Денсаулық

ЖАҢА ЖҮЙЕ ӨЗГЕРІСТЕРДІ ТАЛАП ЕТЕДІ



Астанада тұрғындар мен емдеу ұйымдарының арасындағы байланысты жетілдіру мақсатында «Денсаулықты бірге сақтаймыз» атты акция басталды. Тамыздың онынан бастап барлық медициналық мекемелерде кері байланысты жақсарту мақсатында бірқатар шаралар іске асырылады. Оның ішінде әлеуметтік байланыс желілері қолданылады.

Денсаулық сақтау саласындағы әлеуметтік мүдделерді қорғаудың мемлекеттік жүйесі – міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға қатысты нақты шаралар осылайша жалғасын табуда. Сонымен бірге, жаңа жүйенің оң нәтижесі елордадағы медициналық мекемелердің материалдық базасы мен қызмет көрсету сапасына да тығыз байланысты болмақ.

Осы ретте №2 қалалық аурухананың бас дәрігері Иван Ли БАҚ өкілдерімен кездесті. Бас дәрігер аурухана қызметкерлерінің жұмысын жаңаша үйлестіру мәселелері бойынша журналистер сұрағына жауап беріп, емдеу мекемесінің әлеуетімен таныстырды.

№2 қалалық аурухана – кең кө­лемді жоғары мамандандырылған медициналық көмек көрсететін 360 орындық көпбейінді стационар. Яғни, аурухана кешенінде әртүрлі профильді мамандардың шоғырлануы арқасында жедел диагностикалау және аурудың себебін дәл қойып, ем-домының тиімді болуын қамтамасыз етеді.

Иван Ли, №2 қалалық аурухананың бас дәрігері:

– Жаңа жүйе медициналық мекемелердің жұмысын ұйымдастыруда бірқатар өзгерістерді талап етеді. Біздің ұжым да шетелдік озық тәжірибелерге сүйене отырып, науқастарға барлық жағдайды жасап отыр. Соның бірі жедел жәрдем көлігімен жеткізілген пациентердің ағымын реттеп, науқастың жағдайына байланысты «аса шұғыл» және «шұғыл» деп алғашқы медициналық көмек көрсету уақытын ұтымды пайдаланамыз. Бұл аса қатты науқас үшін әрбір сәттің маңыздылығын ескеруден туындайды. Сонымен бірге, жоспарлы түрде емделуге келген науқастар үшін де қабылдау ережесі бар. Олар бұрынғыдай әртүрлі мамандардың қабылдауына уақытын өткізбейді. Біздің барлық күшіміз пациенттің ауруханада болған күндерін қолайлы етіп, оның тез айығып кетуіне назар аударатын боламыз.

Айгүл
Уайсова




Тағыда

admin

«Астана ақшамы» газеті

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button