Қоғам

Жәнібековтің жарқын ізі



Ұлтымызда «өлгенін тірілтіп, өшкенін жандырған» бір тұлға болса, бұл – Өзбекәлі Жәнібеков. 28 тамыз күні көрнекті мемлекет қайраткерінің туғанына 90 жыл толады. Ақиқатын айтқанда, рухани жаңғыруды өз заманында Жәнібеков бастаған еді. Өткен ғасырдың сексенінші жылдарының аяғында Наурыз мерекесінің оралуы, тайқазанның «Эрмитаждан» қасиетті Түркістанға қайтарылуы – атқарып кеткен істерінің бір бөлігі ғана. Тұғырлы тұлғаның өмірден озғанына ширек ғасырға жуықтаса да, жоқтығы қатты білініп отыр. Ол бар саналы ғұмырын ұлтына арнаған нағыз рух сардары, мықты идеолог, жасампаз тұлға болды.

 

ҰЛТҚА ҚЫЗМЕТ ЕТУДІҢ ҮЛГІСІ

Арыс өзенінің Сырға құяр тұсында бой көтерген ескі қоныстардың бірі Сарықамыс ауылында Жәнібек Құдиярұлы мен Қаныша Томашқызының шаңырағында туған шекесі торсықтай ұлға ауылдың ең қадірменді көнекөз қариясы Өзбек ақсақалдың құрметіне Өзбекәлі есімі беріледі. Әке-шешеден жастайынан қалған ол жетімдіктің тақсыретін тартудай-ақ тартты.

Шәуілдірдегі Жамбыл орта мектебін бітіріп, Алматыдағы Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтының тарих факультетіне түсті. Қарапайым мектеп мұғалімінен үлкен қайраткер деңгейіне көтерілді.

Ұлтқа қызмет етудің үлгісі дегенде алдыңғы қатарда Өзбекәлі Жәнібековтің есімі ауызға ілігеді. Өмірден озған алыптар тобын сөйлетсек: «Ұлттық мемлекетіміздің қайтадан қалпына келтіріліп, тәуелсіз даму жолына түсуіне Өзағаңның сіңірген еңбегі ерекше» депті Әбіш Кекілбайұлы. Ал Шерхан Мұртазадан: «Өзбекәлі Жәнібеков бүкіл саналы өмірінде қазақ халқының дүниежүзілік цивилизацияға қосқан үлесін дәлелдеумен өтті» деген сөз қалды.

 

ҚАЗІРГІ БИЛІК ЖАБУДЫ ҒАНА БІЛЕ МЕ?

Күні кеше ғана белгілі әдебиеттанушы ғалым Құлбек Ергөбек тұлғаның 90 жылдығына орай кітап дайындағанын, оны шығару үшін Отырар ауданының әкімдігіне хат жолдағанын, сол жақтан: «Қаржы қаралмаған. Өзбекәлі Жәнібеков жайындағы кітапқа демеушілік жасай алмаймыз» деген жауап келгенін әлеу­меттік желіге ашына жазды. Кітапты ауданға ысырмай, көрнекті қайраткердің мерейтойына орайластырып министрлік шығарса жөн емес пе?! Мәселен, Отырар ауданында осыдан екі жыл бұрын ашылған Өзбекәлі Жәнібек музейі мен «Отырар кітапханасы» көп ұзамай жабылып қалған екен. Бұл ғимараттарға да Мәдениет және спорт министрлігі неге қол ұшын созбасқа?

Өзбекәлі Жәнібеков Торғай облысы құрылғанда обком хатшысы қызметіне жіберіліп, Арқалық қаласында филармонияның, Амангелді Иманов музейі мен тарихи-этнографиялық музейінің, педагогикалық институттың, «Шертер» ұлт аспаптар ансамблінің, т. б. мәдени ошақтар мен өнер ұжымдарының ашылуына бастамашы болды. М.Щепкин атындағы Мәскеу жоғары ­театр училищесін бітірген 17 жас әртісті Торғайға алдырып, қазақ драма театрының құрылуына жағдай жасады. Облыс жабылғанда, бұл өнер ошағы Жезқазған қаласына көшіріліп, бұл күндері С.Қожамқұлов атындағы қазақ музыкалық-драма театры атауымен жұмыс істеп жатыр.

