Басты ақпаратҚала тіршілігі

Жапандағы жалғыз үй



Автоматика. Бұл – Сарыарқа ауданына қарасты қала сыртындағы ықшам аудан. Ықшам аудан деген аты ғана бол­маса, ондағы 2-3 қабатты ескі жә­не апатты үйлер тиісті бағдарлама не­гізінде сүріліп, қазір мұнда тек бес қабатты жалғыз үй қалған.

5dc8fa1b67c95e747ec9d593737bf00f

Жолын білмесең, Автоматика, №6 мекенжайын тауып бару қиынның қиыны екен. Көшедегі жөн сұрағанның көбісі оқшау жатқан ықшам ауданнан бейхабар болып шықты. Онымен қоса, бұл мекенжай электронды карта 2GIS-ке де енгізілмепті. Хош, әупірімдеп Автоматика ықшам ауданына да келіп жеттік әйтеуір. Мұнда айналаға қарасаң, көз алдыңа еріксіз соғыстан кейінгі елді мекен елестейді екен. Қираған үйлер. Шашылған қоқыс. Қаңғыған иттер. Бірақ адам қарасы аса көрінбейді. Тек ортадағы 40 отбасы тұратын бес қабатты тұрғын үй ғана тіршіліктің ауанын сездіріп тұр. Оның өзінде де үйдің жағдайы жақсыға ұқсамайды. Қабырғасы қақырап тұр. Кейбірі пәтерлеріне пеш салып алыпты. Қабырғаны қара күйеге бояған бірен-саран мұржадан түтін будақтап жатыр. Соған қарағанда, бұл үй жылудан ажыратылған. Подъездің ішіне бас сұғып, үй тұрғындарымен тілдесуге тырыстық. Көбісі есік ашпады. Бесінші қабатқа дейін көтерілдік. Подъездің іші адам шошырлықтай екен. Тазалық деген атымен жоқ. Электр сымдары ашық-шашық жатыр. Тек 5-қабат қана мұнтаздай болып шықты. Мұнда Гүлмира Бисембаева сынды кейбір тұрғын өздері үшін үнемі тазарту жүргізеді екен. Оның айтуынша, осы үйде нашақорлар тұратын көрінеді. Тілшілермен сөйлескен Гүлмира мұңын шағып, үйдің жай-күйін әңгімелеп берді. Бір қызығы, бұл үй апатты деп танылмапты.

599ecfe4023a7e5f110769808551fc3a
– 1990 жылдары салын­ғандықтан, ысырылуға жат­пайтын болып шықты. Маңайымыздағы апатты деп танылған ескі үйлердің бәрі күрелді. Ал біздікі жылы жаңа үйлердің қатарына еніп кетіпті. Біз осында амалдың жоқтығынан ғана тұрып жатырмыз. Әйтпесе, мұнда тұру өте қорқынышты әрі қауіпті. Неге десеңіз, бұл үй айдалада орналасқандықтан ба, мекендеушілердің көбі – маскүнемдер мен нашақорлар. Кіреберістің барлығын ластап тастайды. Өзара төбелесіп те жатады. Түнде
шығуға қорқамыз. Неге еке­нін білмеймін, бірақ мұн­да қанша шақыртсақ та, полиция, жедел жәрдем қыз­меткерлері мүлде ат ізін салмайды, – дейді Г.Бисембаева. – Сонымен қатар, суды да тасып ішеміз. 1-2-қабат болмаса, жоғарыға су жетпей қалады. Жалпы,
үйге жылу берілмейді. Ал біздің пәтерімізде пеш болмағандықтан, электр жы­лытқышты пайдаланамыз. Оның өзінде де электр жарығы жиі сөніп қалады. Сондай кезде балаларымызға обал. Бірақ ай сайын электр жарығы мен ауыз суға төлемақыны тұрақты түрде төлейміз. Алайда ешқандай мекеме бізге қызмет көрсетпейді. Былтыр дәліздегі электр сымдарынан от тұтанып, салдарынан үш бала өртеніп, жан тәсілім етті. Өзімізді айдалада қалғандай сезінеміз. Жоғарғы жақтан көмек күтеміз.

3f1c1441fc27cd116cf3fb76fd073e29
Тұрғын үйдің маңында дүкен де жоқ екен. Азық-түлік алу үшін тұрғындар қалаға сабылатынын айтады. Ал бұл жаққа жалғыз қоғамдық көлік, яғни №24 автобус қана қатынайды. Алайда бұл автобус та тек кестемен ғана жүретін көрінеді. Себебі келіп-кететін адам аз. Оның өзінде де мұнда келетін жолаушылардың көпшілігі зейнеткерлер болғандықтан, коғамдық көлік қызметіне тым тиімсіз тәрізді.
Себебі олардың жолақысы – тегін. Жанар-жағармайды ақтамауы да мүмкін. Сондықтан тұрғындар бұл автобустың да жолы қысқарып, бағыты өзгеріп кете ме деп алаңдаулы.
Мұнда жекеменшік пәтерлеріне жөндеу жұмыстарын жүргізіп жатқандар да жоқ емес көрінеді. «Бірақ ескіні жамап-жасқағаннан қаншалықты пайда бар дейсіз? Әзірге ортасынан опырылып құламай тұрғанда үйімізді апатты деп танып, жаңа қонысқа көшірілсек екен» дейді тұрғындар.
Жапандағы жалғыз үйдің мәселесі өткен аптада қала әкімінің бірінші орынбасары Сергей
Хорошунның тұрғындар алдын­дағы есептік кездесуінде де көтерілді. Жағдайдан хабардар болып шыққан әкім орынбасары аудандық әкімдік және тұрғын үй инспекциясы өкілдерімен бірге осы үйді арнайы барып көретінін жеткізді.

Нұрдәулет КӘКІШЕВ




Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button