Рухани жаңғыру

Рухани келісім – даму кепілі

Кеше елордада Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігі жанындағы Діни бірлестіктермен байланыс жөніндегі кеңестің отырысы өтті. Оған елорданың аудан әкімдері, аумақтық және жергілікті мемлекеттік мекеме басшылары, діни бірлестіктердің өкілдері, қоғам қайраткерлері қатысты.

Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің орынбасары, Діни бірлестіктермен байланыс жөніндегі кеңес төрағасының орынбасары Бақтияр Мәкен ҚР Конс­титуция заңдарын, ҚР Президенті мен Үкіметінің және қала әкімдігінің ережелерін басшылыққа алатын кеңестің міндеттері туралы айта келіп, азаматтардың діни наным еркіндігі мен діни бірлестіктермен өзара қарым-қатынас құқықтарын қамтамасыз ету, қоғамдағы рухани келісімді нығайту, конфессияаралық қатынастарды үйлестіру саласындағы мемлекет саясатына тоқталып өтті. Сонымен бірге Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауындағы «Қоғамдық келісімді нығайту, әлеуметтік және этникалық топтар арасындағы келісім – бүкіл қоғамның бірлескен еңбегінің нәтижесі. Осыған орай, саяси үрдістерді саралап, бірлігімізді нығайта түсу үшін нақты шаралар қабылдау қажет» деген сөзіне маңыз беріп, осы ретте атқарылуы тиіс шараларды атап өтті.
Қалалық мәслихаттың депутаты Мирас Шекенов мемлекеттік органдар мен діни бірлестіктердің зайырлы қоғамдағы өзара әрекеттесуінің маңыз­дылығы туралы айтты. ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Дін істері комитеті дін қызметі саласындағы құқық қолдану тәжірибесі басқармасы басшысының міндетін атқарушы Бейімбет Манетов «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» Қазақстан Республикасының заң нормаларына қатысты мәлімет берді. ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының бірінші вице-ректоры Еркін Дүсіпов Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауына байланысты баяндама жасады.

Жадыра ШАМҰРАТ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button