 

ТУРИЗМДІ ТҮЛЕТКЕН ТҰЛҒА

Жәнібектің жасампаз ұлы 1975-1977 жылдары Орталық комитеттің сыртқы байланыс бөлімінің меңгерушісі болды. Осы қызметі туралы қазір көп айтылмайды. Бірақ қарап отырсақ, елімізде сол кезеңде туризмнің нағыз дәуірлеген шағы болған екен. Мұны Өзбекәлінің «Тағдыр тағылымы» атты кітабынан білеміз.

«Бұл мезет Қазақстанның 72 елмен экономикалық, ғылыми-техникалық және мәдени байланыстар орнатып, халықаралық аренаға шыға бастаған кезі болатын. Жылына 15-20 мыңға жуық адам Қазақстанға келіп, сонша адам шет елдерде болып қайтатын» деп жазады онда автор.

Бұдан бұрын туристік топтар тек Алматыға ғана келіп кететін болса, Жәнібеков басшылық еткен бөлім бұған қоса Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан, Қарағанды, Целиноград, Қостанай облыстарында туристерді, шетелдік делегацияларды көптеп қабылдауға рұқсат алды. Шетелдіктер түсетін мейманхана, ресторандар, басқа да қызмет көрсету орындармен айналыса бастады. Алматыда «Отырар» мейманханасының құрылысы басталды. «Медеу» мұз айдыны ауданында «Қазақ ауылы» туристік кешені ашылды. Алмалыбақта бие сауылып, қымыз ашытатын дәстүр көрсетілді, келушілерге оның саумал, түнемел, үшкүндік түрлерінен дәм татырылды. Бұл туристік кешеннің атауы да соған сай «Қымызхана» аталды. Жамбылда «Тараз» мейманханасы іске қосылды. Шымкентте «Ордабасы», Целиноградта «Есіл» мейманханалары қайта жабдықталды. Қарағандыдағы, Қостанайдағы мейманханалар қайта жаңғыртудан өткізілді. Алматы-Ташкент, Шымкент-Түркістан автокөлік жолдарын жаңғырту және көгалдандыру басталды.

 

ЖАСТАРДЫ ҚОЛДАУДЫ ЖОЛҒА ҚОЙДЫ

Айтпай кетпеуге болмайтын жайт, Өзбекәлі Жәнібеков бастапқыда қарапайым мұғалім болып, аз уақыт ішінде оқу ісінің меңгерушісі қызметіне көтерілді. Сол кезде жиырма жастың о жақ, бұ жағында ғана еді. Одан соң аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшылығынан облыстың және республиканың жастар жетекшісі атанды.

Талантты жастарды қолдау дәл сол уақытта қолға алынды. Қазақстан Ленин комсомолы сыйлығы (қазіргі «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығына пара-пар) тағайындалды. Бұл сыйлықтың тұңғыш лауреаты – бар болғаны 23 жасында өмірден өткен жазушы Саттар Ерубаев.

Белгілі публицист Қали Сәрсенбай Өзбекәлі Жәнібековтің қолөнер шебері, ұста Дәркембай Шоқпарұлы мен «Ла Скалада» ән салған тұңғыш қазақ Амангелді Сембинге көп қолдау көрсеткенін, Сембин өмірден өткен соң, лайықты бағаланбағанына күйінгенін жазады.

 

