Тағзым

Жалқы жүрек жылуы



«Жүкең, Жүнісбек Сұлтанмұратов дүниеден қайтты» деген суық хабарды елден тысқары жерде жүріп есіттім.
Өзегімнен бір озбыр күш бауырымды суырып алғандай болды. Қайран қимас аға-дос… Күні кеше ғана, жолға шығардың алдында өзі қоңырау шалған. Әдетінше тіршіліктің ұсақ-түйегінен аулақ, елдік ауқымдағы мәселе төңірегінде қысқаша әңгіме қайырған. Зейнетке шыққалы бері біршама уақыт озса да, бойға сіңген жинақы қалпын жоғалтпаған. Біраздан бері сыр алдырған денсаулығы жайында да ләм-мим тіс жарған жоқ. «Жақсы, жақсы, бәрі жақсы… Алматыдамын, немерелерімнің ортасында отырмын». Сонымен бітті. Қажыңқы, қарлығыңқы дауысы ғана көңіліме бір жайсыздық жүгірткен.
Кейін білдік: шыжыған шілденің тамылжыған тамызға ұласар ақырғы түнінде абзал азамат, жайсаң жанның жүрегі соғысын кілт тоқтатыпты. Дерт меңдеген ағзаның тіршілігін сақтауға барын салғанымен, дәрігерлердің дәрмені жетпеген…
Көп жұрттың кезекті еңбек демалысын алып, бірі қалада, бірі қырда бейқам жүрген кезі. «Осы, менің дүниеде бар-жоғымды ешкім аңғармай-ақ қойсын» дегендей ме… Өзі өмір бойына үздіксіз қарым-қатынаста болған ақпарат құралдарының көбі қаперсіз қалған. Соған қарамастан, тірісінде сыйласқан тума-туыстың, жора-жолдастың басы әп-сәтте құралып, оны мәңгілік мекен – Кеңсайдың төріне зор құрметпен арулап шығарып салыпты…
Жүнісбек – ата-анасының, кәдімгі батырлар жырындағы Тоқтарбай мен Аналық секілді, «әулиеге ат айтып, қорасанға қой айтып» жүріп пешенесіне бұйырған жалғыз баласы. Бәлкім, оқиғасы одан да шым-шытырық. Отасқан отыз жылдың ішінде әкесі Қабыкей мен анасы Ақыжан дүние есігін ашқан тоғыз перзентінің бәрінен шақалақ күйінде айырылып қала беріпті. Оныншы сәби ұл болып туғанда, Қостанай облысының Нау­рызым ауданына қарасты Шолақсай ауылының ақ сәлделі молдасы «Бұрынғы қайтқан балаларыңның бірінің атын қойыңдар, сонда тіл-сұқтан аман қалады» дейді. Дереу азан шақырылып, дуалы ауыз айтқан ырымға сәйкес, нәрестеге «Төлеген» деп ат қойылады. Ол – ол ма, соның ізінше Қабыкейдің әскери борышын өтеп оралған туған інісі Жүсіпбек буы бойына, қуанышы қойнына сыймай, ауыл кеңсесіне алшаң басып барып, әй-шәйға қаратпастан, туу туралы куәлікке баланың атын «Жүнісбек» деп жаздырады. Мұнысы – өзіне ұқсатып қойғандағысы. Оның үстіне немере бауырының туған күні сол дәуірдегі Кеңес әскерінің мейрамы – 23 ақпанға сәйкес келіп тұрған-ды. Бірақ құжаттағы есімінен бейхабар шолақсайлықтар баланы «Төлеген», ал ет жақындары «Төкентай» деп атап кетеді. Кім білсін, «Төлеген-Жүнісбек» қос есімі сол сәтте кесапат күштерді жаңылыстырып, сәбиді ауыртпалықтан сақтап та қалған шығар…
Төлеген-Жүнісбек сегізге келгенде, әкесі бақилық болады. Анасы баласының, баласы анасының қабағына қарап, тағдыр тауқыметіне төзімділік танытады. Жалғыз ұл ерте ширап, табиғи зеректігінің арқасында мектепті үздік бітіреді. Арманшыл бозбала өзін қасынан бір елі жібергісі келмейтін анасына амалсыздан өтірік айтып, «мына тұрған Қостанайға барып оқуға түсемін» дейді де, Алматыдан бір-ақ шығады. Алайда жолы болмайды.Қабылдау комиссиясы құжаттарын кері қайтарады. Себебі абитуриенттің аты-жөні қайшылықты: аттес­татында – Төлеген, төлқұжатында – Жүнісбек. Сонымен ештеңені дәлелдей алмай, салы суға кетіп, туған ауылына оралады. Бірақ қаршадайынан қабілеттілігі сонда, мектепке математика пәнінің мұғалімі болып орналасып, бастауыш сыныптарға сабақ береді.
