ЖаңалықтарМәдениет

ЖАҚСЫ ФИЛЬМ ЖАЛҒАСАДЫ



0038_B046_R004_0908SA_000046

Бұған дейінгі Елбасының өмір жолы жайында режиссер Рүстем Әбдіраш түсірген «Балалық шағымның аспаны», «Отты өзен», «Теміртау» және «Тығырықтан жол тапқан» киноэпопеясы көрерменнің ыстық ықыласына бөленген еді. Фильм сценарийін Нұрсұлтан Назарбаевтың кітабының желісі бойынша драматург-сценаристер Шахимардан Құсайынов, Рүстем Әбдіраш және Геннадий Земел жазған. Онда Ұлт көшбасшысының замандастары, достары мен әріптестерінің естеліктері пайдаланылған. Басты рөлді актер Нұрлан Әлімжанов сомдаған.

Биыл да аталған фильмнің жалғасы «Так сложились звезды» деген атаумен түсірілуде. Онда Елбасының Тәуелсіз мемлекет құру жолындағы оқиғалары кино арқауына айналады. Көркем туындыны Ресейден келген танымал режиссер Сергей Снежкин қолға алған. Бұл өнер шеберінің есімі көпшілікке жақсы таныс. Оның «Ақ гвардияшылар», «Брежнев» секілді сериалдарын киносүйер қауым жоғары бағалаған. Сондықтан, ол қолға алған отандық фильмнің өзгешеліктері көп. Өкінішке қарай, біз белгілі режиссермен тікелей тілдесе алмадық. Бірақ, оның Today.kz сайтына берген сұхбатын оқыдық.
Онда Снежкин біздің елімізге мерейтойлық деңгейдегі фильм емес, – талғамы биік көркем туынды жасап шығару үшін келгенін айтады. Сондай-ақ, ол көрерменге алдымен уақиға кейіпкерінің тарихын көрсету қажет. Ал Елбасыны өмірі – шығармашылық адам үшін көркем фильм жасауға мүмкіндік береді деп бір ой түйіп өтеді. «Қазақ киносының тарихы бай. Түрлі кезеңдерді көріп ысылған. Оның кеңестік дәуірде жұлдызы жанды. Сол шақта түсірілген киноны жұртшылық әлі де қызыға көреді. Мәселен, біздің түсірілім тобымызда талантты жастар көп. Олардың да болашағы да жарқын. Үлкен үміт күтемін» дейді ресейлік режиссер.
Аталған фильмнің жаңалықтары да көп. Осы жолы басты рөлді белгілі актер Берік Айтжанов орындайды. Сымбатты, ойлы актердің «Махамбет», «Ағайындылар», «Мұстафа Шоқай» секілді көркем туындыларда ойнаған шеберлігі халыққа жақсы таныс. Сергей Снежкин оны сынға түскен 20 адамның арасынан әдейілеп таңдап алған. Одан бөлек киноға Ғани Құлжанов, Азамат Сатыбалды, Еркебұлан Дайыров секілді танымал актерлар тартылған. Сонымен бірге Қарлығаш Мұхамеджанова, Бибігүл Сүйіншалина сынды жас актрисалар да Елбасы қыздарының рөлін ойнайды.
Биыл Мемлекет басшысы Алматыдағы Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясына барып, отандық киноөндіріс жұмысымен танысқанда түсірілім тобында жүрген фильм кейіпкерлерімен жүздесіп, әңгімелесті.
Таяуда «Министрге сұрақ қой» атты онлайн-конференцияда ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы: – Ұлт көшбасшысының өмірінен сыр шертетін «Так сложились звезды» деп аталатын көркем фильмнің монтаждау жұмыстары алдағы жылдың ақпан айында аяқталады. Сондықтан наурыз айында көрермен назарына ұсынамыз деген ниетіміз бар. Ал фильмнің атауын түсірілім тобы талқыламақ, – деді.
Демек, алдағы жылдың наурыз айында Елбасы туралы киноэпопеяның бесінші бөлімі көрерменге жол тартпақ.




Тағыда

Ұқсас жаңалықтар

Пікір үстеу

Back to top button