Мәдениет

Үш бәйтерекке ескерткіш қойылады



Бейбітшілік және келісім сарайында «Менің тілім – Ұлы дала рухы» атты ХХІ қалалық тіл фестивалін қорытындылаған салтанатты кеш өтті.

Айтулы шараның шымылдығын қала әкімінің орынбасары Бақтияр Мәкен ашып, жыл сайын тіл фестивалі аясында бас шаһарда 300-ге тарта түрлі іс-шара өтетінін, оның бәрі мемлекеттік тілді ардақтауға арналғанын жеткізді.
– Елімізде Абай атамыздың 175 жылдығына арналған іс-шаралар басталды. Жақында елордада алғаш рет хакім атамыз атындағы мектеп ашылды. Әл-Фараби бабамыздың 1150 жылдығына орай оның есімін Оқушылар сарайына беру жоспарланып отыр. Ал дәстүрге айналған тіл фестивалі аясында бірқатар игілікті шаралар ұйымдастырылды. Қазір қала әкімінің тапсырмасымен мемлекеттік мекемелердің маңдайшаларындағы жазуды латын қарпіне ауыстыру жұмысы жүріп жатыр, – деді ол.
Сондай-ақ әкім орынбасары қазақтың үш бәйтерегі – Сәкен Сейфуллин, Ілияс Жансүгіров және Бейімбет Майлиннің 125 жылдығына орай астанадағы Жазушылар аллеясынан оларға ескерткіш орнату жобаланып отырғанын айтты.
Биыл «Тіл туралы» заңның қабылданғанына 30 жыл толды. Соған орай осы кеште мемлекеттік тілдің мәртебесін өсіріп жүрген тіл жанашырлары Көпболсын Бекмағанбетов, Бекжан Әбдуәлиұлы, Қайнар Олжай, Кенжегүл Тергембаева алғыс хатпен марапатталды.
Сонымен қатар ана тіліміздің абыройын асырып, елдік мұраттарды насихаттауға қосқан үлесі үшін Алдан Смайыл, Ерден Қажыбек, Оспан Сүлейменұлы, Әнуарбек Қайкенұлы, Нәсіпжан Абдрахманқызы, Нұрлан Әуезханұлы, Арнұр Қайнарбекұлы, Алмас Сырғабай, Владислав Тен және Алексей Ширяев секілді азаматтар Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің «Тіл тұғыры» марапатына ие болды.
Мерекелік кеш думанды ән-күйге ұласып, жұртшылыққа Қаллеки театрының әртістері мен №2 «Өнер» мектебінің шәкірттері әзірлеген театрландырылған қойылым көрсетілді. Айтыскер ақын Мейірбек Сұлтанханның арнауы мен күйші Айбек Бекбосынның «Алаш» күйі тыңдаушылардың көңілінен шықты. Эстрада әншілері Шахаризат Сейдахмет, Мөлдір Әуелбекова, Әсем Омар тамылжытып ән салды. Ибрагим Ескендір патриоттық ән шырқап, халықты бір серпілтіп тастады. «Тұран» этно-фольклорлық ансамблінің «Қазақ елі» композициясы мен «Наз» театры бишілерінің өнері де ешкімді бейжай қалдырмады. Кештің шымылдығын жапқан Қайрат Нұртас та танымал әндерімен көпшіліктің қошеметіне бөленді.




Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button