Имантаразы

Жалғас САНДЫБАЕВ, исламтанушы: Қадір түні жасалған құлшылық қабыл болады



Биыл қасиетті қадір түні жұмадан сенбіге қараған түні (1-2 шілде) болып белгіленді. Мың айдан қайырлы қадірлі түннің хикметі жайлы белгілі исламтанушы ғалым Жалғас Сәдуақасұлымен сұхбаттасқан едік.

жалгас

– Қадір түні – жай түн емес. Оның ерекшелігі туралы асыл дінімізде не айтылады?
– Қадір түнінің ерекшелігі сол, оның қасиетін сипаттайтын аяттар бар. «Ләйлатуль қадр» – «Қадір түні» деп аталатын сүре. Ол сүреде: «Негі­зінен Құранды Қадір түнінде түсірдік. (Мұхаммед с.ғ.) Қадір түнінің не екенін білесің бе? Қадір түні мың айдан қайырлы Періштелер және Жәбірейіл ол кеште Раббыларының рұқсаты бойынша барлық іс үшін түседі. Ол бейбітшілік кеші, таң рауандағанға дейін жалғасады» делінеді. Міне, бұл Қадір түніне арнайы түсірілген, «Қадір» сүресінің қазақша мағынасы. Алла осы сүреде Құранның түскен дәл уақытын, бұл түн өте маңызды да қасиетті, ерекше екендігін айқын көрсеткен. Хира тауында «Ғалақ» сүресінің алғашқы аяттары түсірілген. Осы түннен бастау алған Құран сүрелері Жәбірейіл (ғ.с) арқылы 23 жылда толық түсіп тәмамдалды.
Негізінде, бұл сүренің түсуіне себеп болған оқиға туралы түрлі риуаяттар бар. Солардың бірі мынадай болып келеді: Бір күні Алланың елшісі (с.ғ.с.) қасындағы сахабаларына Исрайыл ұлдарынан бірі Алла жолында мың жылдай құлшылық еткендігі турасында айтып береді. Сахабалар бұған таң қалып, өздеріне мұндай мүмкіндіктің берілмегенін айтады. Сол кезде Алла Тағала Қадір сүресін түсірген екен.
– Оқырманға түсінікті болу үшін «Ләйлатуль қадр» сөзінің қазақша мағынасы жөнінде айтып беріңізші…
– «Ләйлатуль қадр» сөзін қазақ тіліне аударса, «Тағдыр түні» деген мағынаны береді, атынан көріп тұрғанымыздай, осы түні пенденің тағдыры періштелерге белгілі болады. Сондықтан да болар, ардақты пайғамбарымыз (с.ғ.с) осы түннің «қадірлі де құнды түн» екендігін сипаттап өз үмбеттеріне нақ осы түнді қалт жібермей жан-тәнімен Аллаға құлшылық қылып, Алладан істеген барлық күнәларының кешірілуін сұрап, түнді ұйқысыз өткізіп, жалықпай дұға етуімізді өз хадистерінде айтып кеткен. Ардақты пайғамбарымыз (с.ғ.с): «Кім Рамазан айының оразасын шын иман және ықыласпен ұстаса, әрі Қадір түнін шын иман және сауап үмітімен өткізсе, оның бұрын істелген күнәлары кешіріледі» деген.