АЛАШ АРЫСТАРЫН АҚТАҒАН

Өзбекәлі Жәнібеков Алматы облыстық атқару комитеті төрағасының орынбасары, Мәдениет министрінің орынбасары, Мәдениет министрі, Орталық комитеттің идеология жөніндегі хатшысы қызметінде болғанда да қыруар іс атқарды. Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің қалпына келтірілуіне ұйытқы болды. «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық мұражайын құрып, оның қорына алғашқы жәдігерлерді тапсырды. «Сазген», «Адырна», «Алтынай» ансамбльдерін ашты. Ы.Дүкенұлы атындағы музыкалық халық аспаптары мұражайының, Үмбетәлі Кәрібаевтың әдеби-мемориалдық музейінің ашылып, қалыптасуына өлшеусіз үлес қосты. Сексенінші жылдары айтыс өнерін жаңа деңгейге көтерген Әселхан Қалыбекова, Қонысбай Әбілов, Әсия Беркенова сынды ақындарға «халық ақыны» атағын алып берді.
Өзбекәлі Жәнібеков – Алаш арыстарының ақталуына да үлес қосқан бірден-бір тұлға. Шәкәрім Құдайбердіұлы, Ахмет Байтұрсынов, Мағжан Жұмабаев, Жүсіпбек Аймауытов, Міржақып Дулатұлының қалай ақталғаны академик Серік Қирабаевтың естелігінде анық жазылған. «Мен бір нәрсеге қуанамын – дәл осы бір тұста Орталық комитеттің идеологиялық жұмысы басында Өзбекәлі емес, басқа біреу отырса, осы мәселелерді біз ойдағыдай шеше алмаған болар едік. Құдай абырой бергенде, «бітер істің басына жақсы келер қасына» дегендей, Өзбекәлінің осы қызметке келуі қазақтың бағын көтерді, арыстарын ақтады, жоғын толтырды» деп жазады академик.

ҰЛТТЫҚ ИДЕОЛОГИЯ ҰЛТШЫЛДЫҚ ИДЕОЛОГИЯ ЕМЕС

Өзбекәлі Жәнібековтің қарапайымдылығы, өз ісіне берілгендігі сондай, ол мәдени ошақтардың немесе белгілі бір нысандардың құрылысы немесе жөндеуіне, безендірілуіне білегін сыбана кірісіп кетуден арланбайтын. Қол астындағы қызметкерлерді де соған жұмылдыратын. «Тағдыр тағылымы» кітабында енді ашылайын деп жатқан Торғай облыстық тарихи-этнография­лық музейінің еденін қалай сырлағандарын жазады. Арқалықта Жаңа жылға орай бой көтерген мұз қалашығының қоршауын да өз қолымен орнатқан.

«Біздің халықтың тарихтан арттырғанынан гөрі жоғалтқаны көбірек болғандықтан, өзіміз сияқтыларға бірде режиссер, бірде сәулеткер болуға, қисынына қарай, суретші-модельердің де, тоқымашыға кеңесшінің де, әуезші-аспапшы немесе би қоюшының да міндетін атқаруға тура келетіні рас» деп жазады ол жоғарыдағы еңбегінде.

Бұл кітабына қоса, ізденістерінің нәтижесінде «Қазақтың қолтума мәдениеті», «Жаңғырық… Алтын домбыра жайлы аңыздың ізімен», «Уақыт керуені», «Жолайырықта» кітаптары, «Қазақ киімі» кітап-альбомы жарық көрді.

Қазір елімізде идеологияның ақсап жатқаны көп айтылады. Тіпті «бізде идеология жоқ» дейтіндер де бар. Идеологияның мән-маңызы, оның қандай болуы керектігі Өзбекәлі Жәнібековтің «Жолайырықта» кітабында жақсы айтылады.

«Идеология атаулының бәрін жаһаннамға жіберетін болсақ, ертең бізді алмастыратын ұрпақты қалай тәрбиелеп, Қазақстанның тағдырын кімнің қолына тапсырамыз?! Бізге жаңа идеология керек-ақ. Ол ұлттық идеология болуға тиіс. Оны мемлекеттік идеология деп бұқпантайлатудың қажеті жоқ. Ұлттық идеология деп отырғанымыз ұлтшылдық идеологиясы емес. Оның тек қазақ халқының ғана емес, республикада тұратын барлық ұлыстарының мүдделерін бірдей қорғайтын идеология болатынына күмәндануға болмайды… Тек ұлттық мемлекет арқылы ғана қазақ халқын экономикалық, әлеуметтік, парасаттық, құқықтық, мәдени, моральдық, имандылық, мінез-құлықтық жағынан кемеліне жеткізуге болады… Қазақтану қазір қажет-ақ» деген автор өзінің қисынды уәждерін келтіреді.

