Құқық

Жаңа бастама жалғасын табуда



Астана қаласының тұрғыны Ұлғаным Есімова өткен жылы өз құқығын қорғау үшін Конституциялық сотқа жүгініп, қылмыстық істегі даудың аражігін ажыратып алуына мүмкіндік туғанын айтады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен 2023 жылдың 1 қаңтарында құрылған бұл құрылым еліміздегі ең басты жаңашылдық болғанын көпшілік мойындап отыр.

Ата Заңға қайшы келетін нормаларға шағымдану, сол арқылы өздерінің құқықтары мен бостандықтарын қорғау республиканың әр азаматына ашылған мол мүмкіндік болды. Сондай-ақ мұндай құқық Бас прокурор мен адам құқықтары жөніндегі уәкілге де берілді. Бұл қадамды ел тұрғындары құқықтық мемлекет құру жолындағы маңызды ілгерілеу деп бағалады. Мұнда өтініштерді қарау тәртібі жалпы соттардағы іс жүргізу үдерісінен түбегейлі ерекше. Сондықтан сала қызметкерлері өткен жылы  қызмет сапасын жандандыруға бағытталған стратегиялық және операциялық менеджменттің жаңа моделін енгізді. Ал жыл басында соттардың қызметін қамтамасыз ету департаментінің орнына сот әкімшілігі құрылып, ол айрықша мәртебеге ие болды.

Бала – қоғамның болашағы. Осыған орай кейінгі кезде сот саласы  «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне процестік заңнаманы жетілдіру және сот жүйесін реформалау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңымен толығып отыр. Бұл –  кәмелетке толмағандар істері жөніндегі мамандандырылған соттардың құзыретін кеңейту деген сөз. Енді соттардың қарауына азаматтық істердің бірқатар санаты беріліп, кәмелетке толмаған ортақ балалары бар ерлі-зайыптылар арасындағы некені бұзу, мүлікті бөлу, алимент төлеу, оның мөлшерін өзгерту, алименттер бойынша берешекті төлеуден босату, кәмелетке толмағандардың мұрагерлік құқықтарын қорғау, сондай-ақ Қазақстанға заңсыз алып келген немесе ұсталып отырған баланы кері қайтару  сияқты, тағы да басқа кәмелеттік жасқа жетпегендердің заңды құқықтары мен мүдделері қозғалатын істер мен даулардың барлығын қарау құқығын алды. Ата Заңмен айқындалғандай, судьялар сот төрелігін атқару кезінде тәуелсіз, тек Конституция мен заңға ғана бағынады және олар нақты істер бойынша есеп бермейді. Демек, ешқандай да мемлекетік органдар, қоғамдық ұйымдар мен лауазымды адамдар қайсыбір түрде болса да судьяларға ықпал жасай алмайды. Сондықтан, күштік құрылымдар тарапынан судьяларға қандай да бір қысым жасау тетіктерін болдырмау үшін оларға қатысты жасырын арнайы жедел іс-шаралар Бас Прокурордың санкциясы болған кезде ғана жүргізілетіні заңнамалық тұрғыда бекітілді. Бұрын мұндай әрекеттерге облыс прокурорларының санкциясы жеткілікті болатын.

Саладағы барлық реформа азаматтардың бұзылған құқықтарын тез арада қалпына келтіріп, сот арқылы қорғалу мүмкіндіктерін одан әрі арттыруға, сол арқылы сотқа деген сенімді нық қалыптастыруға бағытталған. Сондықтан, жаңа бастамалар мен игі істер үздіксіз жүргізіліп, жылдан-жылға жалғасары анық. Бұл ретте Жоғарғы Сот пен сот әкімшілігі тарапынан іске асырылып жатқан реформалар өз нәтижесін беруде.

Руслан БОЛҒАНБЕК,

заңгер




Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button