Басты ақпарат

Ынтымақтастықтың көкжиегі



Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ҚХР-ға мемлекеттік сапары барысында ҚХР төрағасы Си Цзиньпинмен кездесіп, келіссөздер жүргізді.


Келіссөздер залындағы жүздесуде Қасым-Жомарт Тоқаев Қытай басшысымен Бішкектегі ШЫҰ-ның саммитінен кейін араға бірер ай салып қайта кездескеніне өте қуанышты екенін айтты. ҚХР төрағасына қонақжайлылық көрсеткені үшін ризашылық білдіріп, Қытай көшбасшысының досы, Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың сәлемін, ыстық ықыласын жеткізді.
– Бұл жүздесуіміз ҚХР-дың 70 жылдық мерейтойы қарсаңында өтіп отыр. Осы сәтті пайдаланып, Сізді және барша қытай халқын айтулы датамен құттықтағым келеді. Қытай бұл мерейтойға әлеуметтік-экономикалық және саяси даму тұрғысынан зор жетістіктермен жетті. Бұл оқиға тек ҚХР үшін ғана емес, күллі әлем үшін тарихи мәнге ие деп ойлаймын. Сіздің мемлекеттің дамуы – дүние жүзінің жіті назарында, – деп мәлімдеді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Қазақстан Президенті жетпіс жылдық даму жолы Қытай үшін өте ауыр болғанын тілге тиек етті. Алайда 1970 жылдардың соңында Дэн Сяопиннің басшылығымен жүргізілген реформалардың арқасында қытай халқы өзінің дамуында орасан зор жетістіктерге қол жеткізгеніне тоқталды.
Си Цзиньпин өз сөзінде Қазақстанның Орталық Азиядағы ірі ел саналатынын және Еуразияның орталығында зор ықпалы бар екенін атап айтты. «Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың басшылығымен елдеріңіз айтарлықтай табыстарға қол жеткізді, ұлттық ерекшелікке негізделген даму үлгісін құрды. Сіз Президент болғаннан кейін өзіңіздің сабақтастық, әділеттілік және ілгерілеу жөніндегі үш ұстанымыңызды жарияладыңыз. Экономиканы дамыту, жаңа жұмыс орындарын ашу, сыбайлас жемқорлықпен күресу, халықты әлеуметтік қорғау деңгейін көтеру сияқты мәселелерді алдыңызға мақсат етіп қойдыңыз. Бұл Қазақстан халқының үмітін ақтайды. Сіздің барлық бастамаларыңыз осыған бағытталған. Бізбен дос Қазақстан халқына бақ-береке және мол табыс тілеймін» деді Қытай елінің басшысы.
Келіссөздер қорытындысы бойынша екі ел арасындағы 10 құжатқа қол қойылды. Олардың қатарында: мемлекет басшыларының бірлескен мәлімдемесі; Қазақстан Үкіметі мен ҚХР Үкіметі арасындағы авиациялық іздеу және азаматтық әуе кемелерін құтқару саласындағы ынтымақтастық туралы келісім; Қазақстан Үкіметі мен ҚХР Үкіметі арасындағы «Нұрлы жол» жаңа экономикалық саясаты мен «Жібек жолының экономикалық белдеуі» құрылысын ұштастыру жөніндегі ынтымақтастық туралы келісім: екі мемлекеттің Үкіметтері арасындағы ҚХР Үкіметінің Қазақстан тарапына суперкомпьютер беру жобасы жөніндегі ынтымақтастық туралы келісім; ҚР Сауда және интеграция министрлігі мен ҚХР-дың Коммерция министрлігі арасындағы өзара түсіністік туралы меморандум; ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі мен ҚХР-дың Бас кеден басқармасы арасындағы Қытайға Қазақстаннан экспортталатын сүт өнімдеріне және жүн шикізатына қойылатын инспекциялық, карантиндік, ветеринарлық-санитарлық талаптар жөніндегі хаттамалар; ҚР Қаржы министрлігі мен ҚХР-дың Бас кеден басқармасы арасындағы зияткерлік меншік құқығын шекара маңында қорғау саласындағы ынтымақтастықты нығайту жөніндегі меморандум; ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі мен ҚХР-дың Бас кеден басқармасы арасындағы Қытайға Қазақстаннан экспортталатын зығырға қойылатын инспекциялық, карантиндік және ветеринарлық-санитарлық талаптар жөніндегі хаттама; Қазақстан мен ҚХР арасындағы кеден шекарасы арқылы тауарлар мен көлік құралдарын алып өту туралы алдын ала ақпарат алмасу жөніндегі техникалық сипаттама.
Кеше Орталық коммуникациялар қызметінде Мемлекет басшысының Қытайға сапарына қатысты брифинг өтті. Президенттің көмекшісі Мұрат Нұртілеуов Мемлекет басшысының Қытайға мемлекеттік сапары барысында осы ел түрмесінде жатқан отандасымыз Ақжарқын Тұрлыбайдың мәселесін көтергенін айтты. Президенттің өтініші бойынша Сыртқы істер министрлігі арқылы осы жұмысты жалғастыру уағдаластығына қол жеткізілген.




Тағыда

Төлен Тілеубай

«Астана ақшамы» газетінің шеф-редакторы

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button