Басты ақпаратПрезидент пәрмені

Астана – тәуелсіздіктің тәжі

Астанаға қойылар талап ерекше болды. Елбасы тапсырмасы бойынша мемлекеттің жаңа астанасының ең оңтайлы орналасар жерін анықтау мақсатымен республиканың күллі аумағы егжей-тегжейлі тексеруден өткізілді. Ендеше, бұл шешім аяқ астынан асығыс түрде жасалған деудің жөні жоқ.

Еліміздің астанасының Алатау бөктерінен Сарыарқаның төріне көшірілгеніне, міне, биыл 20 жылдың жүзі болып қалыпты. Бәрі кеше ғана болғандай көз алдымда. Басында халық бұл мәселеге көп мән бермесе де, Елбасы оны жанжақты пысықтауға күні бұрын кірісіп кеткендігін 1992 жылдың аяғында сол кездегі Президент және Министрлер кабинеті аппаратының ішкі саясат бөліміне қызметке орналасқан кезімде түсіндім.

Сөйтсек, Н.Ә.Назарбаев жалпыхалықтық сайлауда Қазақ елінің Тұңғыш Президенті болып сайланғаннан кейін бір жылдан соң, 1992 жылы, Ақмола қаласына барған кезінде Есіл өзенінің жағасында өзенге қарап ойланып тұрып, алғаш рет астананы көшіру туралы ойға келген екен. Артынша Президент өз пікірін терең зерделеп, нақтылай түсу үшін кейбір органдар мен өз Әкімшілігінің құрылымдарына тиісті тапсырма берген болуы керек.

Олай дейтін себебім, дәл осы кезеңде аталған бөлімнің құрамында жаңадан ғана жұмысқа кірісе бастаған ақпараттық-сараптамалық сектор қызметкерлері басшылықтың тапсырмасы бойынша жеке бөлмеге жабылып алып, Қазақстанның картасын іліп қойып тұрып бірнеше күн бойы астананы Ақмолаға көшірудің плюстері мен минустарын экологиялық, этнодемографиялық, сыртқы саяси, экономикалық және сол сияқты басқа да факторлары мен тәуекелдері тұрғысында талқылағанымыз есімде. Осы жұмыстың нәтижесі бойынша 1992 жылдың соңында Елбасының атына жазбахатта дайындалған болатын.

Н.Ә.Назарбаев өзінің осы ойын бірінші рет Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Ұлттық кеңестің 1993 жылғы 15 маусымындағы отырысында жария еткендігі туралы мағлұматты Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті – Елбасының жеке архивінің қорында сақталатын құжаттардан табуға болады. Осы отырысты қорытындылай келе, Президент Жоғарғы Кеңестің сессиясында сөз сөйлеп, депутаттар мен халыққа аталмыш мәселеге қатысты барлық саяси ахуал мен екі жылда не істелгендігі туралы ашығынан айтуға шешім қабылдайды.

Айтқанындай, Мемлекет басшысы 1994 жылғы 6 шілдедегі Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесі он үшінші шақырылымының І сессиясында «Алдыларыңызға республиканың өмірі, әсіресе, алдағы болашағы үшін аса маңызды мәселені – еліміздің астанасын көшіру туралы мәселені қойғалы тұрмын. Сондай-ақ мен сіздердің алдарыңызда сөйлеген күні – 9 маусымда да сол жайында сөз болғанын естеріңізге сала кетейін. Әрі депутаттар корпусының мақұлдап қабылдағанына қарай сіздер мен біз осы мәселе бойынша дауыс бере жаздағанымызда бар» деп бастаған екен өз сөзін.

Қазақстанның тәуелсіздігін нығайту міндеттері мемлекет өмірін қамтамасыз етудің орталық жүйелеріне түсетін салмақты анағұрлым арттырып, оны одан әрмен күрделендіріп жіберді. Осы мәселелерді ел көлемінде жедел және тиімді түрде шешуде мемлекеттің бас қаласының алатын орны ерекше сипатқа ие болуы заңды еді. Сондықтан да Елбасы Парламентке келмес бұрын Қазақстан астанасын көшірудің себептеріне байыппен қарап, тәуелсіз мемлекеттің астанасы лайық болуға тиісті өлшемдердің жаңа қырларын айқындады. Олардың қатарына Н.Ә.Назарбаев астана елдің геосаяси жағдайы мен дүниедегі ахуалға сәйкес жоғары параметрлерге сай болып, ұдайы дамып, мемлекеттің басты рәміздерінің бірі ретінде оның әл-ауқатының өсуі мен тұрақтылығын қамтамасыз етуін, мүмкіндігінше мемлекеттің ортасында, оның шекараларынан қашықтау ор наласуы және ол елдің барлық негізгі өңірлерінен бірдей қашықтықта болуын жатқызды. Көріп отырғанымыздай, Астанаға қойылар талап ерекше болды. Елбасы тапсырмасы бойынша мемлекеттің жаңа астанасының ең оңтайлы орналасар жерін анықтау мақсатымен республиканың күллі аумағы егжей-тегжейлі тексеруден өткізілді. Ендеше бұл шешім аяқ астынан асығыс түрде жасалған деудің жөні жоқ. Сонымен бірге Елбасы Кеңес Одағы кезінде салынған аймақтық қаладан астана жасаудың оңай еместігін де жақсы түсінді. Ескірген, тұруға ыңғайсыздау үйлер, дамымаған инфрақұрылым мен технологиялық жағынан заман талабынан қалып қойған өнеркәсіптен бір сәтте құтылудың қиын екендігін білді.