Араға үш жыл салып, құжаттарын жөндеген соң, С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университе­тінің журналистика факультетіне оқуға түседі. Қоғамдық жұмыста қатарластарынан оқ бойы озық көрініп, сабақ үлгерімі жөнінен де алдына жан салмайды. Қазақшасы мен орысшасы бірдей. Қолына қалам ұстаса, жазуы да төгіліп тұр. Анау-мынау студентке жылы шырай таныта бермейтін талапшыл декан, профессор Темірбек Қожакеевтің сүйікті шәкірттерінің біріне айналады. Ол заманда бүкіл факультет бойынша жалғыз адамның ғана қолы жететін Лениндік стипендияны меншіктеп, айына алатын жүз сом шәкіртақысының қомақты бөлігін ауылдағы зейнеткер анасына салып отырады. Арнайы квотаға сәйкес, Мәскеу мемлекеттік университетінде оқуын жалғастыру мүмкіндігі беріледі. Бірақ ел жаққа қарайлап жүрген ол мұндай игіліктен бас тартады. Сөйтіп, журналистика факультетін қызыл дипломмен тәмамдайды.
Айтпақшы, Жүнісбек Сұлтанмұратов бесінші курстың студенті бола жүріп, «Социалистік Қазақстан» (қазіргі «Егемен Қазақстан») газетінде тілшілік қызметін бастап кетеді. Бас басылымда Ақселеу Сейдімбек, Қойшығара Салғараұлы секілді ағаларымен бірге еңбек етіп, олармен қоян-қолтық сұхбаттастық барысында ұлт тарихының, ел руханиятының түп бастауларына қанығады. Болашақта оның билік пен зиялы қауым арасындағы айрықша дәнекер тұлға болып қалыптасуына ешқашан жібі үзілмеген сол сыйластықтың, сырластықтың белгілі бір дәрежеде ықпал еткеніне күмәніміз жоқ. Қабыкейдің Жүнісбегімен жүздесулер барысында оның аға буынмен рухани байланыстары жөнінде сабақтайтын әңгімелері осындай ой түюге жетелейтін.
«Уикипедияда» баяндалған қысқа мәліметтерге жүгінсек, Жүнісбек Сұлтанмұратовтың рес­публикалық жастар ұйымынан бастап Президент аппаратында, Үкіметте, әкімдіктерде түрлі деңгейдегі лауазымды қызметті атқарғанын көре аламыз. Ал сол құрғақ өмірбаяндық деректердің ар жағында еліне адал да абыройлы қызмет еткен атпал азаматтың, Абай айтпақшы, өзі сенген ақылы мен еңбегі жатқандығы аян. Отбасылық архивте сақтаулы «Құрмет» ордені, «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» атағының кітапшасы, толып жатқан медальдар, мақтау қағаздары мен алғыс хаттар – сол қайраткерліктің айғақтары.
Біз білетін Жүнісбек Сұлтанмұратов тәуліктің 24 сағатын мемлекет мұқтажына жұмсауға әзір болатын. Осы дағдысына әбден еті үйренген өмірлік жары – Ботагөз жеңгеміздің әдемі әзілдесе отырып, еріне «Жұмысбек» деп ат қойғаны бекер емес.
Елорда әкімдігінде істеп жүрген кезінде Жүнісбек Сұлтанмұратовтың мойнына алған кез келген уәделі мәселені тап-тұйнақтай етіп бітіретіндігіне, журналистердің тұрмыс-тіршілігіне шын жанашырлықпен қарайтындығына тәнті болдық. Бұған қалалық газет редакциясының материалдық-техникалық базасының дамуына, басылым қызметкерлерінің баспаналы болуына, әртүрлі мемлекеттік марапаттарды иемденуіне қатысты жайттарды басшылық назарына жеткізе отырып, олардың оңтайлы шешілуіне әрдайым ықылас танытқанын айта аламыз. Мұны көп адам біле де бермейді, өйткені ол өз жақсылықтарын жария еткенді қаламайтын.