Ramadan-Karem-1
– Қадір кешінің «ерекше түн» деп аталуының қандай артықшылығы бар?
– Құран Кәрім осы түнде түсе бастады. Бұл түннің өзі де – ерекше берекелі түн. Алдағы бір жылда болатын барлық істер Алла тағаланың тағдырымен періштелерге осы түнде білдіріледі. Бұл түнде Жәбірейіл және басқа да көптеген періштелер жер бетіне түседі. Бұл түнде таң ағарғанға дейін тыныштық, жаманшылықтар аулақ болады. Жерге түскен періштелер иман келтіргендерге сәлем береді. Бұл түнде жасалған құл­шылық мың айдан да қайырлы.
– Қадір түнінің Рамазан айының ішінде екендігі белгілі болғанымен, нақты қай түн екені белгісіз деп жатамыз…
– Айша анамыз «Алланың елшісі (с.ғ.с) айлардың ішінде Рамазан айының соңғы он күндігінде құлшылыққа ерекше ыждахаттылық білдіретін» деп айтқан. Дегенмен, басқа да риуаяттарды негізге ала отырып, мұсылман ғалымдарының басым бөлігі Рамазан айының 27-ші түні Қадір кеші деп топшылаған. Алланың елшісі (с.ғ.с) бір хадисінде: «Қадір түнін Рамазан айының соңғы он күнінен іздеңіздер» десе, келесі сөзінде: «Қадір түнін Рамазан айының 27-ші түнінде күтіңдер» деп айтқан. «Қадір» сүресінде Жаратушы Алла өзі айтып өткендей, бұл түні кеш бата Жәбірейіл (с.ғ.с) және басқа да көптеген періштелер Жер дүниесіне түсіп, пенделердің қылған дұғаларына «Әумин» деп тұрады. Жаратушысынан қандай дұға тілеп, нендей құлшылық қылып жатқанын Алла тағаланың құзырына алып барады.
Қазіргі таңда басқа айларда ауыз бекітпесе де, осы Рамазан айында ораза ұстаушылар саны артып келеді, бұған да Аллаға шүкір дейміз.
– Кейбір жастар бұл түнді асыға күтеді. «Қыдыр ата аралайды» деп, таңға дейін дастархан жаятындар бар. Бұл қаншалықты дұрыс?
– Дұрыс айтасыз, «Қызыр баба, Қыдыр ата аралайды, немесе ата-баба әруақтары келеді, арнайы дайындалған дастарханнан дәм татады» деп беріле үміт қылады. Естеріңізде болсын, бұл тәрізді ой-пікір мен ұғым халықтың қиялынан пайда болған. Қадір түніне еш қатысы жоқ.
– Олай болса, бұл түнді қарсы алуда Ислам діні нені талап етеді? Қадір түнін қалай өткізу керек?
– Әбу Һурайра (р.а.) жеткізген бір риуаятта Алланың елшісі (с.ғ.с): «Кім Қадір түнін оның артықшылығына сеніп, сауабын Алладан күтіп құл­шылықпен өткізетін болса, өткен күнәлары кешіріледі». Пайғам­ба­рымыздың (с.ғ.с) хадистерінен оқып білгеніміздей, бұл түні – Аллаға тасбих (еске алу және мақтаулар) айту, нәпіл намаздар оқу, Құран оқып насихат айту сияқты ғибадат түрлерімен айналысқан дұрыс. Осы түні ораза айы хақында түскен Құран аяттарын, пайғамбар хадистерін жаттап, балаларыңызға, немерелеріңізге насихаттап, көпшілік орында уағыздар айтылғаны да ғи­бадат. Сондай-ақ, Қадір түні өзіңізге, перзенттеріңізге, туыстарыңызға Алладан медет, сүйеніш жақсылық және де толып жатқан арман-тілектеріңізді сұрап дұға етіңіз. Сонымен қатар құптан және таң намаздарын жамағатпен оқуға үлкен мән беру қажет, себебі, Алланың елшісі (с.ғ.с) Құптан намазын жамағатпен оқыған адам түннің жартысын, ал таң намазын да жамағатпен оқыған адам екінші жартысын құлшылықпен өткізгендей болатынын сүйіншілеген.
Қысқаша айтарым, жыл он екі айда жасалған құлшылықтарымыз және айлардың сұлтаны Рамазанда ұстаған оразамыз бен оқыған намаздарымыз, дұға-тілектеріміз қабыл болсын. Еліміз тыныш, жұртымыз аман болсын!

Гүлмира ШАРХАНҚЫЗЫ




Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button