 

ҚАЗАҚТЫҢ КӨСЕГЕСІН КІМ КӨГЕРТЕДІ?

Осындай озық ойларды айтып кеткен тұлға еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін ешкімге керек болмай қалды. «Мен үшін өкініштісі – Қазақстан компартиясы таратылған кезде науқастанып ауруханада жатқандықтан, Орталық комитеттің пленумында да, партияның съезінде де бола алмағаным. Алдын ала дайындаған сөзім де сөйленбей қалды. Партия таратылғаннан кейін де мені іздеген жан болған жоқ. Тұрлаусыз аға­йынға қызмет сұрап мен де бармадым. Пендеге тән әлсіздікке бой ұсына бермейтінім бар еді. Бұл жолы да солай болды» деп жазады Өзбекәлі Жәнібеков «Тағдыр тағылымы» кітабында.

Осы еңбегінде: «Көкейде жүрген бір жайт – қазақтың көсегесінің көгеруі өзімен байланысты екені… Несін жасырайық, қазақтың үнсіздігі мен қарапайымдылығы көп жағдайда өзін басынушылыққа алып келсе, тоқмейілділігі мен көнбістігі «сыбағасынан» құр қалдырып отырды. Жиырмасыншы ғасыр аяқталып келе жатқанымен, мен өзім Жоғарғы Кеңеске депутат болып сайланған Батыс Қазақстан облысының Орда, Жәнібек, Казталов аудандарына қарасты елді мекендердің біразында осы уақытқа дейін электр жанбайтынын, жұрттың ауыз суға зәру екенін, монша дегеннің атымен жоқтығын, көлік-жол қатынасының нәрегейлігін көріп, күйіп-пісіп, шапқылап жүргенде, қай үйіне бара қалсам да естігенім: «Шүкір, жаман емеспіз» болды» дейді.

Жоғарғы Кеңес тарқағанға дейін үш жарым жыл ішінде Орда-Жәнібек-Сайқын су құбыры тартылды. Осы үш ауданды Оралмен байланыстыратын автокөлік жолының құрылысы басталды. Тұрғын үй, мектеп, клуб, монша, т. б. әлеуметтік және мәдени-тұрмыстық нысандар көптеп тұрғызыла бастады. Елді мекендерді электрлендіру, газбен қамтамасыз ету ісі қолға алынды. Бұл да Өзбекәлі Жәнібековтің еңбегі, жұртқа жанашырлығының арқасында жүзеге асты.

 

КӨШЕ БАР, ЕСКЕРТКІШ КЕРЕК

Алты жыл бұрын ғана елорданың Алматы ауданындағы жобалық атауы №142 көшеге Өзбекәлі Жәнібек аты берілді. Бұл көше Айнакөл көшесінен басталып, Мұстафа Шоқай көшесінде аяқталады. Ұзындығы 1 шақырымнан сәл ғана асады. Бір қызығы, 2ГИС қосымшасында көрсетілсе де, Google картада бұрынғы №142 атауымен тұр немесе карта Жәнібек Тархан көшесімен шатастырады. Мұны жөндеу керек. Өзбекәлі Жәнібековке бас қаладан еңселі ескерткіш орнатылса да артық етпейді. Тұғырлы тұлға бұған әбден лайық.

Қазір Ұлттық музейде ол кісінің «цензор» қайшысы мен бәкісі сақтаулы. Бұл жәдігерлерді 2015 жылы «Ұлттық музейге сый тарту» шарасының шеңберінде немересі Азель Бауыржанқызы тапсырған.

Бірнеше жыл бұрын сауалнама жүргізгенімізде, журналист Бауыржан Сабырбеков пен драматург Сая Қасымбек осы Ұлттық музейді Өзбекәлі Жәнібековтің атына беруді ұсынды. Несі бар, орынды ұсыныс. Тұлғаның музейлерге, жалпы ұлт руханиятына тікелей қатысы барын жоғарыда жаздық. Осындай тұлғаларды ұлықтау арқылы ұлттық рухты асқақтататынымыз ақиқат.

Аманғали Қалжанов




Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button