Астананы ауыстыру қажеттігін географиялық, көліктік, басқарушылық, коммуникациялық, геосаяси факторлар талап етті. Ең бастысы, олар тек қана жағымсыз факторлардың жиынтығы емес еді.

Осы жағдайдың барлығын ескерер болсақ, Елбасының «Әлеуметтік-экономикалық, климат, жер бедері, сейсможағдайлар, қоршаған орта, инженерлік және көліктік инфрақұрылым, құрылыс кешені, еңбек ресурстары және басқа да көрсеткіштер ескеріліп, 32 параметр бойынша жүргізілген сараптама барлық нұсқалардың ішінде ең дұрысы Ақмола екенін көрсетті» деп сеніммен айтуға толық мүмкіндігі бар еді. Оның үстіне, жағдайды сол орнында айқындау үшін Ақмолаға арнайы комиссия жіберіліп, ол осы таңдаудың негізділігін растап берді. Қаланың жағдайы, оның аумағы кез келген сәулетшілік амалды іске асыруға: астаналық әкімшілік ғимараттарын бұрынғы қалаға кіріктіруге де немесе астананың әкімшілік бөлігін өз алдына жеке, мүлдем бос аумақтарға салуға да, я болмаса, сол екеуін үйлестіре пайдалануға да мүмкіндік беретіндігіне баса назар аударылды. Президент Ақмоланың артықшылығына, сонымен бірге, оның Қазақстанның географиялық орталығы болуын және Қазақстан экономикасының жетекші әрі қарқынды нүктелері болатындай ірі шаруашылық өңірлерге жақын орналасқандығын; ірі көлік тораптарының қиылысында тұрғандығын, қаланың орталығында кез келген сәулетшілік ойды жүзеге асыруға мүмкіндік беретін 30 гектард ай бос аумақтың дайын тұрғандығын және онда құрылыс бастап кетуге де жағдайдың барын; жылумен, газбен қамтам асыз ету жақсы жолға қойылғандығын; қала тіршілігін қамтамасыз етудің негізгі жүйелерінің жай-күйі көп алаңдатпайтындығын; ауызсу мен техникалық судан тапшылық көрмейтіндігін; Ақмолада көлік инфрақұрылымының жақсы дамығандығын; теміржол стансасының өткізу және тиеу-түсіру мүмкіндіктерінің жүк тасымалын әлденеше есе өсіру мүмкіндігі, резервінің жеткілікті екендігін; әуежайдың қолайлы орналасқандығын және қалада қалыпты экологиялық жағдай барын жатқызды. Осының барлығы сол кездегі Қазақстанның астанасы Алматы қаласымен салыстыра отырып сөз болды. Жекелеген министрліктерді жаңа астанаға шектес қалаларға көшіруге рұқсат беру керектігі де ескерілді.

Сондықтан Н.Ә.Назарбаев Астанаға таңдау түскеннен соң елдің саяси элитасын осыған иландыра бастады. Өйткені көптеген адамдар бұл мәселені талқылаудың кезі келген жоқ деп санады, кейбіреулер тіпті қажеті жоқ десті.

Елбасы депутаттармен болған ашық әңгімеде «Біздің геосаяси аренадағы рөліміз күшеюі тиіс. Республика аумағында халықтың және өндіргіш күшт ердің сыңаржақ орналасуын бірте-бірте еңсеру нақты сипатқа ие болады. Солтүстік өңірлерде инновациялық және ғылыми ауқымды өндірістерді жасау, іске қосу, адамдарды жаңа жұмыс орнымен қамтамасыз ету елдің индустриялық дамуын күшейтіп, еңбек ресурстарын тиімді пайдалануға әкеледі. Экономикалық және әлеуметтік жандану басталады. Бұрын біз өз астанамызды өзіміз анықтай алмадық. Одақтық билік шешті. Саясат көп болды. Бүгінгі біздің мақсатымыз байсалды экономикалық қисыннан, әуелден-ақ тәуелсіз мемлекеттің астанасы ретінде салынған қалаға ие болу талабынан туған» деп, Астананы көшіруге байланысты болатын нақты артықшылықтар мен кемшіліктер туралы баса-баса айтып берді. Ең бастысы, тәуелсіздікке енді ғана ие болған Қазақстанға патриоттық серпіліс керек еді. 1990 жылдардың басында Қазақстанды қуатты да өркендеген мемлекетке айналдыру үшін сенім қажет болды. Президент астананы Ақмолаға көшіру елде патриоттық рухты көтеріп, халықтың болашаққа деген сенімін арттыратын жоба деп есептеді. Елбасы Астананың ата-бабаларымыздың орындалған арманына айналатындығын сол кезден-ақ ұғынған болатын.

Осы талқылаудың нәтижесінде Қазақстан Республикасының Жоғарғы Кеңесінің 1994 жылғы 6 шілдесіндегі арнайы қаулысы қабылданып, мемлекеттің астанасын Ақмола қаласына көшіру туралы Елбасының ұсынысы қолдау тауып, Министрлер Кабинеті мен Жоғарғы Кеңестің тиісті комитетіне нақты тапсырм алар берілді.

Жапсарбай ҚУАНЫШЕВ, Мемлекет тарихы институтының бас ғылыми қызметкері, саяси ғылымдар докторы

(Жалғасы бар)

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button