ЖАҢА МОДЕЛЬ ЖАҢА МІНДЕТТЕР ЖҮКТЕЙДІ
Бұрнағы күні Қазақстанның Орталық коммуникациялар қызметінің жыл қорытындыларына арналған брифингтер топтамасы басталып, оған қатысқан Президент әкімшілігі басшысының орынбасары Ғабидулла Әбдірахымов пен Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Әлихан Бәйменов мемлекеттік қызметтің жаңа моделі бойынша кадрларды іріктеу және жоғарылату қағидаттарымен таныстырды.
Мемлекеттік қызметкерлер биыл «А» және Б» корпусына бөлінгені белгілі. «А» корпусына еншілі 540 жоғары лауазымды қызметке тұру үшін 2024 өтініш келіп түскен екен. Біліктілік талаптары бойынша 1851 үміткер тестілеуге қатысып, қорытындысында 1122 адам әңгімелесуге жіберілген. Соның нәтижесінде «А» корпусы 30 пайызға жаңартылып, олармен 4 жылға еңбек келісімшарты жасалды. Осындай статистикамен таныстырған Ғабидулла Әбдірахымов Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «А» корпусына өткендерге жүктеген міндеттер легіне тоқталды.
Орталық және жергілікті атқарушы органдар арасында уәкілеттіктердің бөлініп, нәтижесінде жергілікті атқарушы органдар қосымша уәкілеттікке, инфрақұрылымдар мен қаржыға және кадрларға ие болды. Әлеуметтік, әкімшілік және коммуналдық құрылымдар бойынша ауыл әкімдеріне 67 функция белгіленіп берілген. Сонымен бірге, Президент әкімшілігі жетекшісінің орынбасары тамыз айында өткен ауыл әкімдерінің сайлауы Қазақстан үшін үлкен сынақ пен тәжірибе болғанын, жалпы, биыл Елбасының Жарлығымен түрлі деңгейдегі әкімдердің халық алдында есеп беру тәртібінің өзгергенін айтты.
Қазақстандағы мемлекеттік қызметтің жаңа моделін алыс-жақын шетелдер жоғары бағалағанын айтқан Әлихан Бәйменов оның артықшылықтары жөнінде әңгімеледі.
Аманғали ҚАЛЖАНОВ