Жалпы, ол кісі ұшы-қиыры жоқ қарбалас шаруаның басы-қасында жүрсе де, мейлінше сырбаз, сабырлы қалпынан айнымауға тырысатын. Үлкеннің де, кішінің де көңілін аулап, әрдайым ілтипатты, ізгі сөз тауып айтатын. Айналасындағы қызметтес інілері мен қарындастары жас айырмасына қарамай, өзімсіне еркелей қалжыңдасып жатқанда да, жәй жылы жымиып қана, маңғаз қалпын бұзбастан отыра беретін. Жүз жасаған, сүйегі асыл анасы Ақыжанның уызына жарып, мейіріне қанған мәйекті жанның кең қолтық болмысы өн бойынан аңғарылып тұратын. Бала күнінде жоқшылықтың зардабын көп шеккен ол «Аяз би әліңді біл, құмырсқа жолыңды біл» деген қағиданы берік ұстанатын.
Әрине, билік жүйесіне жегілген адамның жұрттың бәріне бірдей жағуы – неғайбыл нәрсе. Әсіресе елтұтқа кісілер мен шығармашыл «арқалы» топтың арасын жалғайтын Жүнісбек Сұлтанмұратов секілді «алтын көпір» қызметкер үшін бұл мәселе оңайға соқпағаны анық. Өйткені қазақ зиялысының бірталайы айтатын мұқтаждық көбіне пәтер, атақ, қаржы, қызмет мәселесіне тіреліп жатады… Мұндайда өзі шексіз сыйлайтын Фариза Оңғарсынова апайының «Жақсы болып көріну – мақсат емес» деген өлең жолын қайталап қойғанды ұнататын.
Мынадай әңгіме де құлаққа шалынған. Әлдеқандай басқосуда бір жазушы: «Мен бастығыма қайта-қайта барамын, бірақ Жүнісбек кіргізбейді» деп ренжіпті. Сонда атақты қаламгер Сәкен Жүнісов қу құлқынның қамын қозғаған әріптесіне қолма-қол: «Ау, жігіттер, осы сендер – қызықсыңдар. Білмейсіңдер ме, Жүнісбектің жұмысы –кім болса соны бастықтың алдына кіргізу емес, кіргізбеу ғой» деп тойтарыс беріп, «кінәлі» кейіпкерімізді арашалап алыпты.
Шынында да, әсіресе «футбол» десе, ішкен асын жерге қоятын, бір кездегі танымал спорт журналисі, уақытында Мәскеу Олимпиадасынан хабар таратқан Қабыкейдің Жүнісбегін кей-кейде артындағы торға доп салдырмауға тырысатын қырағы қақпашыға ұқсататынбыз.
Ол«Барселонаның» жанкүйері еді. Біз – қарсы жақтамыз, яғни «Реал» командасын қолдаймыз. Екі мықтының тайталасы – өзінше мейрам. Ойын өткен күннің ертеңіне оның нәтижесін бір-ақ тіркеспен түйіндейтін:«Болды, мен жеңдім» немесе «Болды, сен жеңдің». Бәрі түсінікті. Талқылайтын түк жоқ.
Әлбетте, кеңсе қағаздарын жазудан қолы тимейтін Жүнісбек Сұлтанмұратовтың жеке шығармашылығын жетілдіруге мүмкіндігі болмады. Журналистік шағын аңсағаны шығар, қаламсаптың түр-түрін жинауды әдетке айналдырған-ды. Мұнан басқа жақсы көрген бір заты – галстук. Бәлкім, жұмыс тәртібі соны тағуды талап еткеннен бауыр басып кеткен болар. Сырқаттана бастаған шағында, әжептәуір бай коллекцияға айналып үлгерген мойынтағының бірде-бірін қалдырмай, жұртқа таратып беріпті. Жалпы, бұрын да елге сыйлық үлестіруден жалықпайтын. Бөлмесіне бас сұға қалсақ, әйтеуір құр қол шықпайтынымыз есте.
…Әттең, бейнетінің зейнетін ұзағырақ көруді жазбапты. Қазақтың небір жақсысын қойнына сыйғызған қасиетті қоныс – Кеңсайға тағы ат басын тіредік. Тағы бір ішіне терең сыр бүккен, топырағы кеуіп үлгермеген төмпешікке тағзым етіп, дұға бағыштадық. Неге екенін қайдам, Жүкеңнің, Жүнісбек Сұлтанмұратовтың жайсаң рухы табанымызды тіреген қатқыл тау-тасқа жан бітіріп, оны жұмсартып, жібітіп жатқандай көрінді…

Амантай ШӘРІП,
филология
ғылымдарының докторы,
ҚР ҰҒА корреспондент
мүшесі




Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button