру бөлімінің меңгерушісі, медицина ғылымдарының докторы:

– Әйелдер бедеулігі мен ерлердің белсіздігіне алып келетін нәрсенің бірі – ерте жастан басталған жыныстық қатынас. Оның салдарынан болған түрлі инфекциялық ауруларға алып келіп, оны дер кезінде емдемей, созылмалы түріне алмасады. Ал бұл болашақта балалы болудың мүмкіндігін азайтады. Бойына біткен алғашқы жүктілікті қолдан үзу тікелей бедеу­лікке алып барады. Қазіргі күнде ЭКО-ға келіп емделіп жатқандардың жасы – 25-тен енді асқандар. Сұрастыра келе, ойнақтап жүріп от басқанын білеміз. ЭКО арзан процедура емес. Бірден бала бітуі неғайбыл. Онымен бірге, көп уақыт пен мол қаржыны талап етеді. Бұл мәселеде жастар арасында жыныстық қатынас жайында ағартушылық-насихат жұмыстарын жүргізу өте қажет.

Гүлназ ДОСМЫРЗАЕВА,
№3 перинаталды орталығы
бас дәрігерінің орынбасары:

– Кәме­лет­ке жет­кен жастар түгіл, 14-15 жас­­та­­ғы, 9-сы­нып­­тың жас­өспірім қыздары жүкті болып, алды босанып жатыр. Біздің орталықта қала бойынша порталмен келетін әйелдерге жасанды түсік жасалады. Алғашқы жүктілікті үзетін жасөспірімдер өте көп. Кейбірін ата-анасы біледі, кейбірін білмейді. Кейде сол ата-анасы жасөспірім қызын қолынан жетектеп әкеліп, 15 жаста болса да баланы алдырамыз деп қолхатқа қол қояды. Алдымыз­ға кім келсе де алдын ала сөйлесеміз, түсіктің салдарының ауыр екенін айту – міндетіміз. Түсік жасау – соқыр операция болған соң, жатырдағы ұрық түгел тазаланбай, қалдық қалуы әбден мүмкін. Әлі жетілмеген жас қыздың жатыры тесіліп те кетеді. Қан кетіп тоқтамай жатса, онда жатырды түгел алып тастаймыз. Тіпті ондайда өзінен де сұрамаймыз. Себебі наркозда жатады ғой. Осының бәрін алдымызға келгендерден жасырмаймыз, қолхатта да көрсетілген. Отаның ауыр екенін біле тұра, шіміркпей, өзінің ұрпағына деген үкімін шығарады. Бұл өзінің тамырына балта шапқандай. Өйткені 18 жасқа келіп барып ересек өмірді бастағандармен салыс­тырғанда 15 жастан жыныс­тық қатынасқа түскендер жатыр ісігімен екі есеге жиі ауырады.

 


Тағыда

Айгүл Уайсова

Ақпарат саласының үздігі

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button