Басты ақпаратРуханият

Қиырдағы қандастар

Таяуда елордада «Қиырдағы қандастар» атты деректі фильмнің таныстырылымы болды.

Қазақтар

Бұл айтулы жоба Елбасының «Бола­шаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақа­ласы аясында қолға алынған. Бүгінге дейін осы мақсатта біраз іс атқарылды. Жобаны қолға алған топ 30 мың шақырым жол жүріп, Ресейдің Астрахань, Моңғолияның Ұлан-Батыр қаласы, Өзбекстандағы Кенимех ауданы және Тәжікстанның Худжанд шаһары секілді елді мекендерде болып, тарихи орындарды көріп, сол жерде ғұмыр кешіп жатқан қазақтардың өмірі мен тұрмысын түсірген.
Осы жолғы фильмнің көрсетілімі Моңғолия қазақтарына арналды. Дәлірек айтқанда, Ұлан-Батыр қаласы мен оған жақын орналасқан Налай хан ауылындағы ағайындардың тіршілігі баяндалған. Бүгінде Налай хан ауылында 800-ден астам қазақ отбасы тұрады. Олардың бәрі де ұлтымыздың байырғы дәстүрін сол қалпында сақтаған. Тілдің де, ділдің де, діннің де қаймағы бұзылмаған. Бұл жерде көмір шығаратын шахта бар. Ол өткен ғасырдың отызыншы жылдары қазақтардың күшімен ашылған. Содан бері кеніште жемісті еңбек еткен он қазақ азаматы Еңбек Ері атағын алған.
Сондай-ақ, деректі туындыдан Ұлан-Батыр қаласында ғылым мен өнердің биігіне шығып, жалпақ жұртқа ұлтымыздың абыройын асырған тұлғалардың өмір жолдары, әлемнің маңдайалды оқу орындарында білім алып, ғылымның дамуына қомақты үлес қосқан жас ғалымдары туралы және өз бизнесімен шаруасын дөңгелетіп отырған азаматтар жа­йында кеңірек мағлұмат алуға болады. Алдағы таңда қалған сериялар рет-ретімен жұртшылық назарына ұсынылмақ.
Фильмнің таныстырылымына ҚР Парламент депутаттары мен зиялы қауым өкілдері қатысып, көрерменге жол тартқан туынды туралы салиқалы сөз қозғап, ризашылықтарын білдірді.

Азамат ЕСЕНЖОЛ